Таиланд астанасы Бангкокте 22 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық үш боксшы қола жүлде еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
80 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ерасыл Жакпеков өзбекстандық Джасурбек Юлдошевпен жұдырықтасып, оны екінші раундта нокдаунға жіберді. Алайда төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Сөйтіп ол қола жүлде иегері атанды.
Ал 92 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ерхат Бекзат 0:5 есебімен өзбекстандық Нусратбек Тохировке есе жіберді.
Аса ауыр салмақта Аманат Сабырғали тағы бір өзбекстандық Джахонгир Зокировпен жұдырықтасты. Екінші раундта Аманат дәл соққы алып, рефери есеп ашты. Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс өзбекстандық боксшының еншісінде кетті.
Айта кетейік, бүгін жартылай финалда өнер көрсеткен 11 қазақстандық боксшының алтауы жеңсе, бесеуі ұтылып қалды.