Жас драматургтерді дайындау ісі басталды
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің ұйымдастыруымен «Өркениет» халықтық университетінің жанынан құрылған «Жас драматургтер мен сыншылар клубының» отырысы болып өтті.
М.Әуезов мұражай-үйінде өткен шараға белгілі драматургтер, әдебиетшілер, ғалымдар, театр сыншылары, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен ҚазҰУ-дің студенттері қатысты. Бұл басқосу соңғы уақытта жиі айтылып, келелі мәселеге айналған жас драматургтерді дайындау ісін қолға алудың алғашқы бастамасы болып саналады.
Отырыста Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кино, телевизия және өнертану факультетінің 4-курс студенті Тұрсынбек Кешубайұлының «Семсердегі серт» атты пьесасы талданды. Тырнақалды шығармада жас талапкер Жәнібек батырдың адамдық-адамгершілік, ерлік қасиеттерін Құсейін, Наршолақ және қалмақ қызы тәрізді түрлі мінездегі кейіпкерлер әрекетінде ашуға тырысқан. Алайда Т.Кешубайұлының бұл пьесасында кейіпкерлер қаһармандығымен, тарихи сипатымен нақты характерге ие бола алмаған. Тартыс әлсіз, көркемдік жағынан әлі де көп ізденісті қажет етеді. Осы бағыттағы студенттің драматургиядағы алғашқы қадамына пікір білдірген Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабай, филология ғылымының докторы Әлімжан Хамраев, филология ғылымының кандидаты Келіс Рахымжанов, Ермек Ханкей, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының докторанты Нартай Ескендіров, Анар Тылахметова және тағы басқалардың шығарманың тақырып өзектілігіне, негізгі мақсатына, жетістігі мен кемшілігіне тоқталған мамандардың ой-пікірлері өзекті болды.
Мәжілісті жүргізген төраға, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан айтылған ой-пікірлерді қорытындылай келе, мұндай шығармашылық бастаулардың қоғамдық маңызы өте зор екендігіне тоқталды. Өйткені мәдени-әдеби тұрғыдан қарағанда ұлттық драмалық дүниелердің аздығы рас және мұндай құрылымы қиын жанрға жастардың келе қоюы қиын. Сондай қиын жанрға жастарды тартудың бірден-бір жолы осындай басқосулар деп ойлаймыз. Жаңа пьесаларға деген кәсіби мамандардың көзқарасы, талдаулары өте қажет және бұл драматургияға қадам басқан кез келген жас талапкер үшін маңызды.
Жалпы, «Өркениет» университетінің, оның дербес клубтарының мақсаты – әдебиетшілердің, әдеби сыншылардың, ақындар мен жас прозаиктердің, драматургтер мен театртанушы-сыншылардың кәсіби біліктілігін арттыру, жас талаптарды әдебиеттің сан қырлы саласына баулу, бағыт беру. Алдағы уақытта әр клуб өзінің атқаратын жұмыстарына, жоспарлары мен бағытына қарай осындай отырыстарды тұрақты өтікізіп тұрады. Аталған университетте әдебиет пен өнерге қатысты білім алып жатқан көптеген жоғары оқу орнының студенттерін тарту, бірігіп жұмыс істеу жоспарланған.