Жас дикторлар додаға түсті
Алматыдағы Оқушылар сарайында «Қазақ радиосының» 90 жылдық мерейтойына орай «Әуе толқынында – «Қазақ радиосы» атты жас дикторлардың байқауы өтті. Қалалық мектеп оқушылары арасындағы байқауда 15-17 аралығындағы жастар бақ сынасты.
Байқау «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» ұлттық арнасының жемісті жұмысын жас толқынға насихаттап, олардың ішінде өзара шығармашылық бәсекелестік тудыруды мақсат тұтыпты. Шара барысында радио журналисі болуды армандаған жастарға шеберлік сыныбы өткізіліп, өз саласының кәсіби мамандарымен кездесулер ұйымдастырылды. Арнайы дайындап келген шығармаларын мәнерлеп оқып, сондай-ақ жедел сұхбат жасаған оқушылардың шеберліктерін сынаған қазылар алқасының құрамы «Қазақ радиосының» ардагерлерінен құралды. Жоба авторы, «Шалқар» ұлттық арнасының жүргізуші-редакторы Гүлбағыш Бостанның айтуынша, көркемсөз оқуға құмар оқушылардың бұл байқауы жыл сайын жалғасын табады. Қазақ радиосының қызметкері болуды армандайтын жастарға алдағы уақытта радио-репортаждар жасауға да мүмкіндік берілмек. Жастардың мәнерлеп оқуға деген шексіз ынта-ықыласы ұйымдастырушыларды осындай байлам жасатыпты. Бүгін Оқушылар сарайында қорытынды концерт пен үздік шыққан дарынды жастарды марапаттау рәсімі өтеді.
Мақат САДЫҚ, «Қазақ радиосының» директоры:
– Қазақ мәдениетін дамытуда жастардың орны орасан. Тәуелсіз еліміздің қуаты жылдан-жылға еселеп артуда. Ұлтымыздың болашағы – тікелей жастарға байланысты. «Қазақ радиосы» Қазақстан шеңберінде ғана емес, бүкіл әлемге қанат жаяды деп сенемін. Мынадай үлкен шараны ұйымдастырып отырған Оқушылар сарайы мен «Қазақ радиосы» қызметкерлеріне алғыс айтамын. Іріктеуден сүрінбей өткен жас дикторларға арнайы тарту-таралғы, сый-сияпаттарымыз бен мақтау қағаздарымыз бар. Бас жүлдені иемденген жеңімпаз Әнуарбек Байжанбай атындағы жүлде мен дипломды байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің өз қолынан алатын болады.