– Спортты сұмдық сүйетініңізді білеміз. Неге спортшы болмай спорт шолушысы мамандығын таңдадыңыз?
– Бұл мамандықты өзім таңдаған жоқпын. ҚазМУ-де 1-ші курста оқып жүрген кезімде сол кездегі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген Бауыржан Омаров бізге арнайы курстан сабақ берген болатын. Содан сабақ барысында «мен сені үйіріңе қосамын» деп бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі Несіп Жүнісбаевқа алып барды. «Мына бала сізге шәкірттікке жарайтын сықылды. Мен танып тұрмын, сізге таңдаулы шәкірт болады» деді. Несаға «Мұндайлар көп. Көрейік мұны да» деп қасына алды. Бір аптадан кейін бардым. «Шалқамнан құлайын ба?» деп басын шалқайтып тұрып, бойын қайтадан тіктеді. Құлаған жоқ. «Сен құлатуың керек. Ізденісің бар екен. Қайтадан қарап кел» деп жіберді. Сосын «Қайраттың обалы кімге?» деген мақала жаздым. «Қайрат» құрыды ғой қазір. Сол кезде де құриын деп тұрған. Сол мақала шыққаннан кейін Несіп ағаға шәкірт болдым. «Спорт» газетіне ауысқанымда 1994 жылы Рабат Жәнібеков қазақ теледидарына шақырды. Шақырғанда да қызық, сыртымнан бұйрық шығарып жіберіпті. Несіп аға «бізді неге сатып кетесің?» деп маған ренжіді. Шынында мен олай еткен жоқ едім. Бұйрықты маған айтпай сыртымнан шығарып жіберген ғой. Сосын амал жоқ ауысуыма тура келді. 1997 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде қызмет етіп келемін.
– Беделді арнаның белді қызметкері атану да оңайға соқпаған болар?
– Енді өзімді соншалықты кереметпін деп ойламаймын. Қолымнан келгенінше жұмыс істеп жүрмін. Жоғары дәрежеге көтерілсем маған оң қабақ танытқан ағаларымның арқасы шығар. Көптеген жақсы ағаларым болды. Несіп Жүнісбаев, Бауыржан Омаров, бүкіл жылнамалық мәселелерді жадына жаттап жүретін Жүсіп Қисымов маған ұстаз болды. Бар жақсы қасиетті үйретті. Бойыма сіңірді. Бір саланы түбегейлі зерттеуді, таңдаған кәсібіңді жан тәніңмен сүйе білуді солардан үйрендім.
– Спорт шолушыларына айтылар сын көп. Әсіресе әлемдік олимпиадалардан репортаж беретін шолушылардың кісендеулі аттай кібіртіктей беретіндігі жасырын емес...
– Енді ол әркімнің табиғи дарынына байланысты нәрсе ғой. Кейде асығыстық болады, кейде әртүрлі жағдайлар болады...
– Елімізде арнайы тек спорт саласына арналған телеарна ашуға бұрын тек арман ғана болатын...
– Спорт арнасы бұрын тек кабельдік телетаратылым арқылы тарайтын-ды. Кейінірек ауқымы кеңейді... Ал, енді діни арнаның болғанын қолдаймын. Өйткені қазір имандылыққа бет бұруымыз қажет. Соңғы әлетте жасырары жоқ тым дөрекі, тым тұрпайы болып кеттік. Адамгершілікті ұға алмайтын халге жеттік. Осының бәрі имансыздықтан. Діни арналарда дұрыс насихат болса өте жақсы. Пайғамбарымыздың хадисінде «Дінге тереңдесең адасасың» дейді. Діннің не екенін білмей жатып дін туралы пікір айтатындар көбейді. Осыны да ойланамын. Бұл қаншалықты әсер етеді біздің қоғамға? Дін деген не? Ол – иман. Ол - адамгершілік. Аллаға құлшылық ету ғой. Алланың бір екенін бәріміз білеміз. Бірақ Алланы тани алдық па, мәселе соған келіп тіреледі. Ол үлкен таным, ол үлкен пайым. Ол қазақ ұлтының ұстанатын ұстыны. Біз бір-бірімізді жақсы көруді үйренуіміз керек. «Тас түскен жеріне ауыр» деген мақалды өзімізге жақындатып алуымыз қажет. Өйткені тас түссе бүкіл ұлтқа тиеді. Жеке көзқарас емес, кез-келген мәселеде ұлт болып ұйысу керек. Мүмкіндігінше қазақты қазақ жақсы көруге, қазақты қазақ түсінуге тырысу қажет. Әр адам осыдан сабақ, ғибрат алатын болса нұр үстіне нұр болар еді. Оқу керек. Қазақ оқымайтын халге жетті ғой. Оқымаған халықты жақсы айтпайды. Кейде надан деп те жібереді. Бұл жақсы сөз емес. Бірді айтып екіге кетіп жатқаным емес, оқу арқылы, түсінік арқылы, пайым арқылы ғой қай нәрсе де. Құранның өзінде оқуға көп мән берілген. Сондықтан біз оқуымыз керек. Білек күшімізбен емес, білімімізбен алуымыз керек қай асуды да. Зердені бекіте түсуіміз керек. Жадыны жақсарта түсуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміз мықты, іргесі бекем болады. Аяқты жорғадай түгел тұтасып тұрған жоқпыз. Сондықтан оқу, ағарту мәселесіне көп мән беруіміз қажет. Баяғыда Міржақып, Ахмет аталарымыз «неге «Оян, қазақ» деп шырылдайды?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем ұлтым, халқым биіктен көрінсе дейді екен ғой. Бізден де көзі ашық болған ғой ол кісілердің. Қазақтың көп нәрседен қалып бара жатқандығына ашынады екен. Техникалық мәселелерде шетін дүниелерге бойлай алмаймыз. Ол да рас. Түптеп келгенде қазақ биікте болуы керек. Менің ұстанатын бағытым осы. Кез-келген сұрағыңызға жауап бере отырып мен осы ұлт мәселесіне жетелеп алып келуім мүмкін. Өйткені тамыр дейді ғой, түп негіз. Негіз болуы керек. Сонда ғана қазақ қазақ болады деп ойлаймын.
– Қазақтың қара сөзінің майын тамызып сөйлейтін шешендігіңізбен көп көзге түсесіз. Өзіңіз айтқандай негіз, түп-тамыр дедіңіз ғой, сол ата-бабаларыңыз да от ауызды, орақ тілді шешен болған-ау шамасы...
– Бабаларым әр саланың жөнін білген. Озып та келген. Арғы атамыз Темірбек өз заманында аға сұлтан болыпты. Оның баласы Сейітхан менің атам әкім болған. Бүгінгі әкім емес басқа образдағы, басқа типтегі әкім болған. Ол туралы көз көргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Солардан жеткен қасиет шығар деп есептеймін. Мен өзім үлкен кісілердің қолында, яғни ата-әжемнің қолында өскем. Солар мені қатты баулыды. 7 жасымда Қабанбай батырдың жырын жаттап алған болатынмын. Балаларына кез-келген кітапты оқып тұратын. Кейде ерінеміз ғой. Ойнағың келеді дегендей. 70-ші бетті оқып тұрып тез бітірейін деп бірден 78-ші бетке ауысып кетсең «Әй, әй тоқта, ана кітабыңның беті жыртылып қалған жоқ па? Қиыспай кетті ғой...» дейтін. Мен таң қалатынмын. Әйтпесе хат танымайтын кісілер. Ол кісілердің көкірегі ояу болғаны ғой. Әріп танымағанымен. Сөйлемнің құрылымын, логиканы жақсы білгені ғой. Ауылдың шалдарына ертіп апарып солардың әңгімесін тыңдататын. 80-ші жылдары Қабанбай батырды өз бетімше зерттейін деп ауылдың шалдарына бардым. Сөйтсем олар «балам Ленинді оқу керек қой, Қабанбайды қайтейін деп едің?» деп талай шығарып салған. Сол ақсақалдар Қабанбай батырдың 300 жылдығында үлкен үлкен мақалалар жазды...
Біздің ауылда үлкен ақындар болды. Ауған Жақсылықұлы деген ақын болды. Тізе берсең өте көп. Кішкентай кезімнен кітапқұмар болып өстім. 4-ші сыныпта оқып жүргенімде «Абай жолын» оқитынмын. Сонда мұғалімдер «сен ол кітапты оқи алмайсың. Әлі кішкентайсың» дейтін. Бірақ мен ол кітапты оқығанымды дәлелдедім. 6-шы сыныпта ауылдың кітапханасындағы өзім қызығатын кітаптың бәрін оқып шықтым. Көп үйрендім. Өмірлік сабақ алдым. Кітапты көп оқығандығымның пайдасын да көп көрдім. Мәселен, Сәкен Жүнісовке «Жаралы гүлдер» атты кітабыңызды білуші едім» дегенде ол кісі «басқа идеологиядағы жазылым еді ғой» деп таң қалған. Білмеймін, бірақ мен соны оқыдым. Ол кезде 3 курс студентімін. Кейде Несіп аға «есікті қатты жаппаңдар» деп жәй ғана ескертетін. Осы әңгімені қазіргі студенттерге айтып көріңізші, қалай қабылдар екен? Ал мен соған кәдімгідей ұялып қалушы едім. Үлкен ұстаздарымыздың алдын қия басып өтпей өскен ұрпақтың соңғысы біз шығармыз деген ой келеді кейде... Ақылдың әліппесінен бастап мөлдір бұлағына сусындатқан сол ағаларыма айтар алғысым шексіз. Солардың айтқан ақылын тыңдағаннан біз кем боп қалған жоқпыз. Қайта көп жерде көмегі тиді. Қазақтың мықты азаматтарының қасында жүрдік. Тәрбиесін алдық. Соның да шарапаты шығар.
– Спорттың ұңғыл-шұңғылын білетін бесаспап маман ретінде қазақ спортының болашағы туралы не айтасыз? Футболдан неге кенжелеп қалдық, бокстан да биіктен көрініп жүр едік, көз тиді ме, сөз тиді ме оның да ақсап жатқан жайы бар...
– Негізі спорттың ұңғыл-шұңғылына дейін білген зиян. Өйткені ақпарат тасқыны көп. Оны айтсаң біраз адамдар ренжіп қалуы мүмкін. Ол қорқыныштан емес. Жалпы қазақ спортына қарным ашады. Футболды біз бітірдік. Футболды біз бұдан 10 жыл бұрын теріс жолға бұрдық. Содан әлі шығара алмай келеміз. Өйткені онда ол саланы білмейтіндер жұмыс істейді. Мықты мамандарды біз пайдалана алмаймыз. Сол сияқты мықтылар әр облыста, әр қалада бар. Соларды пайдалана алмаймыз. Неге? Өйткені бұл саланың басында пысықтау жігіттер жүреді. Солар әкімге жақындау болады. Тілін таба біледі. Футбол мәселесін солар шешіп кетеді кейде. Бокста да қазір шынында қиын тиетін түрі бар. Себебі тіл табыса алмайтындар бокстың жалына жармасып жүр. Ол керемет бапкер болуы мүмкін. Ол керемет боксшы болуы мүмкін. Бірақ қарапайым адами қасиеті болмағаннан кейін ол бокстың тізгінін алып жүре алмайды. Мен Құлыбавты айтып отырған жоқпын. Одан басқаларын. Құлыбаев ол ақша беретін адам. Қайта оны пайдалану керек еді. Ол ешқашан барып төрешілермен, басқаларымен жұмыс істемейді. Бірақ Құлыбаев берген ақшаны бержағындағылар дұрыс пайдалануы керек. Оны жеке мүддеге емес, тұтас мақсатқа пайдалану керек. Міне, сонда ғана бокс өркендейді. Осы болмайынша біздің боксымыз құрдымға кеткені кеткен.
– Кезінде Бокс құрамасының бас бапкерлігінен кеткен Дамир Буданбековтың туралы не айтасыз?
– Буданбековты жалпы жек көрмеймін. Жамбыл облысына көп еңбек сіңірді. Жақсы шәкірттер тәрбиеледі. Буданбеков мықты маман болғанымен мықты психолог емес. Оны Дамирдің өзіне де айтқам. Керемет тіл табыса алмайды. Бұл менің жеке пікірім. Кезінде бокс құрамасының бір бас бапкері болды. Жүрген жерінде жомарттығымен көзге түсетін. Мысал үшін әлем чемпионатына барған кезде бір мейрамханада оншақты бапкер отырса солардың шәйін әпере салады. Былай қарасаң ештеңе емес. Ары кеткенде 100 доллар болар. Бірақ солармен тіл табыса алады. Олар оны сыйлайды. Оның жолын кесетін төрешілер аз болады. Оның жеңісін қызғанатын бапкерлер аз кездеседі. Неге? Өйткені ол солармен тіл табыса біледі.
– Шетелден бапкер шақыртуға қалай қарайсыз?
– Баяғыда Дәулет Тұрлыханов ағасы Қайрат Тұрлыханов екеуі Болгариядан бапкер алдырған. Одан оны Түркия сатып алды. Түркиядан Қазақстан сатып алды. Сол түркілер келгелі қазақ ауыр атлетикасы оңалды. Дзюдодан Комато Кодзи деген ол келді. Нәтижесінде өмірі болмаған бір алтын медаль қанжығаға байланды. Олар керек бізге. Таэквондодан Дәулет Тұрлыханов кәрісті әкелді. Міне таэквондодан тағы да бір медаль қоржынға түсті. Осындай осындай жетістіктер бар. Біздің жігіттерді футболдағы сияқты шетелге апарып оқыту дегенді мен түсіне алмаймын. Әзірше. Оған сөз жетпейді. Мүмкін ол дұрыс емес шығар. Қайта сол 20 балаға кеткен ақшаға Қазақстанға бапкер шақырту керек пе еді?
– Қай өңірдің тумасысыз?
– Туған жерім Семей облысы, Мақаншы ауданы. Отбасымда үш балам бар. Жұбайымның аты - Назгүл. Балаларым - Ерасыл, Гүлдана, Бекасыл. Қызым кейде ән айтады. Ұлым футболға барғанды жақсы көреді. Мен үйде тіпті нан турай алмаймын. Жұбайым турағанша қарап отырамын. Үйде жоқ боп қалса жүгіріп барып өзі әкеледі. Отбасындағы шаруашылық, әлеуметтік мәселелердің бәрі соның мойнында. Қонақтардың бәрін сол күтіп алып шығарып салып жатады. Ол барда мені ешкім іздеңкіремейді. Ол барда мен ештеңеге алаңдамаймын. Отбасылық бақыт дегенің де осы шығар...
– Азамат ретінде сізді қоғамымыздағы қандай мәселелер толғандырады?
– Біріншіден, біздің спортшылар қазақша сөйлемейді. Соған қаның қайнайды кәдімгідей. Біреуінен сұхбат алуға барсаң «извините» деп өте шығады. Орысша сөйлетсең сайрайды ғой әрине. Солар қай мемлекеттің атынан жарысқа бара жатқанын да білмейді-ау деп кейде таң қаламын да. Он ауыз орысша білгеннен гөрі қазақша үйренгені айып па? Осы елдің наны жақсы, медалі мықты, ақшасы тіпті тәтті. Ал, тілі неге ащы болуы керек? Мен соны түсіне алмай-ақ қойдым. Тіл үйрену қиын емес қой. Мәселен, Англияға немесе Испанияға апарып тастаса он сөз айтамыз. Бір айдан кейін нан сұрап жерлік тілін тәп-тәуір меңгеріп аламыз. Өйткені бұл мәжбүрлік. Біздің елде тіл үйренуге мәжбүрлік жоқ. Сондықтан да олар үйренгісі келмейді. Бірақ оларға «бұларың ұят қой» деп ешкім ескертпейді. Елдің намысын қорғайтын спортшыларда ұлттық сана болмайынша алар асу аласалау болып қала береді-ау.
– Естен кетпес ерекше оқиғаңыз...
– Иракпен іріктеу матчына бардық. Бірінші ақпарат беруші мен почтамптқа барамын. Алматыға телефон соғу үшін. Сөйлесіп болған соң бағасын сұрасам 20 доллар дейді. Екінші күні одан да аз төлейтін шығармын деп едім 68 доллар деп жазып берді. «Неге бұлай?» десем адамша сөйлеспейді. Қаруын кезенеді. Соғыстың алдындағы кез еді. Қазақстан Иракпен 1:1 болып тең ойнады. Жанкүйерлер зеңбіректерін, танкілерін алып келіп стадионды қоршап алды. Шыға алмай отырдық екі сағаттай. Солар әбден тарағаннан кейін жергілікті әскерилер шығарып салды. Иракта жүргенде ешкім ешкімге әзілдеген жоқ. Ирактан Сирияға кеп қонғаннан кейін елдің бәрі бір-бірімен көңілді сөйлесуге көшті. Сонда өмір-ай, еркіндікке ештеңе жетпейді екен ғой деген ойға қалдым...
– Жеңісті күндерде жүздескенше!
Амангелді Сейітханов, спорт шолушысы: Біздің спортшылар қазақша сөйлей алмайды
Последние статьи автора