«Ақ бар жерде қара да жүреді» дегендей Бразилия жерінде өтіп жатқан мундиальдың жағымсыз жақтары өте көп. Кейбір матчтарда құрамалардың әнұраны орындалмай қалып жатса, кейбірінде стадионға жанкүйерлерді толығымен кіргізбей жатыр. Дегенмен, жұртышылық бұл әлем біріншілігінде Камерун құрамасын жағымсыз әрекеттерімен есінде жақсы сақтап қалатын болды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Негізі Камерун құрамасының басы дауға әлем біріншілігі басталмай жатып-ақ іліккен болатын. Бұл құраманың сұрмерген шабуылшысы Самуэль Это'О өз елінің спорт министрлігі беретін сыйақыны азсынып, елдің туын қабылдаудан бас тартқан еді. Бірақ, ол жағдайды мемлекет басшылары сыйақыларын қосып жүріп, Камерунды әлем біріншілігіне «мәжбүрлі» түрде аттандырды.
Камерун құрамасы Бразилияға жол тарқан кезде елдің және ФИФА басшыларының иығынан ауыр жүк түскендей болды. Дегенмен ол бекер екен. Өйткені, Камерун құрамасының ойыншылары Бразилияға өздерімен бірге «жеңіл жүрісті» қыздарды да қоса алып кетіпті. Мұны құрама қатарындағы кейбір ойыншылардың өздері де мойындап отыр. Олардың айтуына қарағанда, «жөзекшелер» матчқа дайындалуға көмектерін тигізеді-мыс. Одан бөлек, ол қыздар футболшылардың Бразилия жеріндегі жүріп-тұратын киімдерін, ішіп-жейтін азықтарын да дайындап берген көрінеді.
Әрбір құрама бапкерінің ережесі бойынша негізі әлем чемпионатына футболшылар қасына ешкімде ертпеуі керек. Ол мейлі жұбайы болсын, мейлі жақын туысы болсын, олар футболшылармен бірге емес, бөлек келулері керек және құрама тоқтаған қонақ үйге мүлде жоламау қажет. Бұл әрине әрбір бапкердің басты талабы. Бірақ, бұл заңға Камерун құрамасының ойыншылары пысқырмайтын да секілді.
Жәрайды, Камерун құрамасының ойыншылары кімді ертсе де, патша көңілдері білсін. Дейтұрғанмен, барлық жағдайды жасап қойғаннан соң, сол көрсеткіштерге лайықты өнер көрсету керек емес пе?! Жоқ. Камерун құрамасында ұлттық рух деген жоқ секілді. Сіздермен біз оны Камерун және Хорватия құрамалары арасындағы кездесуде куә болдық. Мачтың екінші бөлігінде Камерун құрамасының қорғаушысы Бенуа Ассу Экотто өзінің әріптесі Бенджамин Муканджоны жағасынан алып, шапалақпен тартып жіберудің аз-ақ алдында қалды.
Дәл осы оқиғадан кейін «қарақұрлық» өкілдерінен бірліктің кеткенін дүйім жұрттың іші сезді. Әрине, сезбей қайтеді? Себебі, алаңда бір құраманың екі бірдей ойыншысы жаға жыртысуға дейін барып жатса ...
Дегенмен, бұл Камерун құрамасындағы соңғы жанжал емес екен. Күні кеше ғана Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) мен Камерун футбол федерациясының басшылары құраманың келісілген ойындарға қатысы туралы тергеу жұмыстарын бастайтындығын жария етті. Бұған себеп ретінде, сол Камерун және Хорватия арасындағы кездесу болып тұр. Бұл кездесу басталар алдында келісілген матчттарды ұйымдастырғаны үшін бұл күнде темірторда отырған сингапурлық «алаяқ» Уилсон Радж Перумал өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Бұл кездесу 4:0 есебімен аяқталады», - деп жазба қалдырған. Ал, матч осындай есеппен аяқталды. Тағы да бір назар аудара кететін жәйт, дәл осы матчтың барысында «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Александр Сонг теп-тегіс жерден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған еді.
Енді осы жәйттарды алға тарта отырып қауымдастық пен федерация тергеу жұмыстарын жүргізетін болады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұл іске ФИФА-ның да қатысы бар сияқты. Өйткені, бұл ұйымның өкілдері әлі де болса ресми түрде тергеу жүргіземіз деп мәлімдеме жасамады. Ал, Камерунның футбол басшылары болса, қазірдің өзінде іске қатысты алғашқы материалды жинақтап жатыр. Егер, құраманың келісілген ойындарға қатысы бар екені анықталатын болса, онда команда қатырындағы барлық ойыншылардан сыйақыны қайтарып, құрамаға алдағы уақытта мүлде шақырмаймыз деп отыр. Сонымен қатар бұл жағдайға ФИФА-ның қатысы бар екені анықталатын болса, онда бұл елдің шенеуніктері Йозеф Блаттердің орнынан кетуін талап етіп, өтемақы сұрауға дайын.
Әрине, бұл кездесу нақты келісілген деп біз кесіп айта алмаймыз. Оны алдағы уақытта ФИФА (егер істі қозғаса) мен федерацияның арнаулы мамандары шешеді. Біздің бір бір білетініз – Камерун құрамасынан бірлік расында да кеткен секілді. Ал, бірлік болмаған жерде тірліктің де болмайтыны заңдылық.
Камерун құрамасына жөзекшелер де көмектесе алмапты...
Последние статьи автора