Әлем чемпионатында кім топ жарады?
Ертең көптен күткен футбол тойы – әлем чемпионаты басталады. Осы орайда «көріпкелдер» өз болжамдарын айтып, ойларын ортаға салатын болады, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Біз де осы дүрбелеңнен шет қалмай әріптестеріміздің болжам-пікірлерін білу үшін «Әлем чемпионатында кім топ жарады?», «Әлем чемпионатында кімге жанкүйер боласыз?» деген сауалдарды тастап көрген болатынбыз.
Бейбіт Сарыбай – жазушы:
-Футболдың фанаты емеспін. Және Букмекерлік кантордың табалдырығын тоздыратындардың да қатарында жоқпын. Бала күнімнен қызыққан емеспін. Бірақ айналаңдағы достардың барлығы футбол көріп отырғандықтан, сен де шет қала алмайсың ғой. Солармен бірге көріп, солардың әңгімесін естіп жүріп сәл-сәл хабардар болады екенсің. Биыл мүмкіндігінше көрерміз. Мен қай елдің құрамасының чемпион болатынын жобалап та, жорамалдап та айта алмаймын. Өйткені футболдың сүйек майын шағатын маман емеспін. Әйтсе де, немістердің топ жаруына тілектеспін. Соларға тілеулеспін. «Неміс мәшинесі» бір от алса, оларды тоқтату қиын ғой. Әрі бас бапкері сол «мәшинені» біраз меңгеріп қалған жоқ па? Қалай от алдыруын біледі деп ойлаймын.
Әуесбайдың Қанаты - "Қазақстан 2050" Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры:
-Испания футбол құрама командасы соңғы 10 жылда әлемге өзінің танымалдығын көрсете білді. Қатарымен, Еуро-08, Әлем чемпионаты- 10, Еуро-12 футбол турнирін жеңген бұл командадан алдағы Бразилияда өтетін чемпионатта жанкүйерлер жеңіс күтуде.
Дегенмен, менің байқауымша соңғы жылдарда Аргентина мен Уругвай өзінің форвордтарымен, Бразилия мен Италия өзінің қорғаушыларымен бәсекеге түсетіні сөзсіз. Бұл жерде туындайтын сұрақ: «Алдағы Әлем Чемпионатында (ӘЧ) футболдан кім топ жарады?!» Менің ойымша, ӘЧ-14 жеңуіне көп факторлар әсер етуі мүмкін. Бразилия құрамасы өте талантты футболшылардан құралған. Тіпті бұл құрамадан Әлем Чемпионатына алынбаған футболшылардан тағы бір мықты, бәсекелес команда жасауға болар еді. Филипе Луис, Лукас Моура, танымал Роналдиньо өз отандары Бразилияда өткізілетін чемпионатқа қатыспайтын болды. Соңғы 3-4 аптада жарақатына байланысты супер-форвард атағына ие Фалькао, Тевес, жас, талантты Марко Ройс, әлемнің үздік футболшыларының бірі француз Франк Рибери және ресейдің үздік қорғаушысы Широков 4 жылда бір рет болатын Әлем Чемпионатына қатыса алмайтын болды. Жоғарыда аты аталған әр футболшы - өз құрама командаларының лидерлері, жеңіске апаратын ойыншылары. Өкінішке қарай, біз оларды жуырда өтетін чемпионаттың футбол алаңдарында көрмейтін боламыз.
Дегенмен, футбол ойыны тек бір адамнан құралмаған. Ол біртұтас команда ойыны. Бұл жерде тек бір ойыншының таланты жеткілікті емес. 11 ойыншының бәрі бір-бірін түсінуі керек. Бұл түсінушілікті соңғы жылдарда Испания құрамасы көрсетуде. Өзінің «тика-така» стилімен, қарсыласын допсыз қалдырып, 90 минут ішінде оларды діңкелетін бұл тактика қойған мақсатына – жеңіске апаруда. Бірақ, Еуро-08 құрамасы осы күнге дейін қатты өзгермеген. Яғни, бапкер дель Боске жас ойыншыларға өз талантын көрсетуге мүміндік бермеуде. Сол бір Хави, Иньеста, Касильес бірінші командада ойнауда. Ал осы жылы керемет ойынды көрсеткен Иско, Диего Лопес, Негредолар мундиальдан тыс қалды. Неге олай?! Ол әрине бапкердің өзі біледі. Бірақ, бұл шешімдері бапкер мен жалпы Испания құрама командасына бұрыс әсерін тигізбесе болғаны.
Ал енді тікелей Әлем Чемпионатының фавориттеріне оралатын болсақ, олар Бразилия мен Германия болып есептеледі. Германи футболшыларының орта статистикалық көрсеткіші 24 жасқа ие. «Жастар бар жерде, нәтиже де келмек» деп ойлайтын Йоахим Левтің командасы өте мықты. Мюллер атты Бавария ойыншысы 2010 жылы ЮАР-да өткен Әлем Чемпионатының үздік форворды, жас, талантты ойыншысы болып танылды. Осы маусым айының турнирінде де өзінің бар күшін көрсетеді деп есептейміз.
Бразилия құрамасына келетін болсақ; осы жылы бұл құрама Чемпионатқа дайын екендігін көрудеміз. Халк, Неймар, Силва атты ойыншылары команданың лидерлері.
Әлем Чемпионатының футбол турнирінде финалға осы Германия мен Бразилия шығады деп сенемін. Ал кім бұл финалда жеңімпаз болып аталатынын уақыт еншісіне қалдырмақпыз.
Әсем Қабылбек – «Еуразия» бірінші арнасының тілшісі:
-Мен де көпшілік секілді Бразилия құрамасын әлем чемпионатының басты фавориті санаймын. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жарыс қожайындары іріктеу матчтарына қатысқан жоқ. Демек, ойыншылары тың, күш қуаты бойларында сақтаулы. Екіншіден, өз климаттары қолайлы. Аптап ыстыққа әбден үйренген. Теңбіл доп додасында өз басым Аргентина құрамасына жанкүйер боламын. Аргентиналықтар 1986 жылдан бері әлем біріншілігінің алтынын көрмеді. Осы жолы да бас жүлдеге таласатын құраманың бірі. Соңғы өткен екі әлем чемпионатына қарасақ, немістер Аргентинаның жолын екі мәрте кесті. Бұл жолы кеткен есені қайтаруы тиіс. Сосын аргентиналықтар «F» тобынан еш қиындықсыз шығады деген сенімдемін. Қарсыластары Босния, Нигерия және Иранға шамасы толық жетеді. Бұдан өзге Сарықұрлық атынан ала доп додасына қатысатын құрамалардың матчтарын қалт жібермеуге тырысамын.
Бек Төлеуов – «Спорт» газетінің тілшісі:
-Биыл әлем чемпионаты осымен 20 рет ұйымдастырылып отыр. Біріншіден біріншілік араға 64 жыл салып, Бразилияға өтетін болды. Пентекампеондардың өз жерінде алғаш рет жеңімпаз атануға тамаша мүмкіндіктері бар. Бас бапкер Сколари жеңіске жетудің жолын білетін тәжірибелі бапкер. Сондықтан алаң иелері басты фаворит деп ойлаймын. Өз басым Португалия, Германия, Бразилия құрамасына жанкүйермін. Сондай-ақ чемпионат дебютаны Босния және Герцогивина мен Азияның үздігі Жапония лайықты өнер көрсетсе деп үміттенемін. Ал Ройс, Рибери, Фалькаолардың чемпионаттан тыс қалуы үлкен өкініш. Дегенмен жаңа жұлдыздарды көреміз деп ойлаймын. Сонымен қатар Мирослов Клозе әйгілі Роналдоның рекордын жаңартуы тиіс.
Сандугаш Түсен – «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналының тілшісі:
-Бұл әлем біріншілігінде Бразилияның асығы алшысынан түседі деп ойлаймын. Мен өзім сол Бразилия және Португалия құрамасына жанкүйерлік етемін. Себебі, Бразилия өз жерінде ешкімге дес беймейтін шығар. Оның үстіне бұл құраманың сапында Неймар, Халк, Оскар сынды мықты ойыншылар бар. Негізі Португалия құрамы жағынан әлсіз сиякты. Оны тек Роналду ғана алға сүйреп жүр. Мен сол жігіттің өнеріне дән ризамын. Бірақ, өкініштісі сол, Роналду әлем чемпионатының бастапқы ойындарына қатыса алмайды екен ғой. Анау, Гананың бақсысы өз сиқырларын доғарса екен.
Индира Бектенова – «KazSport» арнасының редакторы:
-Болжам мен пікір көп. Бірақ, бәріне уақыт сарапшы. Дегенмен менің ойымша бұл мундиальда алаң қожайындары топ жаратын секілді. Өйткені, өз елінде өтетін әлем чемпионатында бас бапкер Луис Фелипе Сколари барын салатыны анық. Сонымен қатар Германия құрамасын да осал деп айта алмаймын. Фавориттер тізіміне Аргентина мен Испанияны да қосыңыз. Мен осы командалардың жартылай финалға шығады деп сенемін. Ал финалда Бразилия-Германия кездесуін көрсем деген ниетім бар. Десе де бәріне уақыт сарапшы.
Берік Уәли - ОҚО Аппарат басшысының орынбасары - баспасөз қызметінің басшысы
-Төрт жылда бір келетін теңбіл доп додасын тағатсыздана күтіп отырмыз. Кім топ жарады деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Өз елінде, өз жерінде, өз жанкүйерлерінің алдында ойнайтын Бразилия құрамасы барын салары анық. Анығы, Неймарлар намысты оңай бермейді. Аргентина да мықты. Мессидің ендігі арманы, әлем чемпионы болу ғана. Қалғанының бәрін бағындырды. Теңбіл допты түзу тебетін мықтының бірі Де Мария биыл бабында. Алтыннан басты үміткердің бірі сол Аргентина. Испан футболшылары да аянып қалмайды. Диего Костадан көп үміт күтіп отыр олар. Италия мен Голландия да фовариттер қатарында. Менің болжамым бойынша Бразилияда өтетін әлем чемпионатының жеңімпазы-Алмания құрамасы. «Футболды 22 ойыншы ойнайды, бірақ жеңімпаз әрқашан немістер болады»деген қанатты сөз тегін айтылмаған. Неміс машинасын биылғы біріншілікте тоқтату қиын болады. Месси мен Роналдо секілді көшбасшылары болмаса да, ұжымдық ойында немістерге тең келетін құрама аз. Жалпы, отбасымызбен Испания, Аргентина, Голландия және Алмания құрамаларына жанкүйер боламыз.
Салтанат Әшірбай - Хабар Агенттігі Бағдарламалар жасау дирекциясының редакторы:
-Футболды әкеммен бирге тамашалайтынмын бала кезімде. Содан болар дипломдық тақырыбымбы "Қазақ спорты: кеше,бүгін, ертең" деп алып қорғап шыққаммын. Соңғы 2010 жылы чемпион Испания болған есімде. Ал Бразилия 5 рет чемпион болған. Мықтылардың ішінде Аргентина, Германия, Уругвай, Испания, Франция командаларын жоққа шығаруға болмайды. 1930 жылдан бері өтіп келе жатқан чемпионат қой енді. Бразилияны жеңеді деп ойлаймын. Өз елінде чемпионаттың өтуі спортшыларды жігерлендіру мүмкін. Сол себепті әкем екеуміз Бразилияға жанкүйерміз деп бір ауыздан жауап беремін.
Жарқын Түсіпбекұлы – Сайгез.кз жобасының жетекшісі:
-Меніңше, бұл чемпионатты Бразилиян құрамасы ұтады. Оған бірнеше себеп бар. Мысалы Оңтүстік Америка жеріндегі мундиальдарда Еуропалық гиганттар алтын жүлде алып көрмеген. Әрине бұл еуропалықтардың чемпион болмауына тікелей фактор емес. Сәйкестік қана шығар, дегенмен қос құрлық арасында бәсеке жоқ емес. Ең негізгі себеп, Ромария бастаған халықтың біраз бөлігі Бразилияда әлем чемпионатын өткізуге о бастан қарсы болуы. Халық расында кедейшілікпен өмір сүріп жатыр. Бразилия истеблишменті жемқорлыққа батқан үкіметтердің қатарынан. Егер бұл жолы Бразилия чемпион болмаса, билікке қауіпті. Естеріңізде болса, 1998 жылғы әлем чемпионатының алдында Францияның муниципалитеттерінде қарсы шыққандар болды... Ал өзім соңғы 14 жыл бойы Англия құрамасының айнымас жанкүйерімін. Ең қызықты, қиын топқа түсуімен де ерекшеленіп тұр.
Жадыра Нармаханова – «Ақ желкен» журналының бас редакторы:
-5-сынып оқып жүргенде футбол жанкүйері болдым. Ол кезде Бразилияның атағы аспандап тұрған. Жарық сөніп қала беретін кез еді ғой. Моторға май құйып бүкіл ауыл болып көретінбіз. Содан ба, қызық болатын. Қазір футболсыз да шаруам көп. Жанымда әріптесім Испанияға жанкүйер боп отыр. Маған бәрібір. Мессидің жарнамасын көрсем болды, күлкісі үшін. Алдағы әлем чемпионатында да сол Месси ойнайтын Аргентинаға жанкүйер болатын шығармын. Бірақ, шынымды айтсам, маған бәрібір.
Нұрлан Жанай – "Жаңа-Ой Орталығы" директоры:
-Бразилияда өтетін футбол додасында меніңше алаң иелері жеңімпаз болады деп ойлаймын. Себебі термакомандағы біріншіден, өз қабырғалары мен жанкүйерлері көмектессе, екіншіден, Бразилия құрамасы жастардан құралған. Ойыншылардың қарқыны жақсы және соңғы екі чемпионатта жолы болмаған ел осы жылы қызу дайындаққа ие екеніне сенімдімін. Бразилияға қарсы келетін елдер соңғы жылда жолы болып жүрген Испания, әлемнің ең жақсы футболшысы бар Португалия және Франция, Англия сияқты елдер болмақ. Бразилиялықтар барлық амплуада жақсы футболшыларға ие, Неймар сияқты жарқылдап келе жатқан жұлдыздың осы жарыста жолы болып қалуы мүмкін.
Дана Касенова – «Алматы» телеарнасының спорт тілшісі:
-Мен Бразилия құрамасына жанкүйер боламын. Себебі, 2006, 2010 жылдары футбол додаларында жолы болмаған Сколари құрамасы өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалмайды деп ойлаймын. Сосын Сколари бапкер 2006 жылы Францияға ұтылғанын есесін қайтару керек сияқты. Сондықтан Неймар бастаған Халк қостаған құрама биылғы әлем чемпионатында 6- рет кубокты көтереді деп ойлаймын.
Абай Отар – «Айналайын» порталының спорт тілшісі:
-Әлем чемпионатының фавориттері көп ғой. Алайда, бас жүлдеге Аргентина лайықты. Қазіргі «Альбиселеста» – Аргентина тарихындағы түсініксіз команданың бірі. Құрамында әлемнің ең үздік футболшы Месси ойнайды. Сөйте тұра, қорғанысы әлсіз. Қақпашысы нашар. Бірақ, командалық ойында ешкімнен кем түспейді. Лионель Месси клубтық дәрежеде бүкіл жетістікке қол жеткізді, енді ұлттық құрама үшін барын салуға әзір. Әрі «Альбиселестаның» қазіргі бапкері Алехандро Сабелья футболшылардың тілін жақсы табады. Ди Мария, Месси, Агуэро, Игуаин төрттігі кез келген қорғанысты қақыратып өтуге шамасы жетеді. Оның үстіне, жеребе де Аргентинаға жолдас болған секілді. Олар топтан оңай шығуы тиіс. Плей-оффта да тегеурінді қарсылас жолықпайды. Ең бастысы немістермен жолы түйіспейді. Месси мен командаластарының келесі тоқтайтын нүктесі ақтық сын болады. Мен Аргентина – Бразилия финалы болғанын қалаймын. Латын Америка текетіресі көрерменге де ұнайды деген ойдамын.
Міне, біз сауалнамаға тартқан адамдар осылайша өз ойларын ортаға салды. Ал, әлем чемпионаты барысында сіз кімге жанкүйер боласыз? Әлем чемпионатында кім топ жарады деп ойлайсыз, құрметті оқырман.