Кенжеш Сәрсекенова: Қазақ қыздары коньки тебе алмайды дегенге сенбеймін

©Youtube.com

Спорт әлемінің арғы-бергі тарихына көз жүгіртер болсақ, қазақ топырағы қашанда дарындарға кенде болған емес. Солардың ішінде қазақтың қаракөз қыздарының орны өз алдына бір төбе.
Елімізде кенже дамыған спорт – қысқы спорт түрлері екені шындық. Соның ішінде — коньки спорты. Міне, осындай жалынан ұстата бермейтін асау спорттың бұл түрінен қазақтың қаракөз қыздарының бірі – Кенжеш Сәрсекенова екі бірдей Олимпиадаға қатысып, көгілдір мұз бетінде аққудай қалықтап, ел намысын қорғағанын бүгінде көп ешкім біле бермейді. Ол 1992-1999 жылдар аралығында ұлттық құрама сапындағы жалғыз қазақ қызы болды. Ел біріншілігінде бес дүркін Қазақстан чемпионы атанды.


Атам қазақ байырғы заманда жылқы және аң терілерінен шаңғы жасап, қатынас құралы ретінде пайдаланғанын еститінбіз. Ал, аяғына коньки байлап, мұз айдынында додаға түскен адамдарды қазақтың ескі тарихынан оқыған жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында да қазақ конькишілерінің аты шыға қойған жоқ. Кенжеш Сәрсекенова 1985 жылдары туған жері Шығыс Қазақстан өңірінен Алматыға келіп, әркім бағындыра алмайтын конькиге құрық тастап, асау спорттың жалына қол салыпты. Аз жылдың iшiнде айдын төсiне бауырын төсей қалықтап, жұлдыздай аққан аруымыз қазақ қыздарының да коньки теуіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғай алатындығын дәлелдеді. Ол — коньки тебу спортынан қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш спорт шеберi. Қазақстан біріншіліктерінің бiрнеше дүркiн жеңiмпазы, жұмыр жердiң небiр жүйрiктерiмен сынға түскен саңлақ. Конькиден екi бiрдей Олимпиадада бақ сынаған тұңғыш қазақ қызы. Бүгінде Кенжеш өзі үлкен спортпен қош айтысқанымен мұзайдын маңынан алыстап кетпеген екен. Ол қазір Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агентігі, Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясында конькимен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы болып қызмет атқарып жүр.
Жақында Кенжеш Сәрсекеновамен әңгімелесудің сәті түскен еді.


– Сізді қазіргі жастардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасаңыз?
– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының тумасымын. Көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әке-шешем 13 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген адамдар. Мен үйдегі он екінші баламын. Спортқа келуіме екі ағам себеп болды. Азен және Әбілахат деген екі ағам спортпен айналысатын, екеуі де грек-рим және еркін күрестен спорт шеберлері. Сол ағаларым спортқа жақын екендігімді байқап, 1985 жылы сол кездегі Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына алып барды.
– Сіз Алматыға барғанда бірден коньки спортын таңдадыңыз ба?
– Жоқ, мен ол кезде жеңіл атлетика түрлерінің біріне қабылдансам деп ойлаған болатынмын. Ол кез тамыз айы болатын, жеңіл атлетикаға талап қылушылар қатары көп екен, орын болмай, коньки спортына бір адам қабылдайды деген соң қатты қиналдым. Аяғыма коньки байлап көрмеген кезім. Тіпті конькиді қолыма ұстап көрмеппін. Неде болса, көрейін деп тіркеліп, барлық тексерулерден өтіп, интернатқа оқуға түстім. Сол жылы елдің барлық өңірлерінен осы спорт түріне жастар ағылып келді. Жиырмаға жуық жас қыздар жиналыппыз. Менің алғашқы жаттықтырушым Бахрева Ольга Сергеевна болды. Ол кісі мені 2-3 жылдай жаттықтырды. Қысқы спортқа деген қызығушылығым арта бастады. Содан кейін Леонид Николаевич Ли , Вячеслав Николаевич Сухоруков секілді жаттықтырушылардың қол астында жаттығу жасадым. Қысқасы, 13 жыл коньки тептім.
– Табаны күректей 13 жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– 1989-1990 жылдары Қазақстанның жастар чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атандым. 1992 жылы коньки спортынан спорт шебері дәрежесіне жеттім. 1992-1994 жылдары Әлем кубогының кезеңіне және әлем чемпионаттарына қатысып, 1994 жылы Қазақстан құрама командасының үздік спортшылары қатарында Лиллехамерде өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына және 1998 жылы Наганода болған XVIII қысқы Олимпиада ойындарына қатыстым. Осы екі Олимпиада ойындарында коньки спортынан еліміздің намысын қорғаған спорт тарихындағы тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы мен болдым. Бұл маған Алланың берген сыйы. 1994 жылы XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын қорғаудағы сіңірген еңбегім үшін Елбасымыздың өз қолынан атаулы алтын сағатпен марапатталдым. Осы жарыстан кейін тұрмысқа шықтым. Жұлдыз есімді қызым бар. 1998 жылғы Олимпиада ойындары қарсаңында отбасылық жағдайға байланысты спорттан қол үзіп қалған едім. Олимпиадаға қатысқым келеді. Олимпиадаға бару үшін тиянақты әзірлік керек. Оған қоса Олимпиада нормативін орындауға тиіссің. Ол кезде Медеу мұз айдыны қазіргідей емес. Бабы жоқ. Содан Асқар ағамның демеушілігімен шетелде даярлық жасап, Олимпиада жолдамасына қолым жетті. 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Кангвонг қаласында болған қысқы Азия ойындарына қатыстым. Сол жарыста 1500 метрде 8-орын, көпсайыс қорытындысында 9-орыннан көріндім. Сол жарыстан кейін конькимен қош айтыстым.
– Сіз спорттан кеткеннен кейін орныңызды басқан қазақ қыздары болды ма?
– Мен жоғарыда құрама мүшелерінің арасында жалғыз қазақ қызы болғанымды айттым. Мен кеткеннен кейін бұл спортта және әлемдік сындарда өнер көрсетіп жүрген бірде-бір қазақ қызын естіген де, көрген де емеспін. Содан бері үш Олимпиада өтіпті.
– Өзіңіз көп балалы отбасынан шығыпсыз, қазір қанша бала тәрбиелеп, өсіріп жатырсыз?
– Сол Жұлдыз есімді бір қызым ғана бар.
– Қызыңыз өзіңіздің жолыңызды қумады ма?
– Өкінішке қарай, менің жолымды қуған жоқ. Бірақ, конькиді өте жақсы тебеді. Он жасқа толғанда конькиге қалай қарайсың деп сұрадым. Ол, өзі үшін жаттығуды тастамайтынын, бірақ, ғылымға, өнерге қызығатынын айтты. Бала болса да, өз таңдауы бар ғой, әрі қарай мәжбүрлемедім.
– Астанада жұмыс істегеніңізге көп болды ма?
– Астанаға келгеніме төрт жылдай болып қалды. Бұған дейін Алматыда жеке меншік оқу орындарында дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып жұмыс істедім. Кейін елімізде VII қысқы Азия ойындары өтетін уақытқа жақындап қалғанда, осы байрақты бәсекеге аз да болса көмегім тиіп қалар деген оймен Астанаға келген болатынмын.
– Қысқы Азия ойындары демекші, талай қысқы спорт түрлерінен шет елдерде ел намысын қорғадыңыз. Өз елімізде өткен айтулы додада ел қоржыны алтынға толып, командалық есепте тұңғыш рет бас жүлдені еншіледік. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Бізге сол бәсекеден не қалды?
– Мұндай дода қай елде өтсін, сол елдің біріншіден спортшыларына, екіншіден сол елдің халқына үлкен жігер сыйлайды. Біз жас мемлекет бола тұра осындай үлкен доданы елімізде сәтті өткізе білдік. Бұл дегеніңіз нағыз тәуекелдің ісі. Бұған ел болып қуанды. Біз осы Азия ойындарының арқасында басқа елдерге өзімізді таныта білдік деп ойлаймын. Олар Қазақ елін, оның мәдениетін, жағдайын, спортшыларының қандай екенін білді. Жас Тәуелсіз мемлекетіміздің беделін әлемге бір әйгілеп тастады. Ал, бізге не қалды деген сұраққа келсек, қалған дүние өте көп. Соның ішінде атап айтарлығы — сол кездегі VII қысқы Азия ойындарына арнап салынған спорт кешендері. Оны жарыс аяқталғаннан кейін ешкім көтеріп алып кеткен жоқ. Бүгінде еліміздегі жастар сол стадиондарда спортпен шұғылдануға мол мүмкіндік алып отыр. Міне, өзіңіз көріп отырғандай, әлемдік деңгейдегі жарыстар сол кездегі нысандарда өтіп жатыр.
– Сіздің ойыңызша, сол Азия ойындарынан кейін еліміздің қысқы спорты жақсы дамып келе жатыр дейсіз ғой?
– Әрине, дамып келе жатыр. Бізде бұдан бұрын қысқы спорт түрлерінің ойдағыдай дами алмауының бір себебі, қысқы спорт кешендерінің жоқтығынан деп айтуға болады. VII қысқы Азия ойындарының арқасында Астана мен Алматы қалаларындағы спорт кешендері озық техникалармен, заман талабына сай қайтадан жасақталып, жаңадан спорт нысандары бой көтерді. Бүгін осы спорт кешендерінің арқасында Қазақ елінің қысқы спорты әрі қарай дамитынына күмән жоқ. Болашақтан үлкен үміт күтеміз. Бірнеше жылдардан кейін еліміздің қысқы спортынан көптеген рекордтар болатынына өз басым сенімдімін.
– Бүгінде осындай мұз айдын кешендерін көргенде баяғы спортшы кезіңіз есіңізге түсіп, мұзайдынға жүгіріп шығып кеткіңіз келіп тұратын шығар?
– Осындай керемет мұзайдындарды көргенде спортта жүрген кезім есіме түсіп кетеді. Шіркін, сол күндерім қайта айналып келсе ғой, деймін ішімнен. Бұл сарайда тек еліміздің ғана емес, шетелдердің талай жүйріктері келіп, бақтарын сынап жатыр. Қазіргі балалар бақытты ғой. Аман болсақ, Қазақстанда талай аруларымыз осы айдында қалықтайтын болады. Мен қазақ қыздары коньки тебе алмайды дегенге сенбеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста