Өткен жылдың соңында вице-министр Ерік Байжүнісов Қазақстандағы дәрігерлердің жетіспеушілігін айта келе, 2017 жылы бұл мәселе толығымен шешілетінін мәлімдеді. Бірақ арада әлі де төрт жыл уақыт бар. Оған қоса, бұл уақыт ішінде медицина мекемелері мен халық санының артатыны тағы бар. Дәрігерлер жетіспеушілігі жайлы статистикалық агенттік қызметкерлері «шошытатын» деректер келтіріп отыр. Олардың мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда қазақстандық дәрігерлердің 3 пайызын ғана жас мамандар құрап отыр екен. Сонда жыл сайын дәрігер мамандығын алып шығып жатқан мыңдаған жас қайда жүр?
Дәл бүгінгі таңда Қазақстандағы дәрігерлердің саны – 62 мың. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 1991 жылы болған екен. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін маман тапшылығы, әсіресе дәрігерлердің жетіспеушілігі тайға таңба басқандай ойсырап, анық біліне бастаған. Арада 10 жыл шамасында уақыт өткенде, дәрігерлердің саны тағы 20%-ға азайды. Бірақ жаңа ғасырдың басында жағдай біртіндеп жақсарып, барлық саланы маманмен қамту бір ретке келтіріле бастады. Бірақ бүгінде дабыл қағып отырғандардың статистикалық мәліметтеріне сенсек, бүгінгі көрсеткіш Тәуелсіздік алған жылдардағы көрсеткішке әлі жете қоймаған. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі таңдағы көрсеткіш 3000-ға аз болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, елімізде жан басына шаққандағы дәрігерлердің саны бойынша Павлодар, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында салыстырмалы түрде жағдай біршама жақсы. Аталған өңірлерде 10 мың адамға 32 дәрігер мен 36 медициналық қызметкерден келеді. Ал Ақмола, Қостанай, Алматы және тағы да басқа облыстарда дәрігер жетіспеу мәселесі әлі де күрделі болып тұр. Астана мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 10 мың адамға, сәйкесінше, 32-28-ді құрайды. Жалпы алғанда, Қазақстанда әрбір 1000 адамға үш дәрігерден де келмейді екен. Ең өкініштісі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерін негізге алатын болсақ, бұл көрсеткіш бойынша біздің еліміздегі айырмашылық ең дамыған елдер мен әлемнің артта қалған елдерінің арасындағы айырмашылықпен бірдей көрінеді. Мысалы, Белоруссияда әрбір 10 мың адамға 50 дәрігер мен 120 медициналық қызметкерден келеді. Бұл – көрсеткіш тек ТМД елдерінің арасында ғана емес, әлемнің бірнеше дамыған елдерінен асып түскен көрсеткіш.
Дәрігер «дағдарысының» себебі қандай?
Елімізде денсаулық сақтау саласының мамандарын дайындайтын жеті бірдей жоғары оқу орны бар. Бірақ мамандардың айтуынша, дәрігерлікті тамамдаған жастардың 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Есесіне Қазақстанда білім алып, шет мемлекеттерге барып қызмет ететіндер көп. «Ал жылда медициналық оқу орындарын тамамдап жатқан түлектердің барлығы біздің жастар ғана емес, олардың қатарында шетелден келген студенттер де бар» дейді мамандар. Медициналық оқу орындары 3000-ға жуық түлек түлетіп, оның 86 пайызын жұмыспен қамтыған күннің өзінде Қазақстанға 5200 дәрігер жетіспейді екен.
Айқан Ақанов, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Дәрігерлер әсіресе ауылдық аймақтарда жетіспейді. Жас мамандарды ауылдарға жіберу үшін олардың әлеуметтік жағдайын жасау қажет. Мысалы, біздің түлектер қазір 15 шет мемлекетте қызмет етіп жүр. Ол елдердің қатарында АҚШ, Израиль бар. Сонымен қатар шамамен 16 шет мемлекеттен келіп оқып жатқан студенттер де бар. Олар да оқуларын бітірген соң, өз елдеріне қайтып барып қызмет етеді. Демек, біз де сол елдердегідей медицинаның деңгейін жоғарылатуымыз керек.
Бұл ретте «отандастарымыздың шетел асып, елден алған білімінің жемісін неліктен бөтен елге жегізіп жүр?» деген сұрақ туандайды. Онсыз да дәрігерге зар болып отырған заманда жас мамандардың шет мемлекетке кетіп жатқандары қалай? «Дәрігерлік базалық біліммен шектелетін сала емес, дәрігер үнемі оқып, біліктілігін арттырып отыруы керек. Ал шетелде қалған жастар білімдерін жалғастырып, тәжірибе алуға барамыз деп ұлдарымыз үйленіп, қыздарымыз тұрмыс құрып, қызметке орналасып қалып қойып жатыр» дейді Ақанов мырза. Расымен-ақ, болашақ дәрігерлердің өз елімізде білімін жетілдіргісі жоқ.
Нұртас Ұсаинов, болашақ дәрігер:
– Мен қазір студентпін. Оқуымды аяқтаған соң шетелге барып білімімді жетілдіруді жоспарлап жүрмін. Мойындау керек, шетелдегі медицинаның деңгейі өте жоғары, дәрігерлердің де әлеуметтік жағдайы барлық жағынан қамтылған. Жастардың өзіміздің емес, өзгенің елінде қызмет етіп жүргендері де сондықтан болар.
Айта кетейік, шетелде қазіргі таңда 30 мыңнан астам отандасымыз оқып жатыр. Мамандардың айтуынша, олардың үштен бірі елімізге оралмайды екен.
Жас мамандар қайда кетіп жатыр?
Последние статьи автора