Кір тасын ұршықша иірген Әмірбай қарт
Алматы облысындағы Көксу ауданының Мәмбет ауылында соңғы бес-алты жыл барысында кір көтеруден әлемдік, құрлықтық, халықаралық жарыстарда топ жарып, жарыс сайын алтын мен күмісті қаптап алып келетін жасы жетпіс жетідегі Әмірбай Рысқұлов есімді ақсақал барын жұртшылық жақсы біледі. Ауыл мешітіндегі имам жерлестерін имандылыққа ұйытып қана қоймай, спортты да жанына серік етіп жүрген сергек жан.
Әмірбай атаның жетістіктерін естігендер ол кісіні жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, зор денелі, еңгезердей алып күш иесі деп топшылары анық. Іс жүзінде кірдің тасын қақпақыл жасап ойнайтын атамыз лақтың асығындай шап-шағын. Бірақ дене бітімінде артық ет жоқ, жиырма бестегі жігіттей қозғалысы да ширақ. Біз барғанда күтіп алып, үйіндегі қонақ бөлмеге бастады. Бір қабырғаны толтырып медальдерін іліп тастапты. Көптігі сондай, таңданып, тамсанып қалдық. Біздің таңданысымызды байқаған атамыз, ойлана қарап отырып, әңгімесін бастады.
– Жастайымнан жетім өстім. Әкем соғыс жылы Отан қорғауға аттанған, қайтып оралмады. Ол кезде мен төрт жаста едім. Бұғанам қатпай жатып жетімдіктің дәмін татқан мені әкеммен немере ағайын Намазбай деген кісі бауырына басты. Сол жерде жүріп жетілдім. Кейін соғыстың соңғы жылы әкем Сламжанның інісі Тоқсанбай еңбек армиясынан оралды. Ағасынан қалған тұяқты ағайынның есігінде қалдырсын ба, үйіне әкелді. Міне, сол күннен бастап Тоқсанбай ағам әке орнына әке, Сәрби жеңешем шеше орнына шеше болды. Бар-жоғымды түгендеп, оқудан қалмауыма да сол кісілердің септігі тиді. Мектепте мүмкін болған спорт түрінің барлығымен шұғылдандым. Қыста шаңғы тептім, ауыл арасындағы жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткіздім. Ал бүгінгі күрделі спортқа менің құлшынысымды оятқан цирк болды. Ол кезде ауыл-ауылды аралап цирктің әртістері өнер көрсететін. Дөңгеленген цирк аренасының ортасына әртістермен бірге алып күш иелері де шығып, кір тастарын көтеріп, оны ары-бері лақтырып ойнайтын. Сол кезден бастап соларға еліктеп, мен де ауыр темірлерді көтере бастадым. Ауыл таудың етегінде орналасқан. Маңайында үлкен-үлкен қойтастар көп. Бағанағы мен айтқан спортшылардың көтеріп жүрген кір тастары ауылда жоқтың қасы. Сондықтан тас көтеріп, ауыр доңғалақтардан зілтемір жасап, тыным таппадым. Спорттағы алғашқы баспалдақ осылай басталды, – деген атамыз әңгімесін бір қайырды да орнынан тұрды. Үстел үстінде қаттаулы жатқан қағаздарды ақтарып, мектеп кезіндегі грамоталарын көрсетті. Бәрі де сол қалпында сақтаулы.
– Бұлар мектептегі жетістігім. Жоғары оқу орнында да оза шаптым, – деп әңгімесін жалғастырды. – Буырқанған бұла күш тыныш отырғыза ма, жастайымнан жинаған әдіс-тәсілім мен күшімді сыртқа көрсету керек және оны кәсіби тұрғыда жетілдіру қажет болды. Сондықтан өзім армандаған Алматыдағы дене шынықтыру институтына оқуға түстім. Әдетте қазақ баласына күрес жақын ғой. Мен де бірден күреске жазылдым. Алғашында еркін күреспен айналыстым. Кейін грек-рим күресіне ден қойдым. Талай жарысқа бардым. Жолым да болды. Күреске күшпен бірге айла-тәсіл, ептілік керек. Бала күннен ауыр тасты көтергенім бар, бірде дене жаттығуын жасамақ болып ауыр атлетика залына кірдім. Төрде тұрған үлкен зілтемірді ұстап аспанға бір-ақ аттым. Батпан тасты көтеріп тұрғанымды көрген орыс азаматының көзі атыздай болды. Жаныма келіп: «Мынаның қанша келі екенін білесің бе? Сен көтерген темірдің салмағы тоқсан келі» деді. Осылайша, ауыр атлетикадағы алғашқы бапкерім Вадим Степановпен таныстым. Сәл ойланып тұрып: «Сенің дене бітімің ауыр атлетикаға көп келеді екен, оның үстіне күресіп жүрген қазақ көп, ауыр атлетикада ешкім жоқ. Сондықтан маған кел. Екі жылдың ішінде мен сенен спорт шебері жасаймын, сенің оған күш-қуатың мен ерік-жігерің жетеді» деп тастай қатты да қалды. Ойлана келе ауыр атлетикаға ауыстым. Шынында да, екі жылдан кейін спорт шебері атандым. Өз салмақ дәрежемде алдыма жан салмадым. Жоғары оқуды бітірген соң, қалада қал дегендер көп болды. Бірақ бар білгенімді ауылдағы балаларға үйретсем деген арман алға жетеледі.
Елге оралдым, спортпен бірге әншілікті де серік еттім. Ауылда көркемөнерпаздар ансамблі құрылып, сонда баян, домбыра тартып, ән де салдым. Реті келгенде айта кетейін, ауылдан құрылған ансамбль мүшелерімен Мәскеуге дейін бардым. Ой, талай заман өтті ғой. Ол кез енді қайтып оралмасы анық, – деп жанындағы өмірлік қосағына қарады. Сөйтсек, дәл сол жылдары Жібек апа екеуі шаңырақ көтеріпті, өмірге үш ұл, бір қыз әкеліпті.
Әмірбай ақсақал мектепте жүріп талай шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды сырт мемлекетте жүрсе, берісі еліміздің түпкір-түпкірінде тірлік етеді. Мәселен, Қанат Сұмағұлов – спорт шебері. Қазір Ресей мемлекетінде елшілік қызметте. Төкен Егінбаев – «Құлагер» құрылыс компаниясының президенті, Жұмағали Жұмабеков, Аслан Әділбеков сынды жігіттер де қарияның шәкірттері.
– Мына қабырғада ілулі тұрған медальдің барлығы қартайғанда қол жеткізген жүлделер. Жетпістен асқанда атқа қайта қондым. Ауыл тойларында жастармен бірге жарыстарға қатыса бастадым. Мен көтерген салмақты олардың ешқайсысы көтере алмады. Үлкен жарысқа баруымның өзі қызық. Спорт бөлімінен телефон шалып, аудан орталығындағы Б.Оңғаров атындағы стадионға келуімді сұрады. Келдім, кір көтеру спортынан өтіп жатқан жарысқа төрешілік жасауды өтінді. Жарыс біткен соң спортшыларды қатты сынадым. Нәтиже төмен. Арада біраз уақыт өткенде Талғар қаласында өтетін облыстық чемпионатқа жастармен бірге барасыз деген хабар келді. Талғарда өткен жарыста өз жасым бойынша екінші орын алдым. Өйткені мен доданың тәртібін білмедім. Кейін қайта сынға түсіп, өзіме тиесілі жүлдені жұлып алдым. Мені сырттай бақылап тұрған Сергей Климов деген азамат Ресейде ардагерлер арасында да әлем, Еуропа біріншіліктері өтетінін айтып, соған шақырды. 2008 жылы Архангельск қаласында өтетін әлем, Еуропа чемпионатына тартып кеттім. Бұл ісімді кей адам құп көрсе, кейбіреулері ұнатпады. Сонымен, орыс жеріне келдім. Жарыс басталды. Сапқа тұрғызып, таныстырды. Өзіммен қарайлас бір орыстың шалын жарты сағат таныстырды. «Он екі дүркін әлем чемпионы, 16 мәрте Ресей чемпионы Евгений Полуляхов!», – деді жарысты жүргізуші. Сол кезде отырған жұрт ду ете қалды.
Бұдан кейінгі кезек маған келді. «Әмірбай Рысқұлов, Қазақстан!» дегеннен басқа ештеңе жоқ. Осы кезде мені намыс буды, қаным қозды, қасымда тұрған орысқа қарап қызғандым, қызықтым. Бар күш-қайратымды жинап, «сендерді дәл бүгін мойындатамын» деп іштей ант еттім. «Қазақтың кім екенін мен сендерге танытайын» дедім. Бағанағы атақ-даңқы бір дәптер болатын спортшы екеуміз қатар жарысқа түстік. Он екі келілік қос кір тасын 5 минутта 58 рет серпе көтердім. Атағынан ат үріккен Евгенийдің бар жиған ұпайы 105 болды. Ал мен 107-ге жеткіздім. Осылайша даңқына масаттанған орысты шаң қаптырып, кір тасын көтерудің екі түрі бойынша әлем және Еуропа чемпионы атағын жеңіп алдым. Бұдан кейін кір тасын қақпақылдап лақтыру бойынша өткен эстафеталық сайыста да барлық спортшыны «аһ» ұрғыздым. Сөйтіп Архангельск қаласынан 4 алтын, 4 күміс, 4 қола медальді қанжығама байлап қайттым. Оның сыртында осы жарыста сарапқа салынған Ломоносов атындағы жүлдені де жеңіп алдым. Архангельскіден он үш медальмен оралдым. Мұны естіген адамдар алғашында сенбеді. Орыс жерінде кір тасын көтеру спорты өте жақсы дамыған және оның түрлері көп. Менің бір қап жүлдемен оралғанымның сыры да осында. Осыдан кейін тасым өрге домалады. Талмай жаттығу жасай бастадым. 2009 жылы Ресейдің Рыбинск қаласында өткен әлем біріншілігіне апаңды ала бардым. Жарысқа шығар алдында жағдайымды жасап, шайымды қайнатып, дәлірек айтқанда, мені әбден баптады. Мұнда да айым оңынан туды. Алғашқы бәсекедегідей емес, маған құрметпен қарайтын болды. Екінші жарысымда бұған дейінгі атақ-абыройымды хабарлап, халықты сілтідей тындырды. Жеңіс тұғырында тұрғанда елімнің Әнұраны шырқалып, туымыз көтерілгенде кеудемді қуаныш кернеп, өзімнен төмен тұрғандардың төбесінен қарадым. Осы жылы Киров қаласында өткен Григорий Кощеев атындағы халықаралық додада да ешкімге дес бермедім. Ресейдің бар сыйлығын елге тасыдым. Сонымен қатар Кощеев атындағы жүлдені де уысыма түсірдім. Жалпы, ардагерлер арасындағы барлық жүлдені жеңіп алдым десе де болады. Тек бір ғана Архангельск қаласынан бірнеше мәрте абыроймен оралдым. Осында өткен кір тасын көтеру спортынан І дүниежүзілік олимпиада ойындарында 44 мемлекеттен келген спортшылар оның 7 түрі бойынша бақ сынады. Мен бұл жолы да кеудемді ешкімге бастырмадым. Мәртебесі жоғары жарыста қазақ деген қайсар ұлттың қариясы екенімді дәлелдедім. Мұнда қанжығама 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль байланды. Онымен қоса абсолюттік чемпион кубогын иеленіп, Ресейдің «Қанатты арыстан» деген орденімен марапатталдым және кір тасын көтеруден халықаралық қауымдастықтың «Еңбек сіңірген спорт шебері» деген атағы берілді. Одан кейін де жыл сайын бірнеше жарысқа барып, жеңіспен оралып жүрмін. Өткен жылы өзіме жақсы таныс Архангельскіде 10 келілік кір тасын жарты сағатта 750 рет басымнан асырып, халықаралық комиссияның ресми органдары бұл көрсеткішті Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Бұл додада 400-ден аса кір тасын көтеруге машықтанған мықтылар, соның ішінде шәкіртім – елу бес жастағы Жұмахан Күзбаев та болды. Жұмахан да өз жасының рекордшысы атанды. Бұл жеңіс менің жігеріме жігер, күшіме күш қоса түскен тәрізді. Міне, балам, жас кезімде алмаған жүлделердің есесін қартайғанда қайтардым. Қазір қарап отырсаң, жиынтығы жүзден асқан медаль бар екен. Оның жетпіске жуығы алтын. Әлі де аламын, Алла қуат берсін, – деген Әмірбай ақсақалдың жүзіндегі сенім мен жігерді көргенде, ол кісінің алдында әлі талай спорттық асудың бас иетіндігіне көзіміз жете түсті. Ендеше, елдің намысын жыртып жүрген атамызға ұзақ ғұмыр тілейік! Ұлағатынан үлгі ала жүрейік.