Мұсылманның бір парызы– сүндетке отырудың медициналық тұрғыда қаншалықты пайдалы екендігінен қазір мұсылман тұрмақ, өзге дін өкілдері де жетік хабардар. Алайда сүндеттеудің әдіс-амалдары төңірегінде біреу білсе, біреу біле бермейтін қыр-сырлары пайда бола бастады. Бұл бір жағы медицинаның қарқынды дамып бара жатқандығымен байланысты болса, екінші жағынан сүндеттеуді табыс көзіне айналдырып жүргендердің белсенділігінен болса керек.
Айтса, айтқандай-ақ, қазір «сүндетке отырғызамын» деген жарнамадан шалынып жығылуға болатындай-ақ. Ал солардың барлығы қаншалықты тәжірибелі, оны біле бермейміз. Сондықтан да ата-аналардың ұлына «сүндетжейде» кигізіп, «сүндеткөрпе» тігерде осы жағына аса сақ болғандары жөн. Өйткені, естуімізше, балалар ауруханасына соңғы кездері сүндеттелгеннен кейін стационарда емделуді қажет ететін жағдайға душар болып қалатындар жиі түсетінге ұқсайды.
Оны уролог-хирург, медицина ғылымының докторы Медет Балтабеков те растап отыр.
– Қазір әйтеуір «қолымда медициналық дипломым бар екен» деп сүндетке отырғызумен көз маманы да, тіс дәрігері де айналыса береді. Тіпті, медицинаның қанша саласы болса, соның қай-қайсысында да қызмет етіп жүргеннің кез келгені сүндетке отырғызып жатса, таңғалмайсың.
Әрине сүндетке отырғызу ақылы болғандықтан, кімнің де нәпақа тапқысы келетіні түсінікті ғой. Жалақының аздығы ғой итермелейтін осыған. Бірақ ер баланың өміріндегі айтулы бір белес – сүндеттеуді тәжірибелі маманға ғана тапсырған жөн. Сүндеттеу – ер балалардың зәр шығару мүшесінің ұшындағы теріні алып тастау арқылы жасалады. Бұған айрықша тоқталып отырғандағы себебім, медициналық тілмен айтқанда, «циркумцизия» жасаудың әр мұсылман елінің өзіне тән қалыптасқан діни, мәдени, эстетикалық жақтары былай тұрсын, баланың өмірі мен денсаулығына келер зиянды да ұмытпаған жөн. Егер дұрыс кесілмесе, қан тоқтамай, болмаса жарасы асқынып, іріңдеп кетуі де мүмкін. Тіпті мүгедек болып қалғандар да сирек болса да кездеседі. Жаңа дұрыс айттыңыздар, қазір мәселен, №1 балалар ауруханасында, жоғарыда сөз болғандай, сауатсыз дәрігердің қолына тап келіп, зардап шегіп жатқандар баршылық. Егер осылай жалғаса беретін болса, арты жақсылыққа апармайды. Кейде маған бұрын дұрыс сүндеттелмей, екінші қайтара келіп жатқандар да жоқ емес. Осының барлығы екі жақтың да сауатсыздығының кесірінен дер едім. Тағы бір айтпағым, ұлдарын молдаларға апаратындар әлі күнге дейін бар. Менің ойымша, «классикалық» жолды қойып, тек медицинаның ғана көмегіне жүгінген дұрыс.
Әлбетте, біз Медет Балтабековтен сүндеттеймін деп, кейбіреулерді сергелдеңге салып жүргендерді қалай тоқтатуға болатынын сұрадық. «Ауруханаға түскен баланы сүндетке отырғызған кім екенін анықтау керек деп ойлаймын. Оның осындай хирургиялық ота жасауға рұқсаты бар-жоғы сол кезде білінеді. «Артық қыламын деп, тыртық қылып» жүргендерге тиісті жазасын беріп, бақылауға алудың ең тиімді жолы – осы», – дейді ол.
Расымен де, мұсылмандықтың бір белгісі – сүндеттеуге ықтияттық қазақ үшін осылай болғаны дұрыс та шығар. Әйтпесе кім біледі, күндердің-күнінде сүндеттеудің ислам дінінен өзге Орталық Америка үндістерінің, африкалық тайпалардың, болмаса, еврейлердің тәсілдері еніп кетіп жүре ме?
Тағы бір түйінді мәселе, «жетімдер үйінде өсіп жатқан мұсылман балалардың барлығы дерлік сүндеттелмейді екен» деген әңгімені көп естіп жатамыз. Бұл жөнінде сөз арасында Медет Балтабеков те айтып қалды.
– Сүндеттелген баланы белгілі бір уақытқа дейін күту керек. Оған дәрі-дәрмектер де қажет болып жатады. Оның үстіне, сүндетке отырғызу – қазір ақылы. Сол себепті де балалар үйі үшін бұл қиынға соқпақ. Ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды мекеме басшылығы сүндеттеуге асықпайтыны маған бесенеден белгілі. Ержеткен мұсылман балаларының сүндеттелуге кейін өздерінің баруына тура келеді. «Ештен кеш жақсы» әрине, бірақ уақыты өтіп кеткеннен кейін сүндеттелу денсаулыққа қауіпті.
Сөз болып отырған мәселені дұрыс жолға қоймаса болмайды. Бәлкім, ауруханалармен келісіп, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқандарды дер кезінде сүндеттеуді мемлекеттік тұрғыда шешу керек шығар?
Иә, кейбір кездері жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық жасалып, мұсылманның бұл парызын қалталы жандар мен Түркиядан осы мақсатта арнайы келген жандар өтеп жатады, оны білеміз. Бірақ біреулерге сенім артып отыра беруге болмайды ғой. Олар бүгін бар, ертең жоқ, – дейді ол жанашырлықпен.
Бұл Алматы қаласы білім беру басқармасының мектепке дейінгі және интернат мекемелері бөліміндегілердің жауапкершіліктеріне жүктеліп отырған шаруа болғандықтан, біз анық-қанығын білмек болып, бөлім бастығы Қорлан Алтынбекқызымен хабарласқан едік. Ол сауалымызға:
– Мен мұндай кемшіліктердің бертінге дейін орын алғанын мойындаймын. Рас, ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларды сүндетке отырғызу мәселесінің машақаты көп болды. Олардың арасында сүндеттелмей қалып, ержетіп кеткендер шынымен баршылық. Алайда қазір мұсылманның парызын өтеуді мықтап қолға алдық. Қазір интернат тәрбиеленушілерін уақтылы сүндеттеуге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Қайырымдылық көрсетушілердің қолдауымен тіпті сүндет той жасауды да жолға қойдық, – деп жауап қайырды. «Дұрыс болған екен» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ әрине.
Ал, жалпы, әңгіме өзегі болған мәселеде бірқатар түйінді түйткілдер баршылық. Сөз соңында айтарымыз, мұсылман елі болғандықтан, оған жол бермеуге тиіспіз.
ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК: Сүндеттеу біздің заманымызға дейінгі 2500 жылдары ежелгі Мысырдан бастау алса керек. Деректерді алға тартсақ, Жер шарындағы еркек кіндіктілердің алтыдан бір бөлігі сүндеттелген. Ал БҰҰ мәліметі «сүндеттелгендердің саны 670 миллионға жуық» дейді. 1,5 миллиардқа жетіп жығылатын мұсылмандарды былай қойғанда, қазір Еуропа елдерінің халықтары арасында балаларын сүндетке отырғызып жататындар саны артып келе жатқанға ұқсайды. Өйткені сүндеттеудің қаншалықты пайдалы екендігі медициналық тұрғыда дәлелденіп отыр.
Айтпақшы, қытайлық мамандар жылдам сүндеттейтін құрылғы ойлап тауыпты. Авторы – өнертапқыш Цзянь Чжуңшаң. Бұл медициналық құрал ең алғаш Кенияда сыналған. Өйткені Африка елдерінде түрлі аурулар тарап кеткен. Ал сүндетке отырғызу арқылы солардың талайының алдын алуға болатын көрінеді. Құралдың көмегімен әдетте 20 минутқа созылатын мұндай отаны енді бес-ақ минутта жасаудың мүмкіндігі тумақ. Әрі ешқандай зардабы болмайды деседі.