Еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың осыдан біраз уақыт бұрын кеңейтілген алқа мәжілісіндегі мәлімдемесі біздегі сыбайлас жемқорлықтың жаңаша сипатқа енгендін көрсетіп берді. Жасаған қылмысы әшкереленіп, жауапқа тартылған қылмыскердің жазадан жалтару мақсатында жүйке ауруына ұшырайтын «тәсіл» тапқаны жақсылықтың нышаны емес. Қоғамда, әрине, ақыл-есінде ауытқушылығы бар адамдардың ісіне кешіріммен қарайтын көзқарас бар. Бірақ, бұл туа бітті науқастарға қалыптасқан шарт қой. Ал жауапты қызметке тұрып, үлкен істерге жұмсалуға тиісті қаражатты талан-таражға түсіргенде, «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керімен, «аттан түсе салысымен», «жынды» боп қалатын атқамінерлердің ісіне не жорық?
Дауылбаевтың ашық теңіз бетінде дауыл тұрғызғандай әшкерелеген осынау мәлімдемесіндегі фактілерге сүйенсек, «Тергеу барысында «кенеттен» жүйке ауруына ұшыраған 11 адамның қылмыс жасаған сәтте мемлекеттік органдарда ұзақ уақыт бойына лауазымды қызмет атқарып келгендігі анықталған. Олардың арасында 3 әкім, 3 әскери қызметші, 2 бас дәрігер, 2 бухгалтер және 1 поезд бастығы бар». Көріп отырсыз, «ұзақ уақыт бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызметтер атқарып келген». Демек ол кезде ақыл-есі дұрыс, бюджет қаржысының қандай мақсатқа, қанша мөлшерде жұмсалуы тиістігін жақсы білген. 11-дің 3-еуі әкім екен. Аудан, не қала әкімі екені баса көрсетілмегеніне қарағанда ауыл әкімі болуы мүмкін. Солай болған күнде оны ауыл әкімі қызметіне тағайындарда мемлекеттік лауазымды атқаруға лайық, не лайық еместігі қалайша анықталмаған? Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің өңірлердегі өкілдіктерінің көз алдынан әкімдік қызметке бара жатқан тұлға туралы мәлімет күні бұрын өтеді емес пе? Нақ сол кезде есі дұрыс, өз ісіне жауапты екендігін айғақтайтын мінездеме немесе бұл саладағы қызмет тәжірибесінің қаншалықты екендігі ескерілген болса, оның көп кешікпей жемқорлыққа қатысы бары анықтала бастағанда «кенеттен» жүйке ауруына ұшырай қалатындығы ақылға сыя ма? Мұны бір деңіз, мемлекеттік қызметке тағайындалатын адам (әсіресе әкімдер) міндетті түрде тестілеуден өтетіні қайда? Сол кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға байланысты сұрақтардың сынынан сүрінбей өтіп, артынша «араны ашылып» кететіні қалай?.. Оның үстіне ол шенеунік мұндай шешімге өздігімен бармауы да мүмкін, яғни, қаржылық қитұрқылықтарды жүзеге асыру жолында жемтіктес болған өзінен құзыры үлкен әкімнің «ақылымен» осы қадамға баруы ғажап емес қой. Демек, бұл арада жауапқа «жынданып» кеткен әкім ғана емес, сол кезде қарамағындағы кадрдың жұмысын қадағалай алмаған аудан не қала, тіпті, облыс басшылары да тексерілуі тиіс. Бұл арада өзінің парамен ұсталған орынбасары үшін өз еркімен отставкаға кетуге арыз берген ҚР ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің қадамы олар үшін үлгі боларлық демеске амал жоқ. Өйткені, өңірдегі әртүрлі деңгейдегі әкімдердің қай қайсының да жұмысын ауылшаруашылығы саласынан бөліп қарауға болмайтыны түсінікті.
Хош делік, әкімдердің жайы осындай болған соң «есі ауысқандардың» ішінде 2 бас дәрігер, 2 бухгалтер, 3 әскери қызметші және 1 поезд бастығының да барына қарасаңыз, біздегі сыбайлас жемқорлықтың барлық саланы жайлап кеткені байқалып тұр. Ең сорақысы сол, қылмысы үшін жауапқа тартылуға тиісті 35 адамның 21-і ауыр, 9-ы аса ауыр қылмысы үшін айыпталғанымен, олар «кенеттен» жүйке ауруына ұшырап қалған. Бұл өз алдына енді оларды жазадан құтқару мақсатында медициналық шараларды мәжбүрлеп қолдану деректері бойынша қозғалған қылмыстық істер де көзден таса қалмақ емес. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу мерзімін созу туралы денсаулық сақтау мекемелері ұсыныстарының негізділігі де жан-жақты зерттеліп, тексерілмек. Демек, енді қаражатты желге ұшырып, жемқорлығына байланысты жауап беруге келгенде жүйке ауруларын емдейтін медициналық мекемелерге барып, жатып қалуға жол жабық деген сөз. «Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлегісі келетін» әкімқараларға анықтамалық беретін дәрігерлердің де «басы екеу емес». Бас прокурордың қоғамдық кеселдің қоясын ақтару жолында белін бекем буғаны шенеуніктердің көбісін «тәубесіне түсіргені» даусыз. Ал сіздің әкіміңіз қайда, «жындыханаға» кеткен жоқ па?..
Жазадан құтылудың жалғыз жолы – жындыханаға жату
Последние статьи автора