Мұстафа Өзтүрік ізбасарларына құрмет
Кеше Алматыда «Барыс» таэквондо орталығы 2012 жылғы үздік спортшыларын марапаттады. Олардың көбісі – халықаралық додаларда жүлдеге іліккен өрімдей қазақ жастары.
Әуелі аталмыш таэквондо клубына тоқтала кетсек. «Барыс» таэквондо орталығы 2008 жылы құрылған. Орталықтың құрылу мақсаты – таэквондоның біздің елдегі даму барысына үлес қосу және Қазақстан құрамаларына жоғары деңгейлі спортшылар дайындап отыру. Бұл орталықтың президенті – елімізге танымал спорт қайраткері Амалбек Тшанов. Вице-президенті қызметін көпшілікке кеңінен танымал, таэквондодан бір кездегі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Сұлтанмахмұт Шоқпытов атқарады.
Қазіргі таңда орталықтың құрамында жасы бар, ендігі бұғаналары бекіп, халықаралық додаларда жүлдеге ілініп жүргендері бар, яғни деңгейлері әртүрлі 400 спортшы жаттығады. Барлығы дерлік – қазақтың қара домалақ ұл-қыздары. Оларға 12 бапкер шығыс өнерінің осы түрін үйретіп, қыр-сырына қандыруда. Осы бапкерлердің төртеуі жоғары дәрежелі маман да, біреуі – халықаралық деңгейдегі төреші. Бұл клубтың жас таэквондошылары орталықтың іргесі қаланғалы бері 30-дан астам республикалық және халықаралық додаларға қатысып, бапкерлерін көңілге қонымды нәтижелерімен қуантып жүр.
Осы орайда, орталықтың 2012 жылы аса жоғары табысқа қол жеткізгендігін айта кетуге болады. Мәселен, Вьетнамдағы Азия чемпионатында Фариза Алдоңғарова күміспен күптелді. Бұл осы Азия чемпионатында Қазақстан таэквондошылары қол жеткізген жалғыз күміс болатын. Одан соң Қарулы күштер арасындағы әлем чемпионатында Мереке Жүнісованың қола медаль иеленгендігін ерекше атап өтуге болады. Ал «Азия балалары» халықаралық ойындарында Еркебұлан Әбілқас пен Фариза Алдоңғарова күміс медаль олжалаған болатын. Сонымен қатар Германия, Польша, Голландия және Корея мемлекеттерінде өткен «А» санатты халықаралық турнирлерде Саламат Байбатыров, Ержан Әбілқас, Ерасыл Қайырбек, Бекболат Шымырқұл, Сағыныш Шымырбай сынды жас таланттар алтынмен апталған.
«Барыс» таэквондошылары мұнымен шектелмей, 2012 жылдың 9 желтоқсанында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында ерен жетістіктерімен көзге түсті. Атап айтқанда, «Барыс» таэквондо орталығының спортшылары тым жас (16-18 жас аралығындағы өрендер) болса да, ел чемпионатының командалық бейресми есебінде екінші орынға ие болды. Талай өңірдің тәжірибелі таэквондошыларынан асып түсіп, тек ел біріншілігін қабылдаған даянг иелері Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орынға орналасты. Аталған ел чемпионатында «барыстықтар» үш алтын (Ф.Алдоңғарова, А.Теңізбаев, А.Мукманов) және бір күміс еншілеп, бапкерлерін де, басшыларын да желпіндіріп қойды.
«Тәбет тамақ үстінде шабады» дегендей, осыдан кейін «Барыс» таэквондо орталығының президенті Амалбек Тшанов 2013 жылғы ересектер арасындағы ел чемпионатының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынды иеленуді тапсырып отыр. Қазіргі мақсат осы екен. Әрі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатынан, сондай-ақ Германия, Польша, Голландия, Ресей, Корея мемлекеттерінде өтетін «А» санатты халықаралық турнирлерден алтын медаль әкелу мақсат тұтылуда.
Ал кеше осы жас клуб, осы жаңа орталық өзінің өткен жылдағы үздіктерін марапаттады. 16 жастағы Фариза Алдоңғарова «Барыс» таэквондо орталығының ең үздік спортшысы болып танылды. Оған жалтыраған үлкен барыстың мүсіні мен ақшалай сыйлық табыс етілді. Сырт көзге талдырмаш көрінгенімен, Фариза даянгте ғана емес, өмірде де шымыр екен, үлкен мүсінді ешкімнің көмегінсіз, өзі көтеріп кетті.
Алмас Мұқаманов, Азамат Теңізбаев, Ержан Әбілқас, Диана Назарова, Нартай Оразбаев, Мансұр Машканов, Сағыныш Шымырбай, Ерасыл Зиядыбеков, Ерасыл Қайырбек, Еркебұлан Әбілқас, Дәулет Сүлеймен және тағы басқа дарынды балалар әр жас мөлшерлерінде жылдың үздік спортшылары атанды.
Кезінде қазақ топырағына марқұм Мұстафа Өзтүрік әкеліп, «дәнін» еккен спорт түрі осыдан бірер жыл бұрын жаңа бір орталықпен толыққан-ды. Сол клуб жабылып қалмай, қазақтың қарадомалақтарын осы бір шығыс өнеріне абыроймен баулып жүр екен. Ендеше еңбектеріңіз жемісін беріп, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер демекпіз.