Бүкіләлемдік күрес одағы (UWW) грек-рим күресінің ережесі өзгергені туралы хабар таратты, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Сәуір айының соңғы күні Бүкіләлемдік күрес одағы (UWW) басшылары Швейцарияда бас қосты. Бұл жиында күрес түрлерінің бірнеше мәселесі қаралып, грек-рик күресінің ережесін өзгерту туралы шешім шығарылды.
Грек-рим күресінің ережесін өзгерту туралы ұсыныс 2014 жылдың қараша айында айтылған болатын. Содан берін бұл ұсыныс одақтың екі үлкен жиынында талқыланып, Швейцарияда өткен жиында жүзеге асырылды.
Жаңа ереже бойынша рұқсат етілмеген әдіс жасаған (фол жасаған, аяққа өткен немесе төрешіге бағынбаған) балуанның қарсыласына бұдан былай екі ұпай қосылатын болады. Одан бөлек, әдіс жасаған балуанның да ұпайы екі еселенеді. Сондай-ақ Бүкіләлемдік күрес одағы грек-рим балуандарына бес ұпайлық әдісті де қайтарып берді.
— Грек-рим күресіндегі ережелерді өзгертуді біз ұзақ уақыт бойы ойластырдық. Біз жаңа қаулыны қабылдау үшін халықаралық деңгейде сынақтан өткізіп, жаңа ереженің грек-рим күресінің дамуына ықпал ететінін анықтағаннан соң өзгертіп отырмыз, - дейді Бүкіләлемдік күрес одағының президенті Ненад Лалович.
Бұл ережелердің барлығы да ресми бекітілген күннен бастап іске асады. Ал, Бүкіләлемдік күрес одағы жаңа ережені 6-11 мамыр аралығында Қатар астанасы Дохада өтетін күрес түрлерінен Азия біріншілігінде тағы да тексеріп көретін болады.
Грек-рим күресінің ережесі өзгерді
Последние статьи автора