Марғұлан ӘСЕМБЕКОВ: Олимпиадаға қатысу үшін спортқа қайта оралдым

Өткен айда Талдықорғанда күрес түрлерінен өткен Қазақстан біріншілігі жанкүйер қауым ұзақ күткен жайт болды. Грек-рим күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы – Марғұлан Әсембеков үш жыдық үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды. Жай ғана оралып қоймай, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы атанды. Ел біріншілігінің тоғыз дүркін чемпионы атану кез-келген спортшының қолынан келе бермейтін дүние. Сондықтан да осы орайды пайдаланып «Алаш айнасының» тілшісі Марғұланды әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатын.

Әлқисса, әуелі Марғұлан туралы бір-екі сөз айта кетейік. Марғұлан 1983 жылдың 13-желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Үлкен спорттағы алғашқы қадамдарын да осы алып шаһарда бастаған. Грек-рик күресінен 98 келіге дейін салмақта өнер көрсетеді.
Ол халықаралық аренадағы ең алғашқы ірі жеңісіне 2003 жылы қол жеткізген. Үндістанның Дели қаласында өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Ал, араға екі жыл салып, 2005 жылы Қытайдың Ухань қаласында өткен Азия біріншілігінде қарсыластарының барлығын жеңіп, «Сары құрлықтың» чемпионы атанады. Одан кейін 2006 жылы Алматыда бұл атағын қорғаса, 2008 Чеджуда, 2009 жылы Паттайяда күміс, 2010 жылы қола медаль жеңіп алды.
Марғұланның әлем біріншілігінде бағы жанбады. 2005 жылғы әлем чемпионатында ол бесінші орын алса, 2006 жылы 15-ші, ал 2009 жылы 16-ші орын алған.
Әсембековтың еншісінде АҚШ жерінде өтетін Дейв Шульц мемориалының жүлдесі де бар. 2007 жылы ол Шульц турнирінің қола жүлдесін жеңіп алған. Бұл атақтардан бөлек, Марғұланның Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы деген атағы тағы да бар.
Өз салмағында Марғұлан еліміздегі ең мықты балуандардың бірі болғанымен Олимпиада ойындарына қатыса алмады. Сөйтіп, ол 2011 жылы үлкен спортпен қош айтысқан. Бірақ, араға үш жыл салып екі дүркін Азия чемпионы үлкен спортқа қайта оралды.
—  Марғұлан, әңгімемізді жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалдан бастасақ. 2011 жылы үлкен спорттан не үшін кеттіңіз?
—  Шынымды айтсам, сол кезде қатты шаршадым. Физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да. Үйде болуға уақыт болмады. Әрдайым жаттығу, шет елдегі жиындар. Оның үстіне үш бірдей Олимпиада ойындарына түрлі себептермен бара алмай қалғаным да әсер етті.
—  Ел арасында сізді Олимпиада ойындарына басшылықпен сөзге келіп қалғаннан соң бара алмай қалды деген әңгіме бар. Сіз бұған не дейсіз?
—  Оның бәрі алып-қашпа әңгімелер. Мен басқа себептерге байланысты Олимпиада ойындары бара алмадым. Күресті тізгіндеп жүрген басшылармен ешқандай да кикілжіңге келгенім жоқ.
—  Сол себептерді айта аласыз ба?
—  Өткен іс өтті ғой. Оған қайта оралудың қажеті қанша?! Әрине, өткен күндерім үшін мен өз-өзіме және Жаратушы иеміздің алдында жауап беремін. Бірақ, ертеңгі күнді де ойлау қажет. Мен спортқа қайта оралдым. Енді алдыма үлкен мақсаттар қойып отырмын. Спорттан тыс жүрген үш жылдың ішінде жай жүрген жоқпын. Жаттығу жасадым. Жүгіріп тұрдым. Футбол ойнадым. Мұның барлығы спортқа қайта оралғанымда көп көмектесті.
—  Сіз үлкен спортқа үлкен абыроймен оралдыңыз. Талдықорған төріне төселген боз кілемде Қазақстан чемпионы атандыңыз. Енді сол ел біріншілігі туралы ойыңызды айтып өтсеңіз ...
—  Талдықорғанда мен тоғызыншы рет Қазақстанның чемпионы атандым. Әрине, ұзақ жылдық үзілістен кейін бірден мұндай ірі турнирде өнер көрсету қиын. Бірақ, ниетім мен жеңіске деген жігерімнің арқасында өз дегеніме жеттім. Әр белдесуімде барлық күшімді сарқ еттім.
—  Ел біріншілігіне қайда және қалай дайындалдыңыз?
—  Мені Қазақстан чемпионатына Азамат Көкебаев дейтін бапкерім дайындады. Жаттығу жұмыстарын Алматы облысының балуандарымен бірге өткіздім. Алғашқы кезде жаттығу жұмыстарым жақсы өтіп жатқан. Күніне екі реттен. Кейін жаттығуларымның бірінде жарақат алып қалып, дайдындыққа шамалы өзгеріс енгіздік.
—  Биыл Қазақстан біріншілігіне сайдың тасындай іріктелген кіл мықты балуандар жиналды. Бірақ, сіз бастапқы белдесулеріңізде қарсыластарыңызды қиналмай жеңдіңіз. Дегенмен, ақтық белдесуде шамалы шаршап қалғаныңыз байқалды ...
—  Қазақстан біріншілігіндегі ешбір белдесу оңай болған жоқ. Расында, алғашқы белдесулерді қиналмай жеңдім. Ол кезде тың едім. Финалдық белдесуде шамалы шаршап қалдым. Оның үстіне финалдағы қарсыласым Ерұлан Ысқақов та мықты балуан. Азия чемпионы деген дардай атағы бар. Халықаралық турнирлерге қатысып жүр. Бірақ, мен ол белдесуде бар білгенімді ортаға салып, жеңіске жеттім.
—  Биыл сіз 32 жасқа толасыз. Спортшылар үшін бұл Олимпиада ойындарын бағындыру үшін тым кеш секілді. Тіпті сіздің жасыңызда кейбір спортшылар спорттан кетіп жатады ...
—  Жас емес екенімді білемін. Бірақ, онда тұрған не бар? Күш-қайратым әлі жетерлік. Денсаулығым да жақсы. Спортқа қайта оралғанымда «Шал болдың ғой», - дегендер де бар. Бірақ, әркімнің пікірі әртүрлі ғой. Менің өз алдыма қойған нақты мақсатым бар. Сол мақсатқа жету үшін спорта әлі 3-4 жыл жүре аламын. 36-37 жасында да Олимпиада чемпионы атанған спортшылар бар.
—  Нақты мақсатым бар деп қалдыңыз. Сол туралы айтып өтсеңіз ...
—  Мен қазір ұлттық құрама қатарына қосылдым. Бұл менің бірінші мақсатым еді. Енді Әлем чемпионатына қатыссам деген ойым бар. Спортқа оралғаныма жарты жылдай болды. Бастапқыда жаттығулардан кейін қатты шаршап, денем ауыратын еді. Қазір оның барлығы артта қалды. Әлем біріншілігіне дейін әлі біраз уақыт бар. Ол уақыттың ішінде мен бабымда боламын деп ойлаймын. Әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетсем Олимпиада жолдамасы да бұйырып қалар. Шынымды айтсам, мен Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортқа қайта оралдым.
—  Сіздің еншіңізде Азия чемпионаты мен Универсиаданың бас жүлдесі бар. Бірақ, әлем біріншілігінің жүлдесі жоқ. Неге?
—  Оның себептері көп. 2005 жылы мен Универсиданы жеңдім. Содан бір ай өтпей әлем чемпионатына бардым. Жартылай финалға дейін жеттім. Финалға шығуға да мүмкіндік бар еді. Венгр балуанымен белдестім. Сол белдесудегі төрешілердің бүйрегі венгр балуанына бұрып кетті. Содан кейін қола үшін америкалық балуанмен боз кілемге шықтым. Негізі мен оны Универсиадада жеңген едім. Бірақ, әлем біріншілігінде жолым болмай, бесінші орын алып қалдым.
Одан кейін де әлем біріншіліктеріне қатыстым. Алайда, оның бірінде жеребе сәтсіз түссе, екіншісінде жолым болмады. Енді оның барлығы өткен шақтың еншісінде. Мен тағы бір әлем біріншілігіне қатысып, бағымды сынап көргім келеді.
—  Әңгімеңізге рақмет! Алдағы уақытта сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Уалихан Қосанбай

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста