Гүзел Манюрова – ұлттық құраманың бас бапкері
Күрестен Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты. Осыған дейін бұл қызметті атқарған Саржан Жақсыбековтің орнына Гүзел Манюрова тағайындалды.
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне 2006 жылы тағайындалған Саржан Бектемірұлы бұл қызметті алты жылдан астам уақыт атқарыпты. Сол жылы еркін күрес бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы дәрежесіне қол жеткізіп, 2007 жылы еліміздің «Үздік жыл жаттықтырушысы» номинациясын жеңіп алған. 2008 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Саржан Жақсыбековтің жетекшілік етуімен Қазақстан әйелдер құрамасы Бейжің және Лондон Олимпиадаларында бір-бір қола медальдан иеленген. Алайда еліміздің Спорт және денешынықтыру агенттігі әйелдер күресіне өзгеріс қажет деп шешіпті. Жақсыбековтің орнына Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Гүзел Манюрова тағайындалды.
– Күтпеген шешім болды. Бірақ қуана қабыл алдым, – деп сұхбат берді бұл туралы «Алаш айнасы» газетіне Гүзел Манюрованың өзі. — Рас, мұның алдында Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев мырзаның өзі телефонмен хабарласып, мән-жаймен қанықтырған. Сол кезде-ақ «Ұлттық құраманың тізгінін сенің қолыңа тапсыруды шештік. Қалай қарайсың?» деген еді. Министрдің өзі қолқа салғанда мен қалай қарсы болайын?! Қуана қабыл алдым. Содан Астанаға шақыртты да, бас бапкерлікке тағайындалғаным туралы 3 қыркүйек күні бұйрыққа ресми түрде қол қойды.
– Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда «2016 жылғы Рио де-Жанейро олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын саламын», – деген едіңіз. Енді бұл арманыңыздан бас тартатын болдыңыз ғой...
– Жоға, о не дегеніңіз?! Бас бапкер болғаныммен боз кілемге шығуымды жалғастыра бермекпін. Яғни бапкер балуан болмақпын. Екеуін де қатар алып жүремін. Сөйтіп, қыздарды тәрбиелей келе, өзім де шыңдалып, Бразилияда өтетін кезекті Олимпиадада Қазақстан үшін қалайда алтын медаль алуға тырысамын.
– Ал бас бапкер ретінде алдыңызға қандай мақсаттар қойып отырсыз?
– Бірінші кезекте мен бұрынғы бапкердің қалдырып кеткен былықтарын ретке келтіріп алуым керек.
– Ол қандай былықтар?
– Мәселен, бұрынғы бапкер, өзі – бас жаттықтырушы, өзі – аға жаттықтырушы, өзі – жеке жаттықтырушы, өзі – команда басшысы, өзі – дәрігер, өзі – массажшы болатын. Яғни бір өзі бірнеше қызметті көтеріп жүрді. Негізі, бұл дұрыс емес. Бір адамға мұның барлығы ауыр. Енді маған ұлттық құраманың билет сатып алу, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру сынды шаруаларымен айналысатын команда басшысын, массажшыны, жеке шәкірті ұлттық құрама сапында жоқ аға жаттықтырушыны іздеу керек. Және де бұл мамандардың барлығы өз қызметіне адал, Отанның патриоты, ұлтжанды азаматтар болуы тиіс. Егер аға бапкердің жеке шәкірті ұлттық құрама сапында болса, онда ол сол салмақтағы басқа балуандарға аса көңіл бөлмеуі мүмкін. Сондықтан, осы жағына да қатты мән бермекпін.
– Жасырын емес, өзіңіз Ресейден келгенсіз. Келімсектердің жайын бір кісідей білесіз. Осы орайда, Қазақстан құрамасынан алдағы уақытта да легионерлер легін көптеп көретін боламыз ба?
– Жоқ, жалпы, мен соңғы кездері легионерлер шақырту мәселесіне қарсы адамдардың біріне айналып шыға келдім. Өйткені оны өз басымнан өткердім. Негізі, жергілікті түлектерді тартқан жақсы. Рас, шеттен дайын балуандар шақырып, халықаралық аренада жетістіктерге жету оңайырақ. Сөйтіп, «бұл – менің еңбегім» деп шалқайып жүруге де болар еді. Алайда көздері жәудіреп жергілікті спортшылардың жүргенін көргенде, мұның дұрыс қадам емес екенін түсінесің. Соңғы кездері «Манюрова Үкімет берген сыйақыны қалтасына басып, Алматыдан пәтер алып алды. Бірақ ол Қазақстанда қалмайды. Ресейге кетіп қалады», деген сынды әңгімелер жиілеп кетті. Мен Қазақстаннан кетпейтініме, осы ел үшін барымды аямайтыныма сол өсекті шығарып жүргендердің көздерін жеткізгім келеді. Арманым – өзім ғана Олимпиада чемпионы атанып қоймай, Қазақстанның жергілікті спортшысын да Олимпиада ойындарының биігіне жеткізу. Осылайша, Қазақстан халқының маған жасаған жақсылығын өздеріне еселеп қайтарғым келеді. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, ұлттық құрамаға легионерлерді тартпауды қарастырамыз. Бәрі де өз өрендеріміз болуы тиіс.
– Енді жақын арадағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. Алда қыздарымызды қандай додалар күтіп тұр?
– Қыркүйек айының 27-сі мен 29-ы аралығында Канадада (Страфкона Каунти қаласы – авт) әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Сол додаға қатысамыз. Әзірге құрама жасақталу үстінде. Дүниежүзілік біріншілік алдында қыздарды жинап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп, іріктеп аламыз. Татьяна Богатюк, Елена Шалыгина сынды ұлттық құрамада бұрыннан бар балуандардың қатарына жалынды жастар да көптеп қосылып келеді. Олардың арасынан да жұлдыздар шығып қалар. Жалпы әлем чемпионатына толық құрамда қатысамыз. Яғни Канадаға жеті қыз барады. Әзірге қанша медаль алуды жоспарлап отырғанымыз жөнінде айта алмаймын. Бірақ әр жекпе-жекте тек жеңіс үшін күресеміз. Бәлкім, боз кілемге өзім де шығып қалармын. Ол жағы алдағы уақытта белгілі болады.