Бүгінде мамандардың біліктілік деңгейін көтеру мәселесі жанып тұрған «модаға» айналды. Дамыған жоғары технологиялар заманы мұны талап ететіні де рас. Ашылып жатқан жаңалықтардан, ғылыми жетістіктерден сырт қалмай, өзінің білім-біліктілігін көтеріп отыру – басты талаптардың бірі. Алайда кейде талап етеміз деп асыра сілтеп жіберетініміз тағы бар. Бізде көбіне бұйрықтар, жарғылар жылы кабинеттерде қабылданатыны рас. Соған орай шалғай жатқан ауыл-аймақтың жағдайы көбіне ескеріле бермейді.
Соның салдарынан тәжірибе жинаймын, біліктілігімді көтеремін деп жұмысын жиып қойып, табанынан тозып жүрген бір жұрт. Айтпағымыз – орта буын мамандары санатына жататын медбикелердің біліктілігін көтеру мәселесі. Бүгінде енгізіліп жатқан жаңа медициналық технологиялар талабы тек дәрігерлердің ғана емес, медбикелердің де кәсіби біліктілігін арттыруды талап етеді. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесі түсінікті. Ал медбикелер ескі жүйемен жұмыс істей берсін деп отырған да ешкім жоқ. Дегенмен қала және ауыл медбикелерінің жағдайлары ескерілсе, жеңілдік жасалса дейтіндер де жоқ емес. Бүгінгі таңда еліміздегі аурухана, емханаларда 150 мыңға тарта медбике қызмет етеді. Бір жылда республика бойынша орта есеппен 2,6 миллион адам стационарлық ем алады, 137 миллионы амбулаторлық-емханалық қабылдауда болады, жедел жәрдем қызметіне 6 миллионнан астам шақырту түседі екен. Бұдан шығатын қорытынды дәрігерлерден бөлек, медбикелердің қызметі қаншалықты ауыр, жауапты екендігі айтпаса да түсінікті. Жұмыстың ауырлығына қарамастан енді белгілі бір санатқа өту үшін, біліктілігін көтеру үшін қосымша жүгірулеріне тура келіп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандары үшін бiлiктiлiк емтиханын өткізу қағидасын соңғы жылдары тіптен қатайтып жіберді. Министрліктің бұйрығы бойынша мамандар біліктілік санатына берілетін сертификат алу үшін балл жинауы қажет. Сынақ бірлігі дәрігерлер үшін – 270 балл, ал орта буынды мамандар үшін 254 балды құрайды. Осы балды жинау үшін медбике болсын, жоғары дәрежелі дәрігер болсын, арнайы семинар, тренингтерге қатысуы керек мақала жазуы керек. Шетелге барып тәжірибе жинау мәселесі – бұл өзінше бір төбе. Қалалық жерде жұмыстан сұранып, орнына біреуді қалдыра тұрып семинарға қатысуға болады. Ал аудан, облыс орталықтарынан шалғай жатқан ауылдардағы медбикелер семинарға қалай қатыспақ? Олар үшін ауылға барып лекция оқып, сертификат тапсырып кететін «жалпақшешейлер» жоқ әзірге. Ал ауданға келіп, қонақүйге жата ма, жолақысын өзі төлей ме, оған бас ауыртатын бастықтар жоқ. Министрліктің бұйрығы солай деп міз бақпайды. Ал енді тағы бір қызыққа қараңыз, республикалық, облыстық, аудандық газеттерге мақала жазуы керек медбикелер. Олар сонда жұмыс істей ме, жоқ жаңалық ашып, ғылыммен айналыса ма? Әрине, уақыты жоқ, жұмысы көп медбикелер ойдан қырдан құрап-сұрап, көшірме мақалаларды көбейткеннен басқа шарасы жоқ. Мақала жазғаннан олардың ғылыми көкжиегі кеңейіп, біліктілігі артып кетеді дегенге ешкім де сенбес. Осы газеттерге шыққан мақала 8,10 балл деп есептелінеді екен. Ол мақаланы тегін басатын тетік тағы жоқ. Яғни медицинадағы науқанды тиімді пайдаланғысы келген газеттер жарты беттік мақала үшін мыңдап теңге сұрайды. Медбикенің атынан өздері дайындап беретін болса осы баға.
Ал егер медбике өзі «ойдан» шығарып жазып әкелсе, екі мың теңгеге шығарады. Бұл ең арзаны. Араны апан кей газеттер әр әрпі үшін ақы сұрайды. Жарытымсыз жалақыға қарап отырған медбике аталған балды жинау үшін мақаланы «бұрқыратуы» тиіс... Ал енді министрліктің аталмыш бұйрығына келсек, ҚР «Денсаулық сақтау саласында бiлiктiлiк емтиханын өткiзу ережесiн бекiту туралы» №457 бұйрығы 2012 жылғы 5 шілдесінде бекітілген. Осыған орай Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін бiлiктiлiк емтиханын өткізу қағидасы енгізілген. Осы құжатта «Жалпы ереже бойынша маманның үздіксіз кәсіби даму жүйесіндегі сынақ бірлігі маманның кәсіби қызметінің нақты кезеңіне үздіксіз кәсіби дамуына ықпал ететін іс-шараларға қатысу көлемін өлшеудің шартты бірегейлендірілген бірлігі, практикалық дағдыларды бағалау – мамандардың практикада теориялық бiлiмдерiн қолдана бiлуiн анықтау, сынақ бірліктерін жинақтау жүйесі – үміткердің соңғы бес жылда үздіксіз кәсіби даму іс-шараларына қатысуын біртіндеп есепке алу жүйесі, маман сертификатын алуға үміткер медицина қызметкері осы біліктілік Қағидаларына сәйкес бiлiктiлiк емтихандарын тапсыруы тиіс» делінген. Сөзбе-сөз келтіріп отырмыз. Аталмыш құжатты оқып отырып, ғылыми тілде жаттыққан маман, не болмаса ресми тілге үйренген адам болмаса мына құжатты миында қорытуы қиындау. Мәселен, осы құжаттың 2-тармақшасында былай дейді: «Міндетті біліктілік емтихандары осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік санаты берілмейтін маман сертификатын берумен аяқталады». Не түсіндіңіз? Сонымен қатар, «Біліктілік санаты беріле отырып және біліктілік санаты берілмейтін маман сертификаты Қазақстан Республикасының аумағында берiлген күнiнен бастап 5 жыл бойы қолданыста болады. Осы мерзiм өткеннен кейiн сертификаттың қолданысы тоқтатылады» делінген. Яғни бес жылдан кейін жүгіріс тағы да басталады. Талап бойынша соңғы бес жылда мамандығы бойынша жоғары білімі бар мамандар үшін жалпы көлемі 216 сағат және орта медициналық білімі бар мамандар 108 сағат көлемінде біліктілігін арттырудан өткендігі туралы куәландыратын құжаты болуы тиіс. Тестілеуді өткізудің мақсаты теориялық білімдерін, ҚР Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды білуінің, сондай-ақ тиісті мамандық бойынша тәжірибелік амалдарды шешу қабілеттілігін ұтымды пайдалана білуі қажет көрінеді. Бізде көбіне біліктілік талаптары дегенде тест түрінде өтеді. Ал тәжірибе жүзінде өткізсе, тіпті тамаша болар еді. Онда теориялық білімнен гөрі, тәжірибесі артар еді мамандардың. Одан бөлек аудан, ауылдарға барып көшпелі семинарлар өткізілсе, онсыз да жұмысы басынан асатын мейірбикелерге зор көмек болары сөзсіз. Министрліктің мамандар біліктілігін арттыру мәселесі дұрыс-ақ. Алайда оны сол мамандарының жағдайына, жұмысына ыңғайластырып жасағаны керек...
Сәмет БАДАЛОВ, «Ай нұры» клиникасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Жыл сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы қанша маманның біліктілігін көтеру керектігіне алдын ала жоспар жасайды. Соған орай дәрігерлер де, орта буын мамандары да біліктілігін көтеріп, категориясын жоғарылатып отырады. Егер ірі қалаларда семинарларға баруы керек болса, оған әлбетте жолдама беріледі. Ауылды жерлердегі медбикелер қалаға келіп семинарларға қатысуы тиіс. Ал газеттерге мақала беру мәселесіне келсек, негізінде әлбетте екі дана мақаласы шығуы тиіс. Бірақ осы талаптарды толық орындаудың өзі медиктердің жылдық табысынан асып кетіп жатқан жайы бар. Қаладағы әріптестерімізге бұл ақша көп болмауы мүмкін. Бірақ ауылдық жерлердегі сала мамандарының шамасы жете бермейді.
Ләззат ҚАШҚЫНБАЕВА, ОҚО Медициналық қызметтің сапасын бақылау басқармасының бастығы:
– Облыс бойынша 14 медициналық колледж бар. Олардың 10-ы – жекеменшік оқу орны. Оны бітірген жас маман клиникалық тәжірибеден өтер алдында тест тапсырып, сертификат алуы керек. Денсаулық сақтау кодексінде практикалық жұмысқа кірісер алдында маманның біліктілік деңгейін меңгергендігі туралы емтихан алынуы тиіс. Жинаған бал 40 пайыздан төмен болса өтпеген болып есептелінеді. Бақылаушы орган болған соң жоспарлы түрде ғана тексере аламыз. Кез келген уақытта оқу орнын тексеруге құқымыз жоқ. Одан кейін арыз түскен жағдайда ғана тексере аламыз.
Алақандай ақпарат
Халықаралық медбикелер күні белгіленген. Бұл күн Қырым соғысы кезінде (1853-1856) әлемдегі алғашқы ізгілік бикелерінің қызметін ұйымдастырған ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай атап өтіледі.