«Дзюдо тарланы» – Таутановқа тағзым
Дзюдодан Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде 1996-97 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Манарбек Таутановты еске түсіруге арналған бірінші республикалық командалық ашық турнир өтті.
Өкінішке қарай, отандық дзюдоның дамуына өзіндік үлес қосқан білікті бапкер Манарбек Таутанов былтыр дәл осы қараша айында небары 44 жасында дауасыз дерттен дүниеден озған болатын. Бірақ қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар емес пе. Манарбек Бекенұлы көп жасамаса да, көпті көрді. Бар саналы ғұмырын қазақша күрес, самбо, дзюдо белдесулеріне арнап, көрген-білгенін, ойына түйгендерін шәкірттерінің бойына сіңіру жолында сарп етті. Тек жаттықтырушы ғана емес, оларға күнделікті күйбің тірлікте ақылшы, кеңесші, тіпті турасын айтсақ, қамқоршы екінші әке бола білді. Бұл – Таутановтың адамгершілік, азаматтық тұрғыдағы дәреже-деңгейінің, парасат-пайымының жоғарылығын айғақтайды.
Аталмыш турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Таутановтың әріптес ағалары, үзеңгілес інілері, танымал шәкірттері марқұмның ізгі істерін еске алысып, рухына тағзым етті. Артында қалған жан жары Гүлмираға, қызы Әйгерім мен ұлы Мадиярға қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын білдірді. Осы тұста ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Абай Қаймақов турнирге қатысушылар мен қонақтарға шетелдік жолсапарда жүрген федерация басшысы Бекет Махмұтовтың құттықтауын жеткізді. Манарбек Таутановқа арнайы тағайындалған «Дзюдо тарланы» ордені марқұмның зайыбына табыс етілді.
Өз кезегінде арамыздан ерте кеткен бапкердің қызы Әйгерім әкесінің рухына бағышталған сағыныш пен мұңға толы перзенттік әнін көпшілікке тарту етті. Әке жолын қуған жасөспірім Мадияр Қызылорда облысы құрамасының сапында белдесіп, командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Иә, шынында да, Манарбек Таутанов Қазақстан дзюдосының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты. Ол ұлттық құраманың тізгінін ұстап тұрған кезде Асхат Шахаров пен Асхат Жіткеев әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Оның шәкірттері өзге де көптеген әлемдік, құрлықтық деңгейдегі ірі додаларда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Базарбек Донбай 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында үздік бестікке ілінсе, 2002 жылғы жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. 2004 жылы Алматыда Мұратбек Қыпшақбаевпен және Асхат Жіткеевпен бірге Азия чемпионы атанып, әлем кубогы кезеңдерінде топ жарды. Ерлан Слямбаев 1998 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар ойындарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені жеңіп алды. Елдос Ықсанғалиев пен Саламат Отарбаев та талай халықаралық беделді додаларда жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға көтерілді. Өкінішке қарай, Әбіл Дөңбай, Самат Жылқыбаев сынды талантты шәкірттері жарақат салдарынан татамиден тым ерте кетуге мәжбүр болып, өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмады. Есесіне басқару, ұйымдастыру тұрғысында едәуір жетістіктерге жетті. Самат бас бапкер ретінде ұлттық құраманы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына дайындаса, Әбіл биыл Шығыс Қазақстан облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Үлкен спортпен қоштасқан өзге шәкірттері де еліміздің түкпір-түкпірінде өз салаларында табысты еңбек етуде.
Садық Мұстафаев, Қызылорда облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:
– Манарбек екеуміз денешынықтыру институтына бірге түстік. Мен – Қызылорда жақтан, ол – Семейден (киелі Абай топырағынан). Алғаш сонда танысып, көп ұзамай-ақ бірге туған бауырлардай жақын араласып кеттік. Тіпті қалай ажырамас жан дос болып кеткенімізді де байқамай қалдық. Ол кезде 20-ның ар жақ, бер жағындағы жанып тұрған жігіттерміз. Басымыздан небір қызықты да шытырман оқиғалы жайттар өтті. Қайсыбірін айтасың... Манарбектің бапкерлік, ұйымдастырушылық қабілеті сол кезден-ақ айқындала бастаған. Қазақша күрес, самбо, дзюдо дегенде ішер асын жерге қоятын, өз ісінің нағыз фанаты еді. Амал не, ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға үлгермей кетті. Манарбек қайтқан соң, ұлы Мадиярды өз қамқорлығыма алдым. Бұл жан досымның аруағы алдындағы парызым деп білемін. Қазір ол әке жолын қуып, Қызылордадағы спорт мектебінің дзюдо бөлімінде білім алып, шеберлігін шыңдауда. Әзірге аяқ алысы жаман емес. Әкесінің еске түсіру турнирінде командаластарымен бірге үшінші орынға қол жеткізіп отыр.
Еліміздің барлық облыстары мен көрші Қырғызстаннан келген жасөспірім балуандар арасындағы алғашқы ашық турнирде Шығыс Қазақстан облысының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Тартысты өткен финалдық кездесуде олар оңтүстікқазақстандықтардан 5:4 есебімен басым түсті. Қызылорда мен қырғызстандық қонақтар жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Үшінші орын үшін өткен шешуші белдесулерде алғашқылары жамбылдықтарды қапы қалдырса, соңғылары Алматы облысы дзюдошыларынан басым түсті.
Осы турнирді ұйымдастырушылар болашақта Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Манарбек Таутановты еске түсіруге арналған ашық турнирдің ауқымын кеңейтіп, дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап, тарасты.
Бақтияр ӘСІРЕНКИЕВ, арнайы «Алаш айнасы» үшін