«Жыл сайын бес миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады» - ДДСҰ
Жыл сайын бес миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады. Бұл статистиканы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады. Олардың басым бөлігі телефон ойынына құмартқан. Мамандар ойынға телміргендер күннен-күнге артып жатыр деп дабыл қағады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жұмбақ айтып жарысатын, асыр салып далада, тай-құлындай шабысатын, балдырған ұландар қазір ұялы телефон ойынына құмартты. Құмартқаны соншалық, қой десе қоймай, зар еңірей кететіні үйреншікті жағдай болып қалды. Екі баланың анасы Жанардың да балалары түрлі ойындардан бас алмайды. Күніне кемінде екі сағат смартфон ұстамаса, қолдары қышиды. Ойындағы персонаждардың тағдырына алаңдап, телефоны қолына тигенше шыбын жаны шығардай болады. Жас ана әлемді гаджет билеген заманда балаларды телефоннан ажырату мүмкін емес дейді.
Смартфондағы түрлі ойындардың зияны туралы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі. Десе де зиянын біліп тұрып, күресуге асықпайтын ата-ана көп дейді психолог.
«Ойындағы персонаждардың рөлін ойнауға дағдыланған. Соның жасаған іс-әректеттерін қайталайды, сол сияқты әрекет етуге тырысады. Өйткені, бала еліктегіш болып келеді. Кез-келген дүниені міндетті түрде өзіне, бойына сіңдіріп алады», - дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.
Телефон ойындарының зиян екенін логопедтер де ескертеді. Ойын әлеміне кірген балақайдың бал тілі кеш шығады. Керек десең, мүлде сөйлемей қоюы да мүмкін.
«Тілі кеш шығады. 3 жасқа дейінгі балаларға мүлдем телефон ойындарын ойнауға болмайды. Көп ата-аналар осыны ескермейді. Смартфонға телмірген баланың қозғалысы азаяды, физикалық қимыл болмайды. Сәйкесінше, бұл бала тілінің шығуы мен оның ортамен қарым-қатынас жасауына үлкен кері әсерін тигізеді», - дейді логопед-дефектолог Ажар Нұркенова.
Ал педагог Жанар Аманғалиева бүлдіршінді ойын құрығына түсірмес үшін ата-ана дұрыс үлгі бола білуі керек дейді. Білгенін емес, көргенін істейтін бала үшін үлкендерден қайталау жазылмаған заңдылық.
«Бала көргенін жасайды. Ата-аналар не істейді? Тамақ ішкенде, біреумен әңгімелескенде, кез-келген жерде телефонын тастамайды. Оны көрген бала телефонға жоламай қайтсін? Бірінші өзімізді тәрбиелеу керек», - дейді балаларды дамыту орталығының директоры Жанар Аманғалиева.
Телефон ойындарына тәуелділік есірткі мен түрлі психотропты заттардың зиянынан да қауіпті. Смартфонның кесірінен бала агрессивті болып, тіпті депрессияға түсіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарға баланың тағдырына бей-жай қарамай, оларға көбірек көңіл бөлу керектігін айтады.