Моңғол қыздарын мысымыз басты
Кеше Алматы облысының Талғар ауданындағы AIBA-ның бүкіләлемдік академиясында бокстан әйелдер арасында халықаралық командалық турнир басталды, деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.
Талғардағы AIBA-ның бүкіләлемдік академиясына төрт елдің боксшы қыздары жиналды. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия қыздары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Осылай алдағы жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатына дайындалып, тәжірибе алмасу үшін жиналған. Әрі тек жаттығу жұмыстарын өткізіп қана қоймай, халықаралық турнир өткізіп, боксшы қыздарды шаршы алаңдағы шынайы жекпе-жектерде шыңдау да ойластырылған.
Кеше алғашқы кездесулер өтті. Вадим Присяжнюк жаттықтыратын Қазақстан қыздары Моңғолия құрамасын 11:2 есебімен тізе бүктірді. Ал Ресей қыздары 7:3 есебімен Өзбекстан құрамасынан басым түсті.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында мына аруларымыз жеңіске жетті:
2012 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Назым Қызайбай, Алина Тұрлыбаева (екеуі де – 48 келі), 2010 жылғы Азия чемпионы Жайна Шекербекова (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Оксана Королева (57 келі), Алуа Абдраимова, Феруза Шәріпова (екеуі де – 60 келі), Зарина Цолоева (64 келі), 2010 жылғы Азия чемпионы Дариға Шәкімова (69 келі), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марина Вольнова, Анастасия Рылина (екеуі де – 75 келі).
Өкінішке қарай, Жанна Басқаева (57 келі) және Ұлбосын Әлменова (60 келі) ұтылып қалды.
Бүгін Қазақстан қыздары Өзбекстан, ал ертең Ресей құрамаларымен кездеседі.