Жер кодексінің 24-бабында: «Жер шетелдіктерге, яғни қытайларға 25 жылға жалға беріледі, ал 6-бапта шетелдіктер, яғни қытайлар жерді пайдалануда Қазақстан азаматтарымен тең құқылы» деп анық, нақты жазылған.
Қоғам белсендісі әрі Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов өзінің facebook парақшасында жер мәселесіне қатысты тағы бір маңызды мәселе көтерді. Оның айтуынша, жұрт пандемия, коронавирус әлегімен жүріп, талай дүниенің байыбына бара алмай жатқанға ұқсайды. Яғни халық жер мәселесінде шешімін таппай жатқан, әлі де өзекті дүниелер бар екенін ұқпай жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісі әрі Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауовтың жазуынша, Жер кодексінде қытайға өте қолайлы, қазаққа аса қауіпті баптар бар. Әсіресе, аталмыш құжаттың 6-шы және 24-ші бабы өте қауіпті.
«171 бабтан тұратын Жер кодексінде ұлт мүддесіне қайшы келетін және ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін баптар өте көп. Жер кодексінің 24-бабында: «Жер шетелдіктерге, яғни қытайларға 25 жылға жалға беріледі, ал 6-бапта шетелдіктер, яғни қытайлар жерді пайдалануда Қазақстан азаматтарымен тең құқылы» деп анық, нақты жазылған.
Енді кімге сенеміз?
Конституциялық күші бар Жер кодексіне ме? Әлде 2018 жылы Мұхтар Тайжанның ұсынысымен осы баптарды енгізіп, «Жер кодексі керемет» деп сүйінші сұрап, халықты ақымаққа теңеп, алдаған сөзіне сенесіңдерме?! Немесе Президенттің «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп айта салған заңдық күші жоқ сөзіне сенесіңдерме?!», - деп жазады өзінің facebook парақшасында.
Сөзіне дәлел ретінде Қазақстан Республикасы Жер кодексі туралы заңының сілтемесін салған.
Тағы бір жазбасында бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келе жатқанын айтқан.
«Отанымыз, анамыз, ұрпағымыз. Жер мәселесін көтеру үшін халықтың құқықтық сауатын ашу мақсатында төрт жылдан бері жиі пост, мақала жазып келемін. Жер туралы жазғанымда басым көпшілігі "қолдаймыз" деп пікір жазса, кейбір намыссыздар "мені арандатушыға теңеп, өтірік айтып отыр" деп жазады.
Бірақ олар жер заңын оқымағасын, нені қолдайтынын, неге қарсы екендерін білмей жатады.
Негізгі мақатым, ұрпақ болашағына қарсы жазылған заңның баптарын халыққа дәлелдеп түсіндіру және жер мәселесінде қара бастарының пайдасы үшін халық мүддесін сатқан Мұхтар Тайжанның және оны қолдаған заңгерлердің, белсенділердің кім екендерін халыққа жеткізу; олардың жұртты алдап, ұлт мүддесіне қайшы енгізген бабтарын заңға сүйене, дәлелдеп беру», - деп жазған.