Бүгінгі таңда тек Ақмола облысында ғана 2905 бала ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар болса, соның 873-і балалар үйінде тәрбиеленуде. Қазір 1837 баланы отбасылар асырап алған, олардың 1867-сі туған-туысқандарының қарауында болса, 150-і – патронатты отбасылардың балалары.
Жақында Есіл ауданында болған іссапарымызда облыстық жетімдер үйіне бас сұғып, ондағы балалардың жағдайымен танысып қайтуды жөн санаған едік. Мұнда жалпы саны 165 балдырған тәрбиеленуде. «Бала – адамның бауыр еті» десек те, сүп-сүйкімді бүлдіршіндердің мөлтілдеген жанарынан жетімдіктің жүзі айқын көрініп тұрғанын қалай жасырайық.
Айта-айта ауыз талып, жаза-жаза жауыр болған бір мәселе еліміздегі жетім балалардың шетелге көптеп асырылуы болатын. Оларды шетелдіктер қандай мақсатта сатып алады? Қамқорлық қылудың астарында қандай құпия жатыр? Бұл, әрине, бүкіл елді толғандырған күрделі мәселе болатын. Өйткені статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 1998 жыл мен 2011 жылдар аралығында ғана Ақмола облысынан 400 бала шетел асқан. Ал тіркелмей кетіп қалғанын бір Құдайдың өзі білсін. Бірақ кеш болса да «Отбасы және неке туралы» Заңның (қазір – кодекс) 76-бабы бойынша, 2010 жылдың соңынан бастап шетелге бала асыруға тыйым салынып, тоқтатылғаны көңілге бір медеу тұтарлық оқиға болды. Сонымен қатар жыл санап өз елімізде де жетімдер үйінен бала асырап алушылардың қатарының көбеюі жанға аз да болса жылылық нұрын себеді. Жетім балаларға қамқорлық көрсеткен ата-аналарға мемлекет те үлкен көмек көрсетіп келеді. Мәселен, балалардың өз туған-туысқандары қамқорлыққа алса, оған – он айлық есептік көрсеткіш (15 мың теңге) мөлшерінде, ал балаға еш туыстық қатынасы жоқ, яғни патронатты ата-ана болса, 25-30 мың теңге көлемінде жалақы тағайындалады. Мұндай тәжірибе біздің тақырыбымыздың арқауына айналған Есіл балалар үйінде де қолданылып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Лидия Обухова, Есіл балалар үйінің меңгерушісі:
– Әрине, қанша мейіріммен қарап, аналық шуағыңды берсең де, баланың өз ата-анасындай бола алмасың белгілі ғой. Сондықтан да балаларды ата-анасымен табыстыруға барынша жағдай туғызуға тырысамыз. Біздегі балдырғандардың көпшілігі – ата-анасы ішімдікке салынып, ата-аналық құқығынан айырылған жандар. Бірқатары медициналық-әлеуметтік мекемелерде емдеуден өтіп, түзеліп кететіндері де баршылық. Бұл дүниеде ана мен баланы табыстырғаннан артық қандай ғанибет, қандай бақыт бар десеңізші!
Айта кететін бір жайт, жетімдер үйінің өз меншігінде түрлі көкөністер егілетін 7 гектар алқабы бар. Мұнда бүлдіршіндер өздерін-өздері картоп, сәбіз, қияр, орамжапырақ сияқты дәруменге бай көкөністермен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбекке араласа бастайды.
Леонид Шандер, жетімдер үйінің тәрбиеленушісі:
– Біздің тәрбиешілеріміз бен ұстаздарымыз балаларға өте жақсы қарайды. Мұнда біздің сапалы білім мен саналы тәрбие алуымызға толық мүмкіншілік жасалып, зор көңіл бөлінген.
Иә, қалай дегенмен де, атының өзі суық естілетін жетімдер үйінің беретін тәрбиесі отбасына қайдан жетсін?! «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, кез келген отбасында қымбат киім-кешек пен дәруменге бай дәмді тамаққа қол жеткізбегенімен, бала үшін ата-ананың аялы алақаны мен мейірімді жүзінің орны қашанда бөлек қой, шіркін!
«Әрине, әркімнің мүмкіндігі бола бермес. Дегенмен шамасы жетіп жатса, ата-аналар жетімдер үйіндегі балаларды асырап алса, үлкен сауапты іс жасар еді десек, қателеспеген болар едік. Бізде мұндай игілікті іске ден қоюшылардың қатары аз болғанымен, шетелдерде көптеген қалталы азаматтар осындай жетім балаларға өз көмегін беруге асығады», – дейді Ақмола облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы және балалықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Жәния Дондағұлова.
Бірақ қалай болғанда да, баланы асырап алудың да біз біле бермейтін арнайы заңды қағидалары бар екені бесенеден белгілі. 1989 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған «Бала құқықтары туралы конвенцияның» 21-бабында «Егер баланы туған елінде біреудің тәрбиесіне беру немесе асырап алуды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, онда баланы басқа елге асырап алуға беруді балаға күтім берудің баламалы тәсілі ретінде қабылдауға болады деп таниды» делінген болатын.
Бұдан балалардың мүддесінің қорғалуы тұтас әлем үшін де, мемлекетіміз үшін де басты құндылық екендігі айқындалып шығады. Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығында етек-жеңімізді жинап, Ата Заңымыздың алғашқы бабында «Қазақстан Республикасындағы ең басты құндылық – адам, оның құқықтары мен бостандықтары» екендігін естен шығармай, соның ішінде жетім балаларға да көз қырымызды салғанымыз абзал болар. Жетiм-жесiр, кәрiлiк пен мұқтаждық – бойлап зерттеуге тұратын мәселе. Бәлкiм, бұл сөздер бойында оты, көкiрегiнде сәулесi бар талай жасқа ой салар. Ойдан ой тұтанып, жетiмдiктiң тууының түп-тамырын бiлек сыбанып iздесе, бұл бағыттағы таным-түсiнiгiмiз де едәуiр кеңейер едi.
Әрине, ақиқат жолы қашан да ауыр. Бұрын әр ру, әр әулет жетiмдерiн сыртқа тебудi намыс көретiн. Жетiмдi сыртқа тебу сүйекке таңба, елдiкке мiн едi. Осы бiр ағайынның ауызбiрлiгiн, адамгершiлiгiн танытатын қасиет ауылдық жерлерде әлi де сақталған. Iзiмiздi басып келе жатқан ұрпақтың бойына осы ұлы қасиеттi сiңiре алсақ, iргемiздiң берiк болары хақ.
Жетімнің күні жетілер ме?!
Последние статьи автора