«Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, аспан қалай ашылмақ» демекші, қай кезеңде болса да жалын шашып, жарқылдау жастарға тән мінез еді. Бүгінде халқымыздың төрттен бірін жастар құрап отыр. Сәйкесінше, мемлекет те өз дамуын жастардан тыс жүзеге асыра алмайтыны да түсінікті. Елбасы жастарды мемлекеттік деңгейдегі шараларға атсалыстыру керектігін жиі айтып келеді. Жуырда өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі барысында да Мемлекет басшысы елімізде әзірленіп жатқан бағдарламалардың барлығы жастардың қатысуымен дайындалуға тиіс екенін айтқан болатын.
Мемлекеттік жастар саясатының қажеттігі жас өркеннің өмірге қадам басып, қоғамда өз құқығын иеленуі оның алдында жауапкершілік арқалау сәтінде бетпе-бет келетін өмір мәресінің қиындықтарымен айқындалады. Жастар саясатын қалыптастыра отырып, мемлекет жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобын дайындау – басты міндет. Жастар мәселесіне көңіл бөлудегі мақсат – жастардың азаматтық, әлеуметтiк дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшiн қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту. Ал жуырда өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі еліміздегі жастар саясатына тағы бір серпін беретіні сөзсіз. «Жас Отан» жастар қанатының бұл съезі жасотандықтарға ғана емес, барша қазақстандық жастар үшін ерекше маңызды оқиға болып отыр. Оның үстіне, жасотандықтар жақын болашақтағы басты құжаты – «Жастар – Отанға!» аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиясын талқылады.
«Жас Отан» жастар қанаты стратегиясының жобасында қызметтің 11 басты бағыты айқындалған. Оның ішінде сапалы білім, жастардың әлеуметтік еңбекке бейімделуі, мәдени даму және бірлік жастар кәсіпкерлігі мен ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысын өркендету сияқты келелі мәселелер бар. Осы орайда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы сынды практикалық маңызы бар жобаларға кеңінен жол ашылып келеді. Соңғы кездері бір ғана осы жоба аясында ауылды жерлерге мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларына қат жас мамандар бет бұрды. Соның арқасында оларға жағдай жасалып, жастар ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосып жатыр. Бұл – ел болып сүйінетін, қуанатын жайт.
Бүгінде кез келген қоғамның жаңашыл дамуы мен оның зияткерлік әлеуеті арасында тікелей байланыс бар екендігі айқын. «Зияткерлік әлеует», «зияткерлік ресурс» түсінігі мемлекетіміздің стратегиялық дамуының бір бөлшегіне айналды. Еліміздің бүкіләлемдік қоғамда бәсекеге қабілетті мемлекет болуы әрбір қазақстандықтың білімі мен ақыл-зерде, парасат дәрежесіне байланысты екенін әр уақытта айтудан жалықпайды, сондықтан бізге ұлттық интеллектінің діңін құру, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар қажет.
Интеллектуалды жастар тобы пайда болу үшін, оны қалыптастырып, тәрбиелеу үшін мемлекет тарапынан жалпы түсінушілік сияқты қоғамдық жағдай жасалынуы тиіс. Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша Азия, Еуропа, Америка елдеріне таратылған студенттер елдің табысты түрде алға жылжуына әсер етуші толқын болады деген үміт бар. Ал соны қалыптастыру жолында Назарбаев университеті зияткерлік-инновациялық кластер болуы тиіс. Бүгінде әлемдік қауымдастықтың жоғары сапалы білім алуға қоятын талаптарының өсуі байқалады. Жақын арада адамзат заманауи ақпараттық технологияларды игерген жоғары білімді мамандарға деген сұраныс тағы да еселей артады. Яғни қоғамның осындай білім деңгейі жоғары субъектілерге деген тәуелділігі бірте-бірте арта түседі.
Дегенмен болашағынан үміт күттіріп отырған жастардың орта жолда жолынан тайып, адасып кетпеуі – мемлекет үшін де, қарапайым ата-ана үшін де маңызды. Жастардың басы қосылған жиында Елбасының діни экстремистік ұйымдардан аулақ жүруге шақыруы да – соның көрінісі. Жастар қауымының жат идеологияларға еріп кетпеуі – оны тәрбиелеп, ел қатарына қосуға жауапты инстанциялардың, яғни ата-ана, мектеп, ЖОО, Үкімет және жалпы мемлекеттің ортақ міндеті.
«Жас Отан» съезінде бекітілген «Жастар – Отанға!» стратегиясындағы ең маңызды мәселенің бірі жастардың саламатты өмір салтын ұстануы деуге болады. Бұл – дені сау, тәні сау өскелең ұрпақ тәрбиелейтін қадам. Сонымен қатар жастардың волонтерлік қызметі де стратегиядан өз орнын тауып отыр. Бойында күш-қайраты, жігері мен ақыл-ойы жетілген жастардың қоғамдағы әрбір жақсы іске үн қосуларын қолдау. Мәселен, Пекин Олимпиадасы өткенде 70 мың волонтер спортшылар мен меймандарға қызмет көрсетіп, көмек қолдарын созды. Сол секілді, біздің де жастар халықаралық дәрежеде өтетін түрлі іс-шараларға волонтерлік қызмет көрсетіп жүр.
Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ өткен буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай, әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Дегенмен бүгінгі ұрпақ – Азаттық рухында тәрбиеленген, нағыз білімді, болашағына нық сеніммен қарайтын ұрпақ. Қиын-қыстау заманды көрмесе де, оның міндеті – өткен тарихты бағалау, құрметтеу.
Жастарға жалындаған жарасады-ау!
Последние статьи автора