Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Көзбояушылық пен көреалмаушылық қазақ боксының түбiне жетедi

Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Көзбояушылық пен көреалмаушылық қазақ боксының түбiне жетедi

1998 жылы былғары қолғабын шегеге iлген Атланта Олимпиадасының қола жүлдегерi он жылға жуық құқық қорғау саласында қызмет етiп, майор шенiне дейiн жеттi. Алайда «ат айналып қазығын табар» демекшi, кезiнде шаршы алаңның шаңын шығарып, толағай табыстарға қол жеткiзген Болат Ниязымбетов спорттан бiржола қол үзiп кете алмай, осыдан екi жыл бұрын жаттығу залына қайта оралды. Бүгiнде ол – бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкерi.

– «Мықты спортшыдан жақсы бапкер шықпайды» деушi едi...
– Қателесесiз. Мен өзiм боксшы болып көргенмiн. Талай додаларда жүлде алдым. Шыны керек, шаршы алаңда қателiк жiберген кездерiм де аз болмады. Өзiмнiң қай жерде артық шығып, қай жерде қателiк жiбергенiмдi толық бiлемiн. Соның барлығын бүгiнде шәкiрттерiме үйретудемiн. Жалпы, мамандардың жоғарыда айтқан пiкiрiмен келiспеймiн. Мәселен, алысқа бармай, соңғы кездердi айтар болсақ, Ермахан Ыбрайымов Афиныда Бахтияр Артаевтан Олимпиада чемпионын шығарды, ал ресейлiк Александр Лебзяк өз елiнiң құрамасын қалай баптап шыққанын Бейжiң Олимпиадасында көрдiңiздер. Екi жылдың iшiнде мен де бапкер ретiнде бiраз ысылдым. Былтыр Гвадалахарада өткен жастар арасындағы әлем бiрiншiлiгiнде екi шәкiртiм күмiспен күптелдi. Оның өзiнде Иван Дычконың бiрiншi орыннан көрiнуiне төрешiлер ғана кедергi болды. Ал оның алдындағы жылы Алматыда өткен Азия бiрiншiлiгiнде 11 салмақ дәрежесiнде сынға түскен жiгiттерiмнiң жетеуi жеңiмпаз атанып, төртеуi ақтық сында ғана жеңiлгенiн әлi ұмыта қоймаған боларсыздар.
– Сiздi ұлттық құраманың бас бапкерлiгiне басты үмiткерлердiң бiрi деп естiп жатамыз...
– Құраманың қазiргi бапкерi Дамир Буданбеков та осал маман емес. Кезiнде өзiмнiң жеке жаттықтырушым болған. Өте қатты құрметтейтiн адамдарымның бiрi. Ұлттық құрамада бұдан кейiн де сәттi жұмыс iстей беруiне тiлектеспiн. Дамир Бұлтбайұлы үш олимпиадалық циклдi өткердi. Әбден сығуы сығылған бапкер ғой. Менiң ойымша, ол өз орнын Бейжiң Олимпиадасынан кейiн-ақ босатуы керек едi. Қоржынымызға бiр-ақ алтын салды. Бұдан арыға шамасы жетедi деп ойламаймын.
– Ал өзiңiз ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстайтын болсаңыз, Олимпиада ойындарында қанша чемпион шығара аласыз?
– «Арық сөйлеп, семiз шығуды» көздейiн, нақты екi алтын алып беруге шамам жетедi.
– Бүгiнде Қазақстан әуесқой бокс федерациясында бiраз өзгерiстер орын алды. Бұрын ел боксының тiзгiнiн ұстаған Ұзақбай Қарабалиннiң орнына Тимур Құлыбаев келдi...
– Ендi ел боксы жақсы жағына қарай өзгеретiнiне сенiмдiмiн. Тимур Құлыбаев – кез келген адамға сөзiн өткiзе алатын, өте беделдi, ықпалы жоғары адам. Менiң ойымша, ол ендi AIBA-ға қазақстандық азаматтардың бiрiн орналастыруға бар күшiн салады.
– Өзiңiздiң шәкiрттерiңiз жөнiнде де айтып өтсеңiз. Сiздiң ойыңызша, болашақта жастардың қайсысының есiмiн жиi еститiн боламыз?
– Тынбай жаттығып, аянбай тер төгетiн болса, бүгiнгi жастарымыз мына ұлттық құрамада жүрген боксшылардың барлығының алдын орап кетуi ғажап емес. Қазiрдiң өзiнде шәкiрттерiм оң нәтижелерiн берiп жатыр. Мәселен, Иван Дычко, Әдiлбек Ниязымбетов, Василий Левит, Рүстем Сыбаев сынды жастарымыз өткенде Қостанайда өткен чемпионатта топ жарып, Буданбековтың құрамына iлiктi. Сондай-ақ, Әдiлет Егiзеков, Ермек Серiков, Данияр Елеусiнов секiлдi басқа да жастарымыз мына жақта өз кезегiн күтiп, дайын тұр. Рас, бұлар әлi пiсiп жетiлген жоқ, ертең көресiздер осы жастардың қандай болатынын. Сәрсекбаевты болсын, Артаев пен Сәпиевтi болсын, шаршы алаңды шыр айналдырып қуатын болады.
– Жастар құрамасын жаттықтырып жүргенiңiзге екi жылға таяп қалды. Осы аралықта қандай қиындықтарды бастан кешiрдiңiз?
– Жаттықтырушы болған оңай емес екен. «Халықтың, басшылықтың үмiттерiн ақтай алам ба?» деп уайымдайсың. Боксшы болғанда бiр өзiң үшiн жауап берген болсам, бапкер болғалы құрамадағы бүкiл жастардың атынан сөйлейтiн болдым. Көптеген қиындықтарға тап болдық қой, оның барлығын тiзбектеп жатудың қажетi қанша? Бiрақ осы аралықта көзiмнiң жеткенi, Қазақстан боксында көзбояушылық пен көреалмаушылық өршiп тұр. Мұнымен әлi күнге дейiн күресiп келемiн.
– Ол қандай көзбояушылық пен көреалмаушылық?
– Мен ел iшiнде өтетiн турнирлердiң барлығына боксшылардың жеке жаттықтырушыларымен келгенiн қалаймын. Бапкерлердiң iшiнде жастары да, жасы 60-70-ке келгендерi де болады. Бiр өкiнiштiсi, күндiз жаттығу залында тәп-тәуiр жүретiн олар кешке жиналады да, ащы суды сiмiредi. Қайта қазiр аздап тоқтаттым ғой, әрдайым «әй, жiгiттер, күндiз намаз оқып, түнде арақ iшудi қояйық та, шәкiрттерiңiзге не үйретесiздер. Мұндай көзбояушылықтың керегi не?», – деп ұрсып жүретiнмiн. Екiншiсi – көреалмаушылық. Байқағаным, қай додада болмасын, бапкерлер өзiнiң шәкiртi ұтылып қалса, өзгенiкi де жеңiлсе екен деп тiлеп тұрады. Мұндай ниетпен қайда барамыз?! Ең бiрiншi ниетiмiз түзу болып, ойымыз бiр жерден шығу керек. Сонда ғана биiк белестердi бағындыра аламыз. Ал қазақ боксшыларының мықты екенiне күмәнiм жоқ, оны күллi әлем мойындайды.
– Жалпы әр елдiң өз жұдырықтасу нақышы болады. Қазақстан боксына солардың қайсысы тән?
– Рас айтасың. Мәселен, кубалықтардың қолдарынан гөрi, аяқтары жылдам қимылдайды. Жұдырықтасқандарын қарап отырсаң құдды бiр, аяғының ұшымен жүргендей көрiнедi. Еуропалықтардың техникасы өте жақсы дамыған. ТМД елдерiнiң жуан жұдырықтылары шыдамды келедi. Африкалықтардың қолдары ұзын болғандықтан алыстан жұдырық сермегендi жөн көредi. Ал азиялықтармен жақыннан жұдырықтасып көр, иек астынан сермеп, бiрден нокаутқа түсiрiп жiберуi мүмкiн. Менiң ойымша, бiздiң бойымызда ТМД-ның да, Азияның да жұдырықтасу мақамы байқалады. Әрi шыдамдымыз, сондай-ақ қарсыласымыз жақындап қалды ма, жапырып жiберемiз.
– Жақында АIВА үш минуттан үш раундтық ереженi қайта енгiздi...
– Өкiнiшке қарай, ол тек ересектер арасындағы додаларға ғана қатысты. Ал жастар бұрынғысынша екi минуттан төрт раунд өткiзе беретiн болады. Негiзi бұл дұрыс болған жоқ, ересектер арасына қолданылатын әлгi ереженi жастар мен жасөспiрiмдер арасына да енгiзу керек едi. Ендi амал жоқ, жастар турнирлерде бұрынғы ереже бойынша жұдырықтаса бередi, ал мен оларды ұлттық құрамаға дайындау үшiн жаңа қағида бойынша жаттықтыруға мәжбүрмiн.

Кезiнде Қазақстанда Нұрхан Сүлейманов деген боксшы болған. Ұлттық құрама сапына ене алмай, кейiннен Түркияға көшiп кеткен ол ата-тегiн Сүлейманоғлы деп өзгертiп, солардың атынан додаларға қатысып жүрдi. Бiр құлағына сырға тағатын әдетi бар болатын. Дәл қай кез екенi есiмде жоқ, шамасы 1993-94 жыл болар, Түркияда турнир өтiп, соған қарсы шаршы алаңға шықтым. Бiр кезде жұдырықтасып жатқан ол, тоқтап қалды да, жерге алақ-жұлақ қарады. Қайдан бiлейiн, «сырғасын түсiрiп алды ма» деп iздесiп жiбермек болып, тоқтап қалып едiм, соны пайдаланып, бiр-екi рет соғып қалды. Сөйтсем, бұл әдiстi Нұрхан маған әдейi қолданған екен.

Дамир БУДАНБЕКОВ, бокстан ұлттық құраманың бас бапкерi:
– Болат Ниязымбетовтың менiң орнымнан үмiттi екенiн бiлемiн. Өзiмнiң шәкiрттерiмнiң бiрi ғой, оған тiлектеспiн. Қарсылығым жоқ. Бiрақ менiң ойымша, Болатқа ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстауға ерте сияқты. Әлi де болса, жастармен жұмыс iстеп, бiраз ысылғаны дұрыс қой.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста