Жатыр безі асқынып жатыр
Қазақстанда жатырдағы ісік ауруынан зардап шегіп отырған әйелдер саны – 9200. Жыл сайын қасіретті дертке 1000-ға жуық әйел шалдығып, одан 650 әйел көз жұмады екен. Бұл туралы Алматыда «Алматы қаласы бойынша әйелдер арасында емшек безі мен жатырдағы ісік ауруларының алдын алу мақсатында жыл сайын өткізіліп тұратын дәрігерлік бақылаудың қорытындысы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Дөңгелек үстел «Отан-Ана» әлеуметтік жобасын қорытындылау мақсатымен өткен болатын. Осыдан бірнеше ай бұрын бір топ онколог дәрігерлер қаладағы базар маңында әйелдерді емшек безі мен жатырдағы ісік ауруларына тексерген. Тегін ұйымдастырылған шара кезінде онколог мамандардың көмегіне 500-ден астам әйел жүгінген. Алматы қаласындағы онкологиялық аурулар диспансеріндегі гинекология бөлімінің бастығы Светлана Әкімжанованың айтуынша, базарға баратын, онда жұмыс істейтін бүкіл әйелдердің санын есептегенде, шараға қатысқандар өте аз болыпты. Себебі әйелдердің басым бөлігі тексерістің нәтижелерін естуден қорқатын көрінеді. Бұл – бізді ғана емес, әлемді толғандырып отырған проблеманың бірі. Дүниежүзілік статистикаға сүйенетін болсақ, әлемде жыл сайын 500 мыңнан астам әйел осы дерттің зардабын тартатын болса, әр екі минут сайын бір әйелден көз жұмады екен. «Әйелдер арасында жатыр безі ауруы бірінші орынға шықты. Кейбір әйелдер онкологиялық дәрігерлерге 20 жыл бойы бармайды. Бұл – ұрпақ үшін, ел экономикасы үшін үлкен соққы», – дейді С.Әкімжанова. Деректерге сүйенсек, қазір әйелдердің 40 пайызы темекіні тұрақты шегеді екен. «Жақын арада біз тексерістен өткен адамдардың диагнозын береміз. Біздің мұндағы басты мақсат – әйелдерге қолайлы жағдай туғызып, олардың емделуіне бағыт-бағдар беру», – дейді С.Әкімжанова.