Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы отырысында осы жылдың өзекті мәселелері мен жоспары талқыланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Спортты дамыту – кәсіби спортшылардың көрсеткіші мен жетістігі ғана емес, сол сияқты бүкіл ұлттың денсаулығы. Сондықтан біз спорт пен дене шынықтыру саласын барлық бағыт бойынша дамыту үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Балаларға арналған тегін секциялардан бастап, ел өңірлерінде спорт нысандары құрылысының аяқталуына дейін. Мемлекет басшысы спортты дамытуға, оның ішінде бұқаралық спортқа, балалар мен жасөспірімдер мектептерін, федерацияларын қолдауға ерекше назар аударады. Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы отырысында осы жылдың өзекті мәселелері мен жоспары талқыланды.
Бірінші. Инфрақұрылым.
Спорт нысандарының жетіспеушілік мәселесі бар. 2025 жылға дейін 113 спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл 300 мыңнан астам адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Спорт инфрақұрылымы жоқ өңірлерде, елді мекендерде модульдік спорт ғимараттарын салу қажет. Министрлік өңірлермен бірлесіп осы бағыттағы жұмысты жандандыруы керек, барлық нысан белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс.
Екінші. Бұқаралық спорт, балаларға арналған секциялар
Спорт нысандары тұрғындарға қолжетімді болуы керек, аула клубтарының желісін кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен федерацияларына қолдау көрсетуді жалғастыру қажет. Биыл балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге 87 млрд теңге бөлінеді. Бұл 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді тегін сабақпен қамтуға мүмкіндік береді. (2022 жылы – 400 мыңнан астам бала).
Үшінші. Үстемеақы
Биылдан бастап мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілігіне қарай санат бойынша үстемеақы енгізілетін болады. Сондай-ақ жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны және спортшыларды жоғары тұрған спорт ұйымдарына бергені үшін, сол сияқты спорттағы атақтар үшін және т.б. үстемеақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрі енгізілетін болады.
Төртінші. Бірыңғай электрондық база
Кәсіпқой спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірыңғай электрондық дерекқорын іске қосу қажет. База спортшының физикалық және моральдық жағдайын, оның күшті және әлсіз жақтарын объективті түрде бағалауға жағдай жасайды. Сондай-ақ таланттарды іздеу және дамыту бойынша жұмысты жүйелеуге және спортшылар мен жаттықтырушыларды бағалау кезінде субъективтілікті болдырмауға мүмкіндік береді.
Бесінші. Спортшыларды даярлау
2023 жыл – Олимпиада алдындағы жыл. Министрлік Ұлттық Олимпиада комитетімен және федерациялармен бірлесіп, алдағы Париж-2024 жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз етуі керек. Федерация жұмысының негізгі көрсеткіші Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарындағы нәтижелер болады.