Журналистика саласының өзекті мәселелері талқыланды
«Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы ғимаратында «Бас редакторлар клубы» ҚБ өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан журналистикасының көкейтесті мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг болып өтті. Онда Журналистік этика кодексінің практикада қолданылуы, жалпы, журналистердің өзекті мәселелері, кадр дайындау және тілші қауымының жауапкершілігі жөнінде сөз болды.
«Литер» газетінің бас редакторы, ҚР «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Қайсар Жанахановтың айтуынша, бүгінде елімізде Қазақстан журналисінің этикалық кодексі қабылданғанымен, бұл құжат әлі толық қолданысқа енген жоқ. Журналистердің кодексті қолдануы әлі де өз деңгейінде емес. «Өткенде мен Алматыдағы бір балалар үйі төңірегінде мақала жазуды екі журналистке тапсырдым. Бірі – ондағы кемшіліктерді көрсетсе, ал екіншісі – ол мекеме туралы жағымды материал жазған. Демек, бір көріністі екеуі екі түрлі суреттейді. Қарап тұрсаңыз, Журналист кодексі бойынша екеуінікі де дұрыс. Екеуінің де жазған материалдарына байланысты айғақтары жетерлік. Бірі – құқық қорғаушылардың ол мекемедегі былықтар туралы жасаған бейнеролигін, тіпті онда бір тәрбиеленушінің босанып қойғандығы жөнінде медициналық анықтамасын көрсетсе, екіншісі – балалардың өзінен, үлкен кісілерден түсініктеме алған. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс анықтау қиын. Сонда мен қай материалды газетке басуым керек? Бұл ретте, біз кодексті қабылдадық, бірақ жетілдірген жоқпыз. Сондықтан бұл басқосуда кодексті жетілдіру туралы ұсыныстар айтуымыз керек», – дейді Қайсар Қадырұлы. Сонымен қатар ол журналистер кәсіподағын құруды ұсынды. «Қарап тұрсаңыз, кез келген салада өздерінің кәсіподақтары бар. Қызметкерлер бір мәселе туындаса, сол арқылы өздерінің құқын қорғайды. Ал бізде мұндай жағдайда қарапайым журналистер қолдаусыз қалады. Газет жабылған жағдайда, меншік иесі өзгергенде тілшілер қысқартуға ұшырайды немесе жұмыстан шығып қалады. Тіпті кей журналистер келеңсіз оқиғаларға байланысты материал дайындағанда таяқ жейді, сотты болып жатады. Сондықтан Қазақстан журналистерінің құқын қорғайтын, біріктіретін кәсіподақ құруымыз керек», – дейді ол.
Бұдан кейінгі әңгіме журналистердің жауапкершілігі және кадр дайындау мәселесі төңірегінде өрбіді. Бұл ретте, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев қазіргі журналистердің өз жұмысына жауапкершілігі тым аз екендігі туралы сыни пікірлер айтса, ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Құдайберген Тұрсын журналистердің мәртебесін арттырмай, төртінші билік екендігін заң жүзінде айқындамай, олардың сөзін өтімді етпей, қандай да бір жетістікке жету өте қиын екендігін тілге тиек етті.
Құдайберген ТҰРСЫН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Қазір елімізде 40-қа жуық ЖОО-лар журналистерді даярлап отыр. Кезінде сала министрлігі журналистер дайындайтын ЖОО-ларды қысқартып, ірілендіру туралы мәселе көтерген болатын. Бірақ бұл әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Егер біз, шын мәнісінде, дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз десек, әлемдік журналистикада алдыңғы қатарда боламыз десек, әуелі өзіміздің қазақ журналистикасының бары мен жоғын түгендеп алуымыз тиіс. Қазақ тілінің қолданыс аясы тар. Оның үстіне журналистер мемлекеттік қызметші дәрежесіне жеткен жоқ. Бұрын газетте сыни мақала жарияланса, ол Орталық партия комитетіне дейін жетіп, мәселе шешілетін. Тіпті журналистің бір сыни мақаласы үшін, қазірше айтқанда, облыс әкімдеріне дейін жұмыстан қуылатын. Қазір БАҚ еліміздегі өзекті мәселелерді айтып жатыр, көрсетіп жатыр. Бірақ одан шыққан нәтиже қайда? Ал билік басында отырған тиісті министрлік басшылары не қарап отыр? Неге олар шыққан сыни мақалаға назар аударып, оны шешудің жолдарын қарастырмайды? Қазір тілші қауымын сала басшылары елемейтін болды. Сонда журналистер қолбала ма, әлде қоғамның қолжаулығы ма? Сондықтан алдымен журналистердің беделін көтермей, төртінші билік екендігін мемлекеттік тұрғыда айқындап алмай – бұл мәселенің шешілуі қиын. Журналистердің айтқаны ешқашан далада қалмауы керек. Онымен қоса, бұрын журналистерге жатақхана, тіпті үй берілетін. Қазір ол да жоқ. Өткенде бір журналист: «кейбір мемлекеттік қызметкерлер үй алып отырғанын көргенде, көзіме жас келеді» дейді. Шындығында, екі-үш баласын құшақтап, не үйі, не күйі болмай жүрген журналистке қалай керемет аналитикалық зерттеу мақала жаз деп айтасың? Сондықтан журналистерге сын таққаннан бұрын, алдымен олардың жағдайын жасап алуымыз керек.