Денис Тен: Ат басындай алтын берсе де, Қазақстанды басқа елге айырбастамаймын

Еліміздің белгілі мәнерлеп сырғанаушысы, жас та болса, спортта талай шыңдарды бағындырған Денис Тен  2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда кісі қолынан қаза тапты. Маңдайымызға сыймай кеткен боздақтың жақындары мен бүкіл қазақстандықтарға қайғырып көңіл айтамыз. Назарларыңызға Денис Теннің бірнеше жыл бұрын "Алаш айнасы" газетіне берген сұқбатын ұсынамыз. 


– Денис Юрьевич! Енді сізді осылай атаған дұрыс шығар. Әлем бірін­шілігінде қандай қиындықтар мен кедергілерге тап болдыңыз?

– Қалай айтсам екен? Бұл маусым жүйкемізді біраз тоздырды ғой. Бірақ отбасым мен бапкерім Фрэнк Кэр­ролға рақмет. Небір турнирлерге қатысып, сәтсіз өнер көрсеткеніме қарамастан, әр­дайым маған қолдау білдірумен болды. «Балам, уайымдама! Сенің уақытың келеді әлі. Бұл турнирлерді қайтесің? Мұның барлығы – жай ғана жаттығулар. Әлем бірін­шілігіне дайындал!» деп бапкерім үнемі ақыл айтатын. Алайда ол да білмейтін шығар, мен Кэрролмен жаттығып болған­нан кейін де үйге қайтпай, өз бетімше сағаттап мұзайдыннан шықпай дайын­далатынмын. Еңбегім еш кетпегеніне қуана­мын. Жалпы, соңғы сәтсіздігімнен кейін өмірге деген көзқарасымды мүлдем өзгерттім. Жаттығу­дың да, демалыстың да графигін өзгертіп, басқаша тамақтанатын болдым.

Жұрт сіздің өнеріңізді одан да жоғары бағалап жатыр. Тіпті аме­рикалық әйгілі журналист «Төрешілер бұра тартты» деп айыптап, алтын ме­дальды сізге беру керек деп халықтан қол жинап жүр. Осы туралы пікіріңізді білсек...

– Менің жұмысым – біреудің баста­масына баға беру емес, мұзайдында мә­нерлеп сырғанау. Әлбетте, өнерімді бағалап, алтынға лайық санап жатса, мен үшін үлкен абырой. Ең бастысы – Қазақ­станның көк байрағын әлем алдында аспанға шарық­таттым. Біздің елді де дүниежүзі мойындады.

– Бұл жерде әңгіме алтын ме­дальдың екінші көшірмесін жасап, сізге де табыстау жайлы болып тұр ғой. Егер сізге де алтын медаль табыстаймыз десе, бас тартасыз ба?

– Ондай жағдайда қабылдаймын ғой. Алтын медальдан кім бас тартсын? Жалпы, меніңше, осы әлем чемпионатында алтын емес, күміспен күптелгенім дұрыс болған сияқты. Жұрт мұны жақсы қабылдап, жан­күйерлерім арта түскендей. Егер төрешілер алтын медальды мойныма ілгенде, кім білсін, бәрі мұны жай ғана кездейсоқтыққа балар еді.

Еншіңізде әлем біріншілігінің күміс медалі бар. Яғни енді бұдан да биіктерге ұмтылатыныңыз сөзсіз. Егер келесі жылғы Сочи Олимпиадасында қолаға қол жеткізсеңіз, бұл сіз үшін жетістік бола ма, әлде дәмеңіз одан да зор ма?

– Олимпиада ойындары – төрт жылда бір келетін дода. Бұл ойындарға қатысудың өзі – үлкен мәртебе. Мұнда спортшылар мүлдем басқаша дайындалып, мұзайдынға басқаша қарқынмен шығады. Бап пен бағың қатар шабуы тиіс дода. Сондықтан Сочиде мен кез келген медальға риза болар едім.

– Денис, оқырмандар үшін қызық болар, жалпы, жеңімпаз жеңіс тұғы­рында тұрғанда не ойлайды екен?

– Сізге мына нәрсені айтайын. Бұрын әлемдік аренаға енді шығып жүрген кезімде Қазақстанды ешкім білмейтін. «Қазақстан­нан келдім» десем, бәрі «ол қай жақта, көрсетші. Картада бар ма?» деп зығыр­да­нымды қайнататын. Олар, әлбетте, әдейі сұрамайтын. Шынтуайтында, ол кезде Қазақстанды көп ешкім біле бермеуші еді. Амал жоқ, картаны өзіммен үнемі ұстап жүретінмін. Сұраған адамға картаны ашып, алып даламызды көрсетіп, мұндағы бай­лықтарды мақтанышпен айтып бере­тінмін. Сол кезде болашақта Қазақстанды жұрттар сұрамай-ақ білетін болса ғой деп арман­дайтынмын. Тағы мына оқиға есімнен еш кетпейді. Жасөспірімдер арасында бірінші рет гран-при додасын ұтып алған кезім. Бір кезде марапаттау рәсімінде мәнерлеп сырғанаудан әлемге белгілі тұлғалардың бірі сөз сөйледі де, «Дүбірлі доданы ешкімге белгісіз елдің ұланы жеңіп алды» деп қойып қалды. Жылағым келіп кетті. Тістеніп тұрып, өз-өзіме кейін Қазақстан туралы ешкім бұлай айтпайтын­дай дәрежеге жеткіземін деп сөз бердім. Міне, Канадада өткен дүние­жүзілік доданың жеңіс тұғырында соның барлығын еске түсіріп, көзіме жас алдым.

– Естуімізше, бұрындары сізге Ресей ұсыныс тастап, өздеріне шақырған екен. Олардан бөлек, тағы қандай елдер сізге құда түсіп жатты?

– Негізі, Ресей маған ресми түрде ұсыныс тастаған жоқ. Бірақ «жағдайыңды жасай­мыз, бізге кел» деп шақырғандары рас. Қағанағымды қарық қылғысы келген басқа да көптеген ел болды. Бірақ біріне де ішім жылымады. Өйткені менің Отаным – Қазақстан! Мен осы елдің нағыз патрио­тымын! Ат басындай алтын берсе де, Қа­зақстаннан ешқайда кетпеймін. Сондықтан осы тектес сұрақтарға жауап берудің өзі мені масқаралағанмен тең сияқты.

– Ендеше, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрсақ... Алматыға келе сала қала әкімі Ахметжан Есімовтің қабыл­дауында болыпсыз. Не туралы сөй­лестіңіздер?

– Ахметжан Смағұлұлымен кездеске­німнің өзі мәртебе ғой. Арқа-жарқа әңгі­мелестік. Жағдайымды сұрады. Келесі жылғы Сочи Олимпиадасына дайындығым­ды білді. 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиада ойындарында өнер көрсет­кенімді қалайтынын жасырмады. Қажет болса, қолынан келгенше көмектесетінін айтты. Риза болып қалдым. Сондай-ақ сый­ақы деп бір конвертті қолыма ұстатты. Ішін ашып көрген жоқпын әлі.

– Универсиадаға дейін әлі төрт жыл бар. Сіз қазір студентсіз бе? Қайда оқисыз?

– Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында тәлім аламын. 3-курстамын.

– Универсиада кезінде оқуыңызды аяқтап қояды екенсіз ғой.

– Магистратураға түсемін. Аспирантура мен докторантура бар. Бір сөзбен айтқанда, универсиада ойындарына қатысу үшін бәрін жасаймын.

– Денис, енді бас бапкерің жайлы бірер сөз айтып өтсең... Фрэнк Кэролл­мен келісімшартың қанша уақытқа белгіленген?

– Бізді ұстап тұрған – келісімшарт емес, өзара түсіністік пен сыйластық. Фрэнкпен бірге жұмыс жасап жатқаныма төрт жылдан асты. Үнемі қолдап келеді. Жасы 75-ке келсе де әлі тың. Өзінің жол дорбасын өзі сүйреп жүре береді. Талай чемпиондарды баптаған бапкер ғой. Құдай оған қуат берсін! Әлі ұзақ жыл бірге жаттығамыз деп үміттенемін.

Оксана Тен, Денистің анасы:

– Дениске мына жеңіс бірден келе қойды деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз де талай қиындықты бастан кешіріп, талай кедергіге төтеп бердік. Ең бастысы, ата-ана баласына қолдау білдіріп, дұрыс бағытқа жөн сілтей білуі қажет. Талаптанған баланың бетінен қағуға болмайды. Болмашы қиындықтарға бола салымыз суға кетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Керісінше, демеп жіберсеңіз, бала­ңыздың қанаты қатайып, қолдаушы­ларының бар екенін сезінеді де, алға қарай ұмтылады. Ешқашан болам деген баланың бағын байламаңыздар!

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста