Бокс атасын құрметтеуді поляктардан үйренсек...
Варшавада Польша боксының атасы Феликс Штаммның мемориалы өтіп, оған қазақтың былғары қолғап шеберлері де қатысты. Осымен отызыншы рет ұйымдастырылған дәстүрлі додада ел намысын тоғыз боксшы қорғаған. Алайда ақтық айқасқа солардың үшеуі ғана сүрінбей жетті.
Қазақ боксының іргетасын қалаған Шоқыр Бөлтекұлы дейміз. Құрметтейміз, жыл сайын Маңғыстауда дәстүрлі түрде турнирін өткізіп тұрамыз. Десек те, дәл поляктар секілді марқұм Шоқыр ағаның есімін асқақтата алмай келе жатқанымыз рас. Бұл тұрғыда біз пан ағайындардан сабақ алсақ, артық болмас еді.
Феликс Штаммды Польша боксының атасы дейді. Бекер емес. 75 жыл өмір сүрген Штамм ғұмырының 60 жылға жуығын Польша боксының көсегесін көгертуге арнаған. Алдымен боксшы ретінде шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмепті. Кейін 1936 мен 1968 жылдар аралығында Польша құрамасын Олимпиада ойындарына бапкер ретінде жеті рет бастап барған. Польша бокс федерациясында белді қызметтер атқарған. Ал дүниеден өткеннен кейін туған қаласы Познаньның бір көшесі Штаммның атымен аталып, ел астанасында халықаралық турнир өте бастайды.
Әлемнің әйгілі боксшыларының барлығы осы додада шаршы алаңның шаңын шығарған. Мәселен, 1987 жылы осы турнирде Леннокс Льюис топ жарған. Феликс Штамм мемориалының биылғы додасы да қарымды боксшылардан кенде болған жоқ. Британдық Эндрю Селби, бразилиялық Робсон Консейсао сынды саңлақтардың барлығы да қатысты. Иә, рас, Шоқыр Бөлтекұлының турниріне өзбек, әзірбайжан, қырғыз елдерінің мықтылары да қатысып жатады. Бірақ, шыны керек, географиясы кең емес. Жыл сайын осы үш-төрт елмен шектеліп жатамыз. Ал Варшавадағы мемориалға биыл әлемнің отыз шақты елінен боксшылар келді. Ерлерден – 99, қыздардан – 41. Оның тоғызы – Қазақ елінен.
Қазақстан құрамасы Польша астанасына алты жігіт, үш нәзікжанды боксшысын апарған. Ерлерден 52 келіде астаналық Азат Махметов, 60 келіде тараздық Ғани Жайлауов, 69 келіде астаналық Мейірім Нұрсұлтанов, 81 келіде қарағандылық Алмат Серімов, 91 келіде де қарағандылық Алексей Севостьянов және аса ауыр салмақ дәрежесінде керекулік Олжас Боқаев өнер көрсетсе, қыздардан ел намысын Жайна Шекербекова (51 келі), Ақбота Дулатова (60 келі) және Марина Вольнова (75 келі) қорғады. Енді жерлестеріміздің Варшавадағы көрсеткіштеріне тоқталсақ:
52 келідегі Азат Махметов алғашқы айқасында түрік тарланы Инанли Эрдалмен жұдырықтасып, 12:5 есебімен оңай жеңді. Алайда жартылай финалдан аса алған жоқ. Британдық боксшы Эндрю Селбимен кездескен жерлесіміз 6:11 есебімен жеңіліп, қола медальды қанағат қылды.
60 келідегі Ғани Жайлауовтың да жеткен жері жартылай финал болды. Бірінші кезеңде шаршы алаң иесі Дамиан Врезинскиден басым түсті. Есеп – 10:7. Одан кейін түрік Ясин Йылмаз да Ғанидің қарқынына шыдамады. Тартысты өткен айқас 13:8 есебімен аяқталды. Алайда жартылай финалда Жайлауов бразилиялық Робсон Консейсаодан жеңіліп қалды. Бұл жолы 8:13 есебімен ұтылып, қоламен шектелді.
69 келіде Мейірім Нұрсұлтановқа сенім артқанбыз. Бірінші айқасында поляк Роман Шиманскиді 15:8 есебімен жеңіп, ширек финалда молдовалық Василий Белоусты тізе бүктірді. Есеп – 17:13. Бірақ ол да жартылай финалда опық жеді. Француз саңлағы Сиссохо Сулеймани тым шапшаң екен. Айқас тең дәрежеде өткенімен, қолды-аяққа тұрмайтын француз 14:12 есебімен жеңісті жұлып әкетті.
81 келіде Алмат Серімов өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, қарағандылық сайыпқыран бірінші кездесуінде-ақ жеңіліп қалды. Түрік Аксин Буракпен айқасып, 8:11 есебімен ұтылды.
91 келіде Алексей Севостьяновқа арқа сүйедік. Жігіттерімізден жалғыз болып финалға шыққан да сол. Дегенмен, айта кету керек, Алексейдің жеребесі жеңіл түсіп, шаршы алаңға бірден жартылай финалда шықты. Бразилиялық Жоан Ногуейрамен жұдырықтасып, еш қиналмастан 12:4 есебімен жеңіске жетті. Кеше кешкісін Севостьянов финалда аустриялық Жай Опетаямен айқасты.
Аса ауыр салмақтағы Олжас Боқаевтың да жолы болмай, бірінші айқасында неміс боксшысы Флориан Шульцтен 8:17 есебімен жеңіліп қалды.
Ал қыздарымыздың екеуі – финалда. 51 келідегі Жайна Шекербекова алдымен испан аруы Гранас Мартаны 18:5 есебімен жеңді. Одан кейін моңғол қызы Миянгмар Нандингетсекті тізерлетті. Жартылай финалда шаршы алаң иесі Сандра Драбикпен жұдырықтасып, өте тартысты өткен айқаста 15:14 есебімен басым түсті. Ал кеше кешкісін финалда канадалық Мэнди Бужолдтпен айқасты. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова да финалға жетті. Ал Ақбота, өкінішке қарай, сәтті өнер көрсете алған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Штамм мемориалында былтыр Қазақстан құрамасы бір алтынмен жалпыкомандалық есепте алтыншы орынға тұрақтаған болатын.