Жуырда жұттың тиын-тебенін есептеп жүретін «Форбс» журналы әлемдегі ең бай, ең ауқатты спортшылардың тізімін жариялады. Басылымның тізген тізімі бойынша, бүгінгі таңда әлемнің ең бай спортшысы Флойд Мейуэзер екен. Ол бір жылда 105 миллион доллар табыс табады, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
1-орын. Флойд МЕЙВЕЗЕР (бокс)
Жалпы табысы: 105 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 0
Негізгі табыс көзі: Кіші Флойд Мейуэзердің негізгі табыс көзі шаршы алаңда. Ол былтыр Сауль Альвареспен жұдырықтасқаны үшін бокс тарихындағы ең қымбат – 150 миллион доллар болатын телетрансляцияға ие болды. Оның 3/1-і Флойдтың жеке-есеп шотына аударылған. Ал 2014 жылдың қыркүйек айында Майдананы жеңгені үшін Флойд 32 миллион доллар көлемінде сыйақы алған. Бір айта кетерлігі, Флойд жеке қазынасын бір жылда 100 миллион доллардан асырып отырған екінші спортшы. Бұған дейін мұндай көрсеткішті Тайгер Вудс көрсеткен.
2-орын. Криштиану РОНАЛДУ (футбол)
Жалпы табысы: 80 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 52 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 28 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: «Форбс» журналының есебі бойынша Криштиану Роналдудың «Корольдік клубпен» жасаған жаңа 5 жылдық келісім шарты футболшыға 203 миллион табыс алып келеді екен. Одан бөлек әлемдегі ең танымал футболшы жарнамалық роликтерден де қыруар пайда табады. Мысалы, Tag Heuer, Nike, Herbalife секілді әлемдік брендтермен жасалған келісімінің арқасында ол есеп-шотына жылына шамамен 30 миллион доллар салып отырады.
3-орын. Леброн ДЖЕЙМС (баскетбол)
Жалпы табысы: 72,3 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 19,3 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 53 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Ұлттық баскетбол ассоциясының ең танымал ойыншысы Леброн Джеймс өз табысының басым бөлігін жарнамалық және маркетингтік қызметтер арқылы табады. Ол бүгінде Nike, McDonald’s, Samsung, Coca-Cola, Upper Deck брендтерімен келісім шартқа отырған. Лебронның брендімен сатылатын аяқ киімдер бір жылдың ішінде тек АҚШ-тың өзінде ғана 300 миллион доллар пайда берген. Баскетболшы ол пайданың 10-15 пайызына ие. Сондай-ақ Лебронның брендімен аудио-видео өнімдері де шығып тұрады. Beats Electronics компаниясының бұл кәсібінен де баскетболшының қалтасына қыруар пайда түседі.
4-орын. Лионель МЕССИ (футбол)
Жалпы табысы: 64,7 миллион доллар
Жалақсыы + сыйақысы: 41,7 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 23 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: «Барселонамен» жасалған соңғы келісім шарт бойынша «Алтын допты» төрт мәрте жеңіп алған аргентиналық шабуылшы клубтан жылына 20 миллион доллар алып тұрады. Одан бөлек клуб футболшыға қосымша 15-20 миллион доллар көлемінде сыйақы да қарастырып қойған. Сондай-ақ «қарға бойлы» шабуылшы Adidas және Turkish Airlines сынды компаниялармен ұзақ уақытқа келісім шарты бар. Ол шартнама бойынша Месси жарнамалық немесе өзінің бренді арқылы бұл компаниялардан жылына 20-25 миллион доллар алып тұрады.
5-орын. Коби БРАЙАНТ (баскетбол)
Жалпы табысы: 61,5 миллион доллар
Жалақсы + сыйақы: 30,5 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 31 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҰБА-да өнер көрсететін «Лейкерс» клубының қорғаушысы 30,5 миллион табыс тапқан екен. Бұл тек клубтан алатын жалақсы. «Форбс» журналының есебі бойынша, Брайанттың клубпен жасаған жаңа келісімі бойынша бұл сомаға тағы 5 миллион доллар қосылады екен. Өзге танымал спортшылар секілді Коби да табысының басым бөлігін жарнамалық роликтерден табады. Баскетболшының бүгінде Turkish Airlines, Lenovo, Hublot, Nike және Panini сынды алып компаниялармен келісім шарты бар.
6-орын. Тайгер ВУДС (Гольф)
Жалпы табысы: 61,2 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 6,2 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 55 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Бір кездері қатарынан үш мәрте әлемнің ең ауқатты спортшысы атанған Тайгерден соңғы кезде бақ тайып жатқан секілді. Себебі, оның табысы жылдан-жылға төмендеп барады. Мысалы, өткен жылы гольфшы 80 миллион доллар пайдаға кенелсе, биыл оның пайдасы 61 миллионға дейін төмендеп кеткен. «Форбс» оны Electronic Arts компаниясы 14 жыл қатарынан шығарып келген Tiger Woods PGA видео ойынын шығаруын тоқтатып қоюымен түсіндіріп отыр. Өзге спортшыларға қарағанда Вудстың жалақысы әлдеқайда төмен. Ол осы уақытқа дейін жиған дүниесінің көпшілігін Nike компаниясымен жасалған шартнамасы арқылы тапқан.
7-орын. Роджер ФЕДЕРЕР (теннис)
Жалпы табысы: 56,2 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 4,2 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 52 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Роджер теннис тарихында ең көп сыйақы жеңіп алған спортшы. Ол осы уақытқа дейін өзі қатысқан барлық турнирлерден 86,2 миллион доллар көлемінде пайда тапқан. Десек те, биылғы маусымды Федерер үшін сәтті деуге келмейді. Өйткені ол «Үлкен дулыға» санатындағы бірде-бір додада топ жара алмады. Алайда, спорттық додаларда топ жара алмаса да, жарнамалық жарыста Роджерге тең келетін ешкім болмай тұр. Ол спортшылар арасында жарнамадан ең көп табыс табатын спортшы. Теннисшінің Jura, Lindt, National Suisse, Mercedes-Benz, Nike, Rolex және Wilson компанияларымен шартнамасы бар.
8-орын. Фил МИКЕЛЬСОН (гольф)
Жалпы табысы: 53,2 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 5,2 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 48 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Америкалық гольфшы 2014 жылы PGA санатындағы 42 турнирді қатарынан жеңіп шығып, әмиянына 74 миллион долларды басты. Алайда, спортшы бұл соманың барлығын өзі алды деуге келмейді. Салық және демеушілеріне бөлінген ақшаны есептейтін болсақ, Филдің қалтасына бұл сомадан шамамен 30-35 миллион доллары ғана өзінде қалған. Ал, қалған ақшасын гольфшы Callaway, Barclays, KPMG, Exxon Mobil, Rolex және Amgen/Pfizer компанияларымен жасаған келісім шарты арқылы тапқан.
9-орын. Рафаэль НАДАЛЬ (теннис)
Жалпы табысы: 44,5 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 14,5 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 30 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Испаниялық теннисші биылғы табысының басым бөлігін «Үлкен дулыға» санатындағы Roland Garros пен US Open додасындағы жеңісінің арқасында тапты. Одан бөлек Надаль да ірі компанияларға өз атын бренд ретінде сатқан. Мәселен, Nike компаниясы теннисшінің есімі жазылған спорттық киімдерді сатқаны үшін Рафаэльге жылына 10 миллион доллар беріп отырады.
10-орын. Мэтт РАЙАН (америкалық футбол)
Жалпы табысы: 43,8 миллион доллар
Жалақысы + сыйақысы: 42 миллион доллар
Жарнамалық және өзге табыстары: 1,8 миллион доллар
Негізгі табыс көзі: Мэтт Райан – АҚШ-тағы ең танымал спортшы. «Атланта Фэлконс» клубының ойыншысы 2013 жылы командамен 103,75 миллион долларлық келісімге келген. Бұл америкалық футбол тарихындағы ең қымбат шартнама. Одан бөлек клуб басшылары Мэттке жылына 28 бен 12 миллион арасында сыйақы да беріп отырады. Сондай-ақ ол да АҚШ-тың ірі компанияларымен жарнамалық келісімге отырған.