Зерттелмеген Сүмбе сақ-үйсін қорғандары құрып кетуі мүмкін
Жетісу өлкесі сақ-үйсін дәуірінің ескерткіштеріне өте бай. Содан болар, әлі күнге ғалымдар мен тарихшылар көріп-білмеген тарихи орындар жетерлік. Біз осы демалыс күндері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылы аумағынан солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан 13 (одан да көп болуы мүмкін) бірдей обаны тауып алдық. Бұл қорғандардың астында қандай жәдігеріміз жатыр? Белгісіз. Белгілісі – аталмыш қорғандар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енбеген, зерттелмеген.
Кіріспе орнына
Көнекөз қариялар: «Сүмбе ауылының солтүстік беткейінде үлкен қаланың орны бар» деп айтып отыратын. Ол кезде «Біреу жер қазғанда қыш құмыра, алтын сырға, тарақ, айна т.б шығыпты-мыс, құмға барған жігіттер бір мүрденің үстінен түсіп, алтын бұйымдарды бөлісіп алыпты-мыс» деген секілді алыпқашпа сөздер де жиі естілуші еді. Бала болған соң, аса мән бере қоймаппыз. Өткен бір жолы Есік қорғандарына барған кезде сол әңгімелер қайта ойыма оралды. Есіктегі сақ қорғандары Рахат-Өрікті қаласынан шамамен 2,5 - 3 шақырым қашықтықта орын тепкен. Балалық балғын шағым өткен сол Сүмбе ауылының бас жағында Рахат-Өрікті секілді көне қала болғаны рас болса, оның қорымдары қайда? Өз-өзіме төтеден қойылған сұраққа жауап бере алмай, біраз тұрып қалдым. Бір мезетте ауылдың аяқ жағындағы үш-төрт төбешік ойыма оралды. Ескі қаланың орны мен бұл жердің арасы да шамамен 2,5-3 шақырым қашықтықта жатыр. «Алда ауылға бара қалсам, сол төбелерді суретке түсіріп, өзімше бір зерттеу жүргізіп қайтайыншы» деген тоқтамға келдім.
Қорғандар
Сол ойымды іске асыру үшін осы сенбіде аталмыш төбелерге арнайы соқтым. Мен ойлағандай үш-төрт төбе емес екен. Бір сызықтың бойында 13 қорған жатыр. Барлығының аумағы бірдей. Ұзындығы шамамен – 30 метр, ені – 20 метр. Қорымдардың көпшілігінің арасының арақашықтығы 100-110 метр. Тек 6-7, 9-10 қорымдардың арасы өте жақын, шамамен арасы 25-30 метр. Ал биіктіктері әртүрлі. Ең қызығы, 13 қорғанның бәрі дерлік анау айтқандай, бүлінбеген һәм тоналмаған. Бірақ қазақ тарихынан елеулі орын алуы мүмкін осы қорымдар ауылдың ішінде орналасқандықтан, құрып кету қаупі барлығы аңғарылады. Өйткені ауыл азаматтары «ұра қазамын» деген секілді желеумен әр жерін бір шұқып, обаларды бүлдіре (үш оба бүлінген) бастапты. Мұнымен қоса, негізгі жеті қорған ауыл тұрғындарының жекелік жерінде тұрғандықтан, айналасына картоп егіледі. Сол картопты суару мақсатында қорғандардың айналасында арықтар қазылыпты. Бұл да жердің тегістеліп кетуіне әсер етпей қоймайды.
Обалардың жалпы сипаттамасы...
Енді әр қорғанға қысқаша сипаттама келтірсек...
1-қорған. Биіктігі жалпы жер бедерінен шамамен – 2-3 метр. Қорым төбесінде шағын тас үйіндісі бар. Мүрденің адам қолымен тоналмағаны аңғарылады. Солтүстік қапталы мен оңтүстік беткейінен аз шамада топырақ алынған. 2-қорған. Биіктігі жалпы жер бедерінен шамамен – 5-7 метр (бірінші қорымнан оңға қарай). Солтүстік жағы үңгіп қазылған. Оңтүстік қапталында су ағатын арық бар. Қорым өзге қорымдардан ерекше. Топырағы жалдата үйілген. Өзге қорғандардан биіктігімен ерекшеленеді. 3-қорған. Оңтүстік және солтүстік қапталдарынан арық қазылған.
Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 4-5 метр. Үсті тегіс. Қорған тоналмағаны байқалады. 4-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 3-4 метр. Үстінің едәуір бөлігі қазылған. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, бір азамат көкөніс сақтайтын ұра қазған. Астынан адам сүйегі шыққан соң, жерді қазу тоқтатылыпты. 5-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 3-4 метр. Анағұрлым жайдақ. Үстінде тастар бар. 6-қорған. (бірінші қорымнан солға қарай) Биіктігі жалпы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Үстін үңгіп, төрт бұрышты қазылған. Қазылғанына өте көп уақыт өтпегені аңғарылады. Айналасы толған тас. Ерекшелігі мұндағы тастар ірілеу. 7-қорған. Биіктігі –жалпы жер бедерінен шамамен 2-3 метр. Тоналмаған. Үсті жайдақ. 8-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Тоналмаған. 9-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 1-1,5 метр. Тоналмаған. 10-қорған. Биіктігі – жалпы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Тоналмаған. Таза сақталған. Қорым үлкендігімен ерекшеленеді. 11-12 қорғандар. Биіктігі –жалпы жер бедерінен шамамен 2-2,5 метр. Адам қолы тимегендігі, тоналмағандығы байқалады. 13-қорған. Бұл қорым жуық арада қазылыпты. Қабірдің көп бөлігі зақымданған.
Сіз не дейсіз?
Досым Зікірия, Есік қорық-мұражайының ғалым-хатшысы:
– Жалпы Жетісу өлкесі, оның ішінде жазиралы Кеген-Нарынқол өңірі ежелгі дәуір ескерткіштеріне өте бай. Ол өңірдегі ескерткіштерді зерттеу сонау Кеңес заманынан басталса да, әлі толыққанды зерттеліп бітпеген. Сіздер сипаттап отырған қорғандар, сыртқы сипатына қарағанда сақ-үйсін дәуіріне тиесілі секілді. Амал не, әзірге Сүмбе ауылының маңындағы ол ескерткіштердің зерттелгені жайлы бірде-бір мәлімет жоқ. Олардың тіпті, төлқұжаты да толтырылмаған. Сондықтан да, аса құнды, ешқандай тоналмаған тарихи-мәдени ескерткіштер жан-жағынан құрылыс қоршап, басқа да мақсаттарға пайдаланылып құрып кету қаупінің алдында тұр деп білемін. Өте өкінішті. Тездетіп осыларды қолға алмасақ, құнды мұралардан айырылып қаламыз.
Тас диірмен
Қорғандарды аралап жүрген кезде Нұрым деген кісінің келіншегі менен жөн сұрады. Ол кісінің айтуынша, осы қорымдардың біреуінен диірменнің тасы табылған. Ол тас үйінде сақтаулы тұр екен. Апайдың рұқсатымен аталған жәдігерді көзіммен көрдім. Астыңғы тастың түсі – ақ. Салмағы – 10 кг шамасында. Бір бұрышы кетіліп сынған. Ортасындағы тесігі аса шеберлікпен тесілген. Тастың үстіңгі бетінде тартылған ұнды шығаратын сызықтар бар. Нақты санын санау мүмкін емес. Үстіңгі тастың түсі – қызыл. Салмағы – 15 кг шамасында. Астыңғы бетінде ұн шығару үшін арнайы екі сызық сызылған. Ортасының тесігі шебер тесілген. Бетінде диірменнің ағаш тұтқасын бекітетін және бір тесік бар екен. (ағашы сақталмаған).
Бізден бір ой
Осыған дейінгі ғылыми зерттеулерге сүйенсек, бұл обалар б.з.б. ІІІ-І ғасырларда тұрғызылған болуы мүмкін. Себебі, Сүмбедегі қорғандар сол кезеңде бой түзеген Қаратал, Қарғалы, Қапшағай-3, Бесшатыр-2, Үңгірқора, т.б обаларға ұқсайды. Ол дәуірде мұндай қорымдарының саны 5-10, кейде одан көп болатын болған. Сонымен қатар көбіне қорғандар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасады-мыс. Ал бұдан кейінгі кезеңдерге тән үйсін қорғандары шашыраңқы болып келеді екен.
Тақырыпқа орай
Жарас Кемелжан, журналист:
– Сартауды бала жасымнан Үйсін тауы деп естіп өстім. Демек, бұл өлкені ертеректе Үйсіндер мекендеген болуы мүмкін. Қытай жазбалары да соны дәлелдейді. Ал Хан Тәңір шыңының астында Шаты деген ауыл бар. Бұрын бұл Шаты аңғары Үйсін күнбидің жазғы астанасы болыпты. Мұны да Қытай жазбаларынан оқыдық. Кейін бұл туралы Қытайдағы жазушы-тарихшы Сұлтан Жанболатов «Үйсін күнби» тарихи романында жазды. Шаты аңғары – Хан Тәңірдің етегіндегі Тянь-Шань тауының теріскей беті. Оның жаздық астана болуының бір себебі – сол теріскейде орналасқанында болуы мүмкін. Өйткені Шаты жазы салқын, тау самалы соғып тұратын жанға жайлы мекен. Ендеше, Үйсін патшалығының қыстық астанасы, яғни хандықтың тұрақты мекені қайда орналасқан? Бұған бір болжам – қыстық астана, яғни хандықтың тұрақты мекені қалай да күнгей бетке орналасады. Яғни Сартаудың бөктеріндегі Сүмбе ауылы, Қытай бетіндегі Сүмбе, Ерменді, Түргенбұлақ ауылдары Үйсін күнбидің ордасы деген заңды ой туады.
Түйін
«Жетісудың Сүмбе, Лепсі, Суяб, Құлан, Батыс Ақтөбе сияқты көптеген ортағасырлық қалаларының астынан үйсін дәуірінің қабаттары ашылуы әбден мүмкін». Бұл – біздің емес, қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Кемел Ақышевтің пікірі. Бұл сөзді Кемел Ақышев бекер айтпаса керек. Бұған дейін ешбір археологтың назарына ілікпеген Сүмбе сақ-үйсін қорғандардың астында үйсін дәуірінің бар байлығы һәм жәдігерлері жатқан жоқ па? Бұл сұраққа жауапты бәріміз іздеуге тиіспіз...