Алматыда Қазақстан бойынша 500-ден астам адамды алдап соққан алаяқ ұсталды. Полиция оны тергеудің бірінші кезеңінде анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осылайша, Алматы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері бірнеше жылдан бері жүздеген қазақстандықты алдап, оңай ақшаға қол жеткізген интернет-алаяқты анықтау бойынша көп айға созылған операцияны аяқтады.
Бақуатты болғысы келген
Жедел уәкілдердің сөзінше, кейінгі кезде Алматыда полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөліміне интернет-алаяқтың құрбаны болғандардан арыз-шағым көбейген. Арасында аптасына жүздеген адам арызданған.
Барлық мәлімдемені мұқият зерттеудің нәтижесінде 2020 жылдың қыркүйегінде жедел қызметкерлер бір күдіктінің ізіне түсті. Күдікті "кәсібін" жолға қойып, күнделікті қыруар қаржы тауып отырған.
Күдіктінің қалай жұмыс істейтінін, әрекетінің қыр-сырын анықтау үшін полиция бірнеше ай жұмыс істеді. Дәлел жинуға да біраз уақыт кетті. Осылайша, 4 наурызда мереке қарсаңында оны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Владимир Маханов (күдіктінің аты-жөні өзгертілген – Sputnik) расымен де әккі ұры болып шықты. Жүздеген алаяқтық әрекет жасап, мол табысқа кенелген.
"Қолға түсірген кезде қалтасынан 2 миллион 300 мың теңге қолма-қол ақша тәркіленді. Ол бұл ақшаны бір күнде тапқан", - дейді Алматы қаласы ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің айрықша маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Еркебұлан Қойшыбаев.
Оның сөзінше, Маханов тоқшылықта өмір сүруді жақсы көреді. Алматыда қымбат қонақүйде тұрған. Ал қала бойынша Mercedes-Benz G-класс (Gelandewagen) автокөлігімен қатынаған. Ал түскі ас пен кешкі асты қымбат мейрамханалардан тапсырыспен алдыртқан.
"Тергеу кезінде "мен жетіммін, теңіздің жағасында өмір сүргім келеді!" деп айтты. Ол әрине, жетім емес, нашар отбасыдан шыққан. Анасы Қостанайда тұрады, ол ішімдікке салынған. Анасымен араласпайды", - деп нақтылады Еркебұлан Қойшыбаев.
Қылмыстың қыр-сыры
Маханов Алматыға келген соң жиһаз цехына жұмысқа орналасқан. Алайда бақуатты өмір сүруге ол жерде табатын ақшасы жетпеген. Содан кейін алаяқтықпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысқа шығады. Бұл іс оң жамбасына сай келген соң бірден меңгеріп алады. Жедел уәкілдердің ақпаратынша, күдікті 2017 жылдан бері алаяқтықпен айналысады.
"Мысалы, велосипедіңізді сататыныңызды көрсетіп, OLX сайтына жарнама бересіз. Содан кейін WhatsApp арқылы нөміріңізге бейтаныс адам хат жазады, тауарды сатып алуға дайын екенін айтады. Алайда басқа қалада екенін айтып, келе алмаймын дейді. Содан OLX жеткізу қызметінің бар екенін хабарлайды, алайда ондай қызмет жоқ. Қажетті ақпаратты толтыру үшін сілтеме жібереді. Содан кейін шотына ақша түсетінін айтады", - дейді Қойшыбаев.
Сілтемені басқан соң қолданушы бір сайттың ішіне кіреді. Ол сайттың дизайны өнімді сату туралы жарнама жарияланған сайттың дизайнына ұқсас болады. Екі сайт арасындағы айырмашылықты мұқият қарамаса, байқалмайды.
Дәл сол себепті жәбірленушілер өздері туралы деректі ойланбай енгізген: карта нөмірі, оның жарамдылық мерзімі, CVV коды. Содан бастап алаяқ банк картасындағы қаражатқа қол жеткізген.
"Деректерді енгізген соң алаяқ кез келген операцияны орындай алады: интернет арқылы төлем жасайды, қаражатты түрлі сервиске аударады. Мысалы, MobiMoney немесе ұялы байланыс операторлары ұсынатын сервистерге төлем жасайды. Банк картасының деректерін толтырып, абоненттік нөмірге тәулігіне 200 мың теңгеден аспайтын соманы аударуға болады. Сондай-ақ, woopay.kz деген сервис бар. Ол арқылы қаражат банк картасынан алынып, қолма-қол ақшаға айналады", - дейді Еркебұлан Қойшыбаев.
Алаяқтың қулығы
Бұған дейін телефон нөмірін белгілі бір адамның атына тіркеу міндеттелді. Бір қарағанда мұны техника атқарады, алайда бұл жерде де ақау пайда болып, алаяқтар сол сәтті пайдаланып кетті.
"Нөмірді кісі атына тіркеу қажет екені туралы заң қабылданды. Кейіннен пандемия басталған кезде ұялы байланыс компанияларында бұл қызмет жеңілдетілді. Қазір телефон нөмірін сатып аласың, кіресің, өз ЖСН-іңді енгізесің, рәсімдейсің. Содан кейін нөмір смартфонға тіркеледі. Сондықтан нөмірді кез келген басқа адамның ЖСН-іне рәсімдеуге болады. Ал ұсталған адамнан ЖСН-ді қайдан алғанын сұрағанда, ол ашық дереккөзден деп жауап береді. Мысалы жоғалған не табылған құжаттар фотосы жарияланатын аккаунт пен сайттар бар", - деп нақтылады Қойшыбаев.
Алайда алаяқты картадағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыратын карта арқылы да бақылау мүмкін болмаған. Себебі олар маскүнем, нашақор немесе ақшаға мұқтаж адамдардың атына тіркелген.
"Мұндай адамдармен алаяқ көшеде танысады. Оларды банкке апарып, карта жасатады. Сол үшін сыйақы ретінде 10-20 мың теңге береді. Ол картаны құпия сөзімен бірге алаяққа береді. Содан кейін екеуі екі жаққа кетеді. Алаяқ ол карта бұғатталып қалғанша қолданады", - деп түсіндіреді полиция қызметкері.
Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, алаяқтар ақшаны банкоматтан шешіп алатын кезде қиналмайды. Себебі кейінгі бір жылда барлық адам банкоматқа медициналық маска тағып барады. Камераға оның тек көзі түседі. Алаяқтар ақша шешкен сайын киім ауыстырып отырады.
"Мұндай кезде олар ашық түсті аяқ киім, сырт киім киеді. Әдетте ол сұр, көзге түсе бермейтін киім киеді", - дейді полиция қызметкерлері.
Алаяқ қалай жасырынған?
Жедел уәкілдердің айтуынша, Маханов бой тасалауға ерекше көңіл бөлген. Ол азаматтық некедегі әйелі тұратын үйге жақын орналасқан қонақүйде түнеген. Алайда ешқандай мекенжай бойынша қылмыстық әрекетіне көмектесетін заттарды сақтамаған. Ауыстыратын киімін, ұялы телефон, банк карталары, ноутбук пен басқа да құралдарын арнайы жалға алған гаражда сақтаған. Күдікті ұсталғаннан кейін жедел уәкілдер гаражға барды.
Соның арқасында тергеудің алғашқы күнінде барлық телефон нөмірі мен банк карталары бойынша транзакциялар тексерілді. Нәтижесінде Алматы бойынша ғана емес, Қазақстан бойынша бес жүзден астам жәбірленуші анықталды. Алайда жәбірленушінің барлығы жедел уәкілдердің бұл еңбегін бағаламаған.
"Оларға қоңырау шаламыз, бірақ... Көп адам 5-20 мың теңге шығын келгенін айтып, арыз жазғысы келмейді. Соған бола жауап алуға, сотқа барғысы келмейтіндерін айтады. Оларға мұның азаматтық міндет екенін, мәселе келген шығында емес, қылмыскерді жазалауда екенін түсіндіреміз. Арыз қаншалықты көп болса, сотталу мерзімі соғұрлым көп болады", - дейді Қойшыбаев.
Полиция Махановтың жалғыз әрекет етпегенін, оның қылмыстық топтың құрамында бар екенін біледі. Тіпті ол топтың ұйымдастырушысы Ресей Федерациясының аумағында болуы мүмкін деген болжам бар.
Бұл жерде де интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі сатушылар сияқты белгілі бір жұмыс істеу әдісі бар. Бір басшы мен бірнеше көмекшісі болады. Топ құрамындағылардың ең төмені атына банк картасын ашуға болатын адамдарды іздейді, ақшаны айырбастайды, табыстың бір бөлігін басшысына жіберіп отырады.
"Олар Telegram арқылы сөйлеседі, себебі ол әлеуметтік желіні бақылау қиын. Ол жерде тек аккаунт аты тұрады. Біз ұсталған адамның атынан "басшысына" хат жазып көрдік, алайда оның ұсталғанын бірден түсінді. Олардың хат алмасуында арнайы таңбалар қолданады. Кей көмекшісі бір адамның ұсталғанын түсініп, Telegram топтан шығып кетті. Аккаунтын өшіріп, барлық ақпаратты өшірді", - деп нақтылады Еркебұлан Қойшыбаев.
Полиция кеңесі
Полицейдің айтуынша, Маханов ұсталғаннан кейін алаяқтық бойынша арызданғандар саны азайған. Қылмыскерлер бір-бірімен жаңадан байланыс орнату үшін уақыт кеткен болуы мүмкін. Себебі дәл осы уақытта Қостанайда да полиция интернет алаяқты ұстады.
Алайда полиция бұл тыныштықтың ұзаққа созылмайтынын айтты. Себебі қазірдің өзінде арызданушылардың саны артып келеді. Ал алаяқты ұстағанға дейін біраз уақыт кететінін ескерсек, тағы да бір топ жәбірленуші жиналып қалуы мүмкін.
Жедел уәкілдер оның алдын алуға болатынын айтты. Ол үшін әр азамат өзінің жеке деректерін еш жерге енгізбеуі қажет.