Жаудың танкілерін тойтарған Сембай Қалиев
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Кеңес тұсында өмір сүріп келген «Ешкім де, ешнәрсе де ұмыт болмайды» ұран сөзі қайта жаңғырып, санамызды кешегі қаһарлы жылдардың от пен жалыны тағы да шарпып өткендей күй кешудеміз. Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін тарихымызды өз көзімізбен, өз сөзімізбен қайта жаза бастадық.
Біздің бүгінгі әңгімеміз Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін болған, 56-ақ жыл өмір сүрген Сембай Қалиұлы ҚАЛИЕВ жөнінде болмақ. Соғыс ардагерінің еншісінде үш орден, бес медаль бар. Соғыстан оралғанда солардың барлығы омырауында болған. Қазір құжаттарының барлығы Алматы қаласында тұратын ұлы Ертіс Сембайұлының қолында сақтаулы. Бұдан басқа КСРО Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының Сембай Қалиевтің атына жолдаған 14 алғысхаты да – отбасылық мұрағаттың баға жетпес қазыналары.
Ең басты өкініш – осы құнды қазыналардың қатарында Кеңес Одағы Батыры атағын білдіретін Алтын Жұлдыз орденінің жоқ болуы. Есіл азаматқа жоғарғы атақ берілмей қалған.
Соғыстан аман-есен оралып, 1972 жылы қайтыс болған Сембай Қалиев 1916 жылы Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1933 жылы бастауыш сыныпты бітірген соң, қой шаруашылығы курсын тамамдайды. Одан кейін мектептегі оқуын әрі қарай жалғастырып, 6-сыныпты «май зауытының шебері» деген мамандықты қоса алып аяқтайды. Жасы кәмелетке толған шағында, 1937 жылдың 6 тамызында міндетті әскери борышын өтеуге аттанды. Белгілі әскери бөлімшеге келісімен, Қиыр Шығыстың 66-шы артиллерия полкына жіберілді. Мұнан кейін кіші командирлер даярлайтын полктік мектепте оқып, оны мерзімді уақытында үздік бітіріп шықты.
1938 жылдың 28 шілдесінде Жапонияның самурайлары тұтқиылдан шекараға тап берді. Шығыстағы майдан шебіне өз құрамасымен бірге Сембай да аттанды. Сөйтіп, ол Халкин-Гол шайқасына қатысып, жапондық самурайлардың сазайын тарттырып, шекарадан қуып шыққандардың қатарында болды.
1940 жылдың күзінде әскери міндетін абыроймен атқарып, елге аман-сау оралған болатын. Туған жерге келісімен, аудандық оқу-ағарту бөлімінің жанындағы әскери іс жөніндегі инспекторы болып қызметке алғаш араласа бастаған беті еді. Қараниет алпауыт күштің тұтқиылдан келіп, Отанымызға қанды тырнағын салғаны, туған ел, асқар ана, сүйген жардан айырылысар сәт, кейін бес жыл бойы неміс фашистерімен қиян-кескі шайқастар, бәрі-бәрі Сембайдың көз алдынан елестеп, тізбектеле өтіп жататын...
Өзімен-өзі болып жататын тіршіліктің шырқы бұзылды. Дүрбелең кезең басталысымен-ақ, Сембайға аудандық соғыс комиссариатынан шақыру қағаз келді. Ауыл-аймақ тағы да дүркіреп көтеріліп, туған жерді жаудан қорғауға аттанар ер-азаматтарды шығарып салу қамында жүр. Жер мен көк айғай-шудан күңіренгендей болды.
Жиналған көп ішінде Бүжікен әжей ғана өзін берік ұстап, жаулығының ұшымен көзін анда-санда сүртіп қояды. Жолаушы топ орнынан қозғалар сәтте ғана ұлы Сембайды бауырына басып, екі бетінен алма-кезек сүйді.
– Үш жыл әскери борышыңды атқарып келгенің бір күнгідей болған жоқ еді, құлыным. Ештеңе ойламай-ақ жүруші едім. Енді бұған да тоқтау қылмасқа шара жоқ. Тек жауды жермен-жексен етіп, жеңіспен туған еліңе аман-сау оралуыңды тілеймін.
Қарт әже жанында «апалап» келіп тұрған келіні Қадыкенді енді аңғарғанда, бір сәтке кейін шегіне беріп, жаулығының ұшын көзіне апарды. Жас келін енесінен имене тұрып, ерімен қимастай қоштасты. Жасқа булыққан күйі енесінің құшағында қала берді.
Аспаның жерге айналып түсердей шілде айының шыжыған кезі. Солдаттарды тиеген ауыр состав батысқа қарай емес, тұп-тура шығысқа бет алып зулап келеді. Араға бірнеше күн салып Қиыр Шығысқа да жетті олар. Сембайды мұндағы Н-ші артиллерия полкіне жіберді.
Сембай өзі басқаратын зеңбірекшілер түгілі, тіпті батарея, батальон жігіттерімен тез танысып, шүйіркелесе кетті. Кейін батарея коммунистері партия жиналысында Сембайды бастауыш партия ұйымының хатшылығына бірауыздан сайлады. Ол аз уақыттың ішінде іскер командир әрі коммунистердің саяси басшысы екендігін көрсете білді.
1942 жылдың желтоқсаны. Түкірген түкірік жерге түспейтін қақаған аязды күн болатын. Артиллерия полкына 400 сержантты майдан шебіне жақын апаратындығы жайлы бұйрық оқылды. Батысқа, майданға баратындардың ішінде кіші сержант Сембай Қалиев те бар-ды.
Кілең кіші командирлерді тиеген эшелон бірнеше күн жол жүріп, түн ішінде Мәскеудің түбіне алып келді. Ертеңінде олар түгелдей десант бригадасындағы барлаушылар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа қабылданды. Бірер жұма ішінде, әсіресе түнде самолеттен парашютпен секірудің тәсілдерін оқытып, үйретті. Бұрын да әскери тәртіпті меңгеріп шыныққан Сембайға парашютпен жерге секіру онша қиынға түскен жоқ.
1943 жылдың қаңтар айы ішінде әскери жаттығудан өткен сержанттар тобы Н-ші әуе-десант дивизиясының артиллерия полкына жіберілетіні жайлы бұйрық оқылды. Бірінші батареяның №1 зеңбірек командирі етіп Сембай Қалиевті тағайындады.
Сол күні Сембай 76 миллиметрлік зеңбіректі қабылдап алып, құрамындағы адамдармен жүздесті. Зеңбірекшілер құрамында сержант И.Коваль (наводчик) және сержант Исмаилов (зеңбірек құрушы), Агеев, Шевченко, Шмелько (зарядшылар) бар. Батарея командирінен бұйрық болғанша, Сембайдың өзі бас болып, зеңбіректі бабына келтіріп тазалап қойды.
Бұлар батарея құрамымен ілгері жылжи отырып, таң сібірлеп атқан мезгілде ғана қалың орманнан шықты. Батарея командирі зеңбіректерді қай жерге орналастыру жөнінде бұйрық беріп, міндеттерін белгіледі.
Майдан шебі жақын. Зеңбіректердің дүрілдеген даусы бағанағыдай емес, жиі естіле бастады. Бір кезде батыс жақтан немістің сексен самолеті қара түнектей қаптап кетті. Әскери күштің шоғырланған жерін білгендей-ақ, бомбаларды аспаннан қарша боратты. Бұл жолы көрші орналасқан екінші зеңбіректің командирі М.Худяков және көптеген солдаттар жараланды. Жау самолеті ұзап кеткеннен кейін жаралылар тылға жөнелтілді. Бұл Сембайдың жау самолетін алғаш көргені еді.
Дұшпан Лават өзенінің батыс жағасын мықты бекініске айналдырып алған екен. Жаудың екі пулеметі арғы жағадан оқ жаудырып, батальонды ілгерілетпей тұр. Бірақ қайткенде өзенді кесіп өтіп, жауды түре қуып тастау керек.
Қар тізеден, оның үстіне жерден айдаған борасын басқан сәтте ізді әп-сәтте көміп тастайды. 76 миллиметрлік зеңбіректі көздеген жерге жеткізу бес-алты адамның қолынан келер емес. Батальоннан 12 адам көмекке келді. Зеңбіректі олар қаумалап жылжытып, белгіленген орынға әкелді. Зеңбірекшілер жаудың бір пулеметін нысанаға алып, үнін өшірді. Одан кейін екіншісіне ажал оғын атты.
Батальон Днепр өзенінен өтіп, арғы жағаға бекініп алған-ды. Бірақ жау оқ жаудырып, бет қаратар емес. Әрі Черкасск қаласының шығыс жағына қат-қабат траншея қазып, тікенді сымдар тартып тастапты. Оның үстіне ашық алаңның бәріне мина көмілген.
Бүйірден немістің бірнеше танктері бермен қарай бұрылып, оның төртеуі тұп-тура Сембайдың зеңбірегін нысанаға алып келе жатыр. Командир зеңбіректі әп-сәтте әзірлетті де, танктерді аса жақын келтірмей, бірінен соң бірін дәл көздеп атты. Сол жерде зеңбірекшілер жаудың екі танкісін өртеп, екеуін істен шығарды.
Черкасск қаласына жақындағанда, полктің немістің қоршауында қалғаны белгілі болды. Екі барлаушы «ертең таңертең «катюшалар» шабуылға шығып, полкты қоршаудан босатады» деген хабар әкелді. Ол екеуінің айтқанындай-ақ, таңертең ерте «катюшалар» зіркілдей жөнелді. Үш күндей қоршауда қалып, зығырданы қайнаған полк жауынгерлері жаудың құрсаулы қоршауын бұзып шығып, Черкасск қаласын жаудан азат етті.
Міне, осындай шайқастардағы Сембай Қалиевтің жауынгерлік ерлігі полкқа, армияға белгілі болды. Қарсы окоптағы немістер радио арқылы Сембайды үгіттеген хабар да беріп жатты. Кейін оның ізіне де түсті.
1943 жылдың 24 ақпаны. Қыстың аязды күні. Тек зеңбіректер, минометтердің гүрсілі ғана әлсін-әлсін тыныштықты бұзып қояды. Құлақ түре сақ жатқан зеңбірекшілердің бірі:
– Жолдас командир, алдымыздан бір сыбыр естіледі, – деді.
Арада аз уақыт өтпей-ақ, бір-екі адамның бейнесі қараңдап көріне қалды да жоқ болды. Адамдардың қарасы бірте-бірте көбейіп, әр жерден бой көрсете бастады. Сембай қарулас достарына «сабыр етіңдер, біраз жақын келсін» дегендей белгі берді. Әлгілер бұтаның ара-арасымен жақындап келіп те қалды.
– Тоқтаңдар! Көтер қолдарыңды! – деген өктем дауыстан сасқалақтап қалған олар бытырай қаша жөнелді. Зеңбірекші жігіттер автоматтан оқ жаудырып, бірнеше немісті жер жастандырды.
Тұтқынға түскен үш немісті штабқа жөнелтті. Штабтағылар тұтқындардан жауап алып, істің ақиқатына жетті. Бұлар немістің барлаушылары болып шықты. Фашистер советтің ержүрек командирі Сембай Қалиевті тірідей қолға түсіру үшін өздерінің 18 барлаушысын бір ай бойы әзірлеген екен. Қолға түскен тұтқындар қашықтығы 50 метр жерді үңгірлеп қазып отырып, Қалиевтің зеңбірегі орналасқан жерден бір-ақ шыққандығын айтып берген.
(Ә.Жүсіпов. «Қызыл ту», 1968, 22 ақпан.)
Сол кездегі әскери «Советский воин» газеті зеңбірек командирі, Сембай Қалиевтің жауынгерлік ерлігі жайында сан рет жазды. Осы газеттің 1945 жылғы 18 қарашадағы 169-нөмірінде «Біздің құрамалардың мақтанышы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда гвардия аға лейтенанты М.Мельситов былай деп жазыпты:
«... 1945 жылдың 11 қаңтары. Будапешт үшін ауыр шайқастар жүріп жатқан шақ. Немістер біздің қорғаныс шебімізді бұзып өтіп, маңызы зор тас жолды басып алу мақсатында Сембай Қалиев пен Николай Любченконың зеңбіректері тұрған участокқа бір рота автоматты десанты бар 36 танкті және 24 бронетранспортерлерді әкеп төкті.
Бірақ батыл да ержүрек зеңбірекшілер бұдан тайсалған жоқ. Жау техникасын батыл тойтарыс берумен қарсы алды.
– Өлсек те жауды ілгері жібермейміз! – деді гвардияшылар бір кісідей...»
Осы бетпе-бет айқаста С.Қалиевтің зеңбірекшілері немістің болат құрсанған бір «Тигр», екі «Пантера» танкі мен жеті бронетранспортерін атып, өртеп жіберді. Алдарынан атқылаған күштің өздерінен зор екенін сезген басқа танкілер мен бронетранспортерлер оқтарын алыстан атып, кері шегінуге мәжбүр болады. Гвардия сержанты С.Қалиевтің жеке ерлігінің арқасында тегеурінді шабуылға тойтарыс беріледі. Сол күні-ақ, артиллерия полкінің командирі, гвардия подполковнигі С.Коннов қол қойып, С.Қалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынып, Алтын Жұлдыз ордені мен Ленин орденін қатар беруін өтініш етеді.
1990 жылы 20 мамырда Ертіс Сембайұлы КСРО Қорғаныс министрлігінің Қызыл Жұлдыз орденді Орталық мұрағатынан төмендегідей хат алады (1-суретте).
Сембай Қалиевтің жеке ерлігін жете бағаламағанға, әділетсіздікке оның қарулас достары да наразы болған сияқты. Өйткені оның майдандос достары кейін өздерінің естелік жазбаларында Сембай Қалиевті ізетпен естеріне алып, оның басқаларға үлгі болған ерліктерін атамай кеткен емес.
Құрамында С.Қалиев соғысқан бұрынғы 1-батареяның командирі, запастағы майор С.Г.Марков 60-жылдардың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті арқылы С.Қалиевті іздеп табады да, төмендегідей хат жолдайды:
– «Армысың Сембай! Сен, әрине бұл хатты алғанда қапысыз таңданарың анық. Өз басым 7-дивизияның 10-артиллерия полкында бірге ұрысқа қатысқан жігіттерді әлі де ұмытар емеспін. Иә, көз алдында қаза тапқандарды – ажалға бетпе-бет барған, бір үзім нанын, шаппа темекісін бөліскендерді ұмыт қалдыру кешірімсіз күнә болар еді. Бір батареяда, дивизионда, полкта, дивизияда болған жауынгер достарды жиі еске алмасқа және болмайды. Зеңбірек командирі, әрі батарея партия ұйымының секретары сені де жиі еске аламын.
Сенімен алғаш рет Черкасск түбіндегі қиян-кескі шайқастарда кездескенім есіңде болар. Сенің зеңбірегің теміржол бойында жатқан жаяу әскерлермен қатар орналасқан еді. Бұл 1943 жылдың желтоқсаны болатын. Кейін 1944 жылы бірге болдық қой.
Мен 1944 жылдың 3 желтоқсанында Венгрия жерінде жараландым. Батарея командирі болып лейтенант Повилуев қалды. Ол кейін опат болып, батареяны Көбелев қабылдапты. Әрине сенің шайқастарың әлі күнге менің жадымда. «Сенің» деп отырған себебім, қазақтың павлодарлық қарапайым жігіті танкілерге қарсы шайқастардың нағыз батыры болған еді. Бұл – 1943 жылдың қаңтарында Венгрия жеріндегі оқиға. Тап осы кез менің жараланып, іле госпитальге түскен бетім болатын. Сол шайқас жайлы сенің батареяңда болған жауынгерлер айтқан еді. Батареядағылар асып-сасқан шақта барлық жауапкершілікті өзің алып, қан майданға бастап кірген екенсің.
Менің фамилиям Марков Сергей Григорьевич (гвардия аға лейтенанты) – бірінші батареяның командирі, қазір запаста, пенсиядамын. Жақында маған Зина Заворина келіп кетті. Ол үшінші батареяда болды ғой, сен оны ұмытпауың мүмкін. Полина Ломако, Вера Калмыкова (ол Молдавияда қазаға ұшырады) есіңде болар. Петр Черненко, Хорошев, Женька Александров (наводчик), старшина Лобачев және басқа көптеген майдандастар есіңде шығар.
Міне, енді сені есіме алып, парторг Қалиев жайлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне хат жолдап, сенің адресіңді, сенің істеріңді хабарлауды өтінген едім. Орталық Комитеттен сені «іздестіріп жатырмыз» деген хабар да келді. Өз басым сені партия қызметкері шығар деп топшылағанмын. Өйткені сен бұған лайықсың да, әрі оны жаныңдай сүюші едің ғой.
Сенің адресіңді хабарлағаны қандай жақсы болды. Адресіңді Қазақ ССР-ының Қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігі хабарлады. Хаттағы «Қалиев мені (фамилиямды, аты-жөнімді) ойына түсіре алмады» деген жолдары біраз ыңғайсыздыққа тірегендей болды. Сосын Қалиевтің кезінде командирлер көп болғанымен, бәрін бірдей ұмытуы мүмкін емес қой деген ой келді.
Сембай, хат жазып, өзің жайлы хабарлауыңды сұраймын. Өз басым сені ешуақытта ұмыта алмақ емеспін. Сенің семьяңа үлкен сәлем жолдаймын. Сәлем саған! Мықты денсаулық және бақыт тілеймін. Өзімнің фотосуретімді жіберіп отырмын.
Марков
Менің адресім: Кабардин – Балкар АССР-ы,
Нальчик қаласы,
Богдан Хмельницкий көшесі,
№9-35 үй, 24 пәтер.
Сембай майдандық досының хатын оқып шықты да, енді фотосуретті қолына алды. Әскери киімді өрімдей үш жігіт. Бәрі де көз алмай, жаудырап қарап тұр. Ол суреттен жауынгер досын бірден тани кетті. Марковтың жігері қайнаған жас кезі. Суреттің сыртына жазылған сөздерді көз жүгіртіп оқып шықты. Сонда былай деп жазған екен:
«Қымбатты Сембайға!
Майдандос жолдасыма, жауынгер батареяшы, зеңбірек командирі және парторгке ескерткіш.
Сембай! Менің осынау фотосуретім Ұлы Отан соғысының қасиетті күндерін – біздердің Воронежден Венаға дейінгі даңқты жолдарымызды, қас дұшпанға қарсы ерлік шайқастарға толы күндерімізді сенің ойыңа салсын. Сенің ерен ерлігің мен батырлығыңды, жаудың ондаған танктерін құртып жіберген батырлығыңды өз басым еш уақытта ұмытпаймын.
Әманда осылай бол, Сембай!
Құшақтап сағынышпен сүйемін.
Сенің бұрынғы батарея командирің, гвардия аға лейтенант
С.Г.Марков
20.VII.1967 жыл».
Сергей Григорьевич Марков Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық комитетінің хатшысы, Кеңес Одағының Батыры М.Қайырбаевқа хат жазып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының алдында әділеттілікті қалпына келтіріп, гвардия аға сержанты марқұм С.Қ.Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде мәселе көтеруге кеңес береді. Неге екені белгісіз, С.Г.Марковқа Қазақстан КП Лебяжі аудандық комитетінің хатшысы Т.Шарапиденов жауап қайтарған. Хатта С.Қалиев отбасының жағдайы жақсы екендігі айтылып, аудандық партия және атқару комитеттері КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының алдында С.Қалиевке Батыр атағын беру жөнінде мәселе көтергендіктері, бірақ олардың берген жауабында КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан тиісті құжаттар табылмағандығын тілге тиек етеді.
1967 жылы Сембай Қалиев Қорғаныс министрлігінің мұрағатына өзі сұрау салып, сол жылдың 11 тамызында төмендегідей жауап алады (2-суретте).
Сембай Қалиевтің жауынгерлік жолдарын, ерлік істерін оның қаруластары мемуарларында да, басқа кітаптарда да, журнал мен газет беттерінде де жазуындай-ақ жазды. Тіпті алыста жатып-ақ, сол кездегі Қазақстанның баспасөздерінде С.Қалиевтің ерліктері жайлы мақалалар ұсынады.
С.Қалиевтің ерлігі туралы отставкадағы полковниктер Н.Гладков пен И.Шинкаревтің «На поле ратном», Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Н.Бирюковтың «Трудная наука побеждать» деген кітаптарында т.б. көптеген әдебиеттерде жақсы жазылған. С.Қалиев қызмет еткен дивизияның Ардагерлер кеңесі (төрағасы – мәскеулік И.Тафея) тәуелсіз Қазақстан Үкіметіне Сембай Қалиевке елдің ең жоғарғы атағын беруді өтініп хат жазған.
Ал біздің мақсатымыз – 65 жыл өткен соң, әділетсіздіктің құрбаны болып, атақсыз қалған батыр, гвардия аға сержанты, марқұм С.Қ.Қалиев өзіне тиесілі Кеңес Одағының Батыры атағының орнына Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын алса деген үміт.