19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін ХVІІ жазғы Азия ойындары бағдарламасында күрес түрлерінен жаңа салмақтар бекітілді деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.
Бұл шешімді 17-18 қаңтарда Филиппиннің Манила қаласында өткен бас ассамблеясында Азия күрес федерациясы мен Азия ойындарының ұйымдастыру комитеті қабылдады. Енді сары құрлықтың басты додасы аясында ерлер арасында грек-рим және еркін күрестен Олимпиадалық емес сегіз салмақ, әйелдер арасында тек төрт салмақ бойынша жүлде сарапқа салынатын болады. Бұл жарыстар 26 және 30 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарлануда.
2014 жылғы Азия Ойындарына кірген жаңа салмақтар:
Еркін күрес : 57 кг, 61 кг, 65 кг, 70 кг, 74 кг, 86 кг, 97 кг, 125 кг.
Грек-рим күресі : 59 кг, 66 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 85 кг, 98 кг, 130 кг.
Әйелдер күресі: 48 кг, 55 кг, 63 кг, 75 кг.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарынан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Рио-де-Жанейрода өтетін 2016 жылғы Олимпиада ойындарының тізімінен күресті шығарып тастаймыз деген болатын. Бүған себеп ретінде, Халықаралық күрес федерациясын (FILA) басқарған Швейцария азаматы Рафаэль Мартинетти Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) саясатын дұрыс ұстанбағандығы айтылды. Сондай-ақ, ХОК күрес ережелерін өзгерту керек; күрес көрермендерге тартымды және түсінікті болсын; Халықаралық күрес федерациясы аясында спорт департаменттерін ашу керек; теледидардағы жарнама жағын күшейту керек; төрешілер алқасы FILA-ға бағынбай, тәуелсіз болуы керек деген және т.б.ұсыныстары мен талаптарына немқұрайды қарады деген кері әсерлер алға тартылған болатын.
Осы сауалдарға байланысты өткен жылдың наурыз айында FILA мүшелері жиын өткізген. Ол жиында Мартинеттиді орнынан кетуге 11 адам қарсы шығып, оның орнына серб Ненад Лаловичті уақытша сайлаған. Ал мамыр айында FILA-ның Мәскеуде өткен кезектен тыс конгресінде оны бұл қызметке бекіткен.
Ал, Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен ХОК-тің 125-сессиясында күрес сквош пен бейсболдан көп дауыс жинап, Олимпиада ойындары бағдарламасына қайта енді. Дегенмен, енді күрес түрлерінде салмақ дәрежелері біршама өзгереді.
Күрес түрлерінде жаңа салмақтар бекітілді
Последние статьи автора