Алдағы сенбі күні Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты басталады.
2010 жылдың қаңтарында Қытайдың Ксимень қаласында өткен АИБА жиынында атқару комитетінің мүшелері әлем чемпионатын өткізуге үміт білдірген бес қаланың ішінен қазақтың елордасы Астана қаласын таңдап алған болатын. Сол жиында жеңіске жеткен қазақ елін құттықтаған АИБА президенті Чин Ко Ву мырза: «Мен Астанада үш мәрте болдым, келген сайын жас қала құлпырып тұрады. Әлем чемпионатына келген спортшылар мен қонақтар да өз таңданыстарын жасыра алмайды деген ойдамын. Қазақ елінің бас қаласындағы осынау дүбірлі бәсеке жоғары деңгейде өтетініне сенімім мол», — деген еді.
Содан бері қарай ҚР Бокс федерациясы аталмыш біріншілікті ойдағыдай етіп өткізуге жан-жақты дайындалып жатыр. Ұлттық федерациясы таратқан мәліметке сүйенсек, Астанаға 51 мемлекеттен 600-ге жуық балғын былғары қолғап шебері келмек. Қазақ елінің намысын 13 салмақ дәрежесінде еліміздің ең үздік жас таланттары қорғайды.Олар: Олжас Қалаубек (46 келі), Заңғар Темірхан (48 келі), Әлібек Бассапа (50 келі), Рауан Затулла (52 келі), Бекжан Қибетқалиев (54 келі), Еркебұлан Ермеков (57 келі), Аян Қалибеков (60 келі), Қайыргелді Дәуітбек (63 келі), Ақылбек Әділғалиев (66 келі), Әділет Орынбасаров (70 келі), Асқар Дүйсалы (75 келі), Тілек Қозыбақов (80 келі), Дидар Төлеген (+80 келі).
Сұлтан Костоевтан тәлім теретін жасөспірімдер қазір Астанадағы Бокс федерациясының базасында дода алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. 10 шілдеде басталған жаттығу жиыны негізінен боксшылардың техникалық шеберлігін арттыру мен тактикалық жұмыстарға арналған. Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құрамаға алдағы Әлем біріншілігінде жалпы командалық есепте жеңіске жету туралы тапсырма жүктеді. Сондықтан балғын боксшылардың мойнында үлкен жауапкершілік тұр.
Сұлтан Костоев кезінде жастар құрамасына аға бапкер болған тұста жастар арасында Геннадий Головкин, Серік Елеуов Қанат Ілиясов секілді әлем чемпиондары шыққан еді. Ал Бекзат Саттарханов болса Сидней Олимпиадасының алдында жастар арасында Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Артынан жасыл құрлықта Олимп шыңын бағындырды. Әзірге қазақ ұландарының Олимпиада ойындарында ең жоғары жетістікке қол жеткізген тұсы да осы болып тұр. Енді биыл күзде Бакуде Лондон Олимпиадасының лицензиясы үлестірілетін Әлем чемпионаты өтеді. Сол сында жігіттерімізге жеңіс тілейміз.
Сонымен, қазақ елінің елордасында керілген шаршы алаңда біздің қаракөз ұландарымыз жерге қаратпайды деген сенім мол. Өз ұлдарыңызды қолдау үшін, құрметті жанкүйер қауым, «Қазақстан» ұлттық арнасының кешкілік эфирін қалт жіберіп алмаңыздар. Шілденің 23-і мен 30-жұлдызы аралығында ұлттық арна Астанадағы әлем чемпионатынан өз репортаждарын жүргізетін болады.
Сұлтан КОСТОЕВ, Жасөспірімдер құрамасының аға бапкері:
— «Әлем чемпионаты Қазақстанда тұңғыш рет өтетіндіктен, жүйкеге түскен салмақ тым ауыр. Бізде балаларды жігерлендіріп, «бар күш-жігеріңді аяма, бар өнеріңді көрсет» деп жатырмыз. Әлем чемпионаты алдында үш халықаралық турнирге қатысып, төрт бірдей оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бәрі ойдағыдай болса, төрт алтын медаль аламыз деген ойдамыз. Бірақ бәрін ринг шешетіндігін естен шығармаңыздар. Жалпы, мен өзім жорамал жасағаннан аулақпын. Бірақ үміт артатын жігіттер бар.
Астана төрінен төрт алтын аламыз
Последние статьи автора