Шахматтан Делиде өтіп жатқан әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің 3-кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Соңғы турға дейін көш бастап келе жатқан Бибісара Асаубаева 3-кезеңді екінші орынмен аяқтады. Отандық шахматшы шешуші 11-турда Катерина Лагномен тең түсіп, 6 ұпай жинады. Сонымен қатар қытайлық Чжу Цзинер мен ресейлік Александра Горячкина да тең ойнап, 6 баллға қол жеткізді. "Үш шахматшының еншісінде бірдей балл. Бибісара жекелеген көрсеткіш бойынша 2-орын алды. Ал бұл кезеңде ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина тай-брейк бойынша жеңіске жетті. Бірдей ұпай жинаған 3 ойыншы 37 мың еуро сыйақы мен 400 ұпайды бірдей бөліседі", - делінген хабарламада. Айта кетейік, Гран-придің шешуші 4-кезеңі Кипр астанасы Никосияда 15-28 мамыр күндері өтеді. Бибісара Асаубаева бұл кезеңге шақырту алған 12 шахматшының арасында бар.