Жан азығы

Электронды технологиялар қаншалықты қарқын ала дамып, интернетті пайдалану кең етек жая бастағанымен, қазақ қоғамы қолға ұстап оқитын кітаптан қол үзбек емес. Бүгінде еліміздегі баспалардан жыл сайын түрлі тақырыптарды қамтыған жаңа әдебиеттер шығару ісі біртіндеп жолға қойылып келе жатқаны аян. Қазіргі кезде кітап шығару соншалықты оңай болып көрінгенмен, оның да өз машақаты да жоқ емес. Ең бастысы – мәртебелі оқырман қолына сапалы да мазмұнды кітапты жеткізе білу. «Жақсы кітап – жан азығы» деген қағидаға сүйене отырып, біз бүгін таяуда баспа бетін көрген бірнеше таңдаулы да жаңа дүниелермен оқырман қауымды таныстыра кетуді жөн көрдік.
«Қиямет-қайым ғасыры»
Үстіміздегі қараша айының басында қазақтың көрнекті жазушысы Смағұл Елубайдың «Қиямет-қайым ғасыры» атты кітабы жарық көріп, оның тұсаукесер рәсімі Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен болатын. Өмір мен өлім арасындағы тіршілік туралы пайымдауларға кеңірек орын берілген бұл ойсалар шығарманың кітапта «Век страшного суда» деген атаумен орысша нұсқасы да қоса берілген. Жазушының бұл жаңа еңбегі «Мерекенің баспалар үйі» баспасынан шыққан.

Жазушы Смағұл Елубайдың есімі қазақ оқырманына бұдан бұрын «Ақ боз үй», «Ай астындағы үй», «Өтелмеген па­рыз», «Сұр­апыл сұржекей», «Батыр Баян» туын­­ды­ларымен жақсы таныс. Ал «Қия­мет-қайым ғасыры» – автордың жаңа жанрда жазған тұңғыш туындысы.
Бұл кітап жөнінде белгілі мәдениет­та­нушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Қым-қуыт ХХІ ғасырдың аласапыран иіріміне түскен бүгінгі адамдардың іркілуге, ойлануға, қайдан келіп, қайда бара жат­қанын тара­зы­лауға мұр­шасы жоқ. Алай­­да кейде тоқтап, қай­дан келіп, қайда бара жат­қаныңды пайым­дау әр адам үшін парыз болуы керек. Бұл кітап осы тосын тақы­рып­ты Шәкәрім мен Абайша қозғаған. Кітап біздің әдебиеті­міздегі ерекше, басқа кітапқа ұқсамайтын тың шығарма түрінде жазылған», – деген пікір білдірген.


«Нарынқол нақыштары»
Таяуда танымал ақын Мінуар Әкімханов өлеңсүйер қауымға кезекті жыр жинағын ұсынды. Туған жер табиғаты мен ел жайсаңдарын өзек еткен жаңа кітап «Нарынқол нақыштары» деп аталады. Кітапқа негізінен ақынның кейінгі жыл­дары жазылған жаңа өлеңдері топтастырыл­ған. Жинақ «Тоғанай Т» баспасынан белгілі қоғам қайраткері, өнер жанашыры Бақыт Сағындықұлы деген азаматтың жеке қолдауымен жарық көрген.

Мінуар Әкім­­ханов ел арасына ақын­­дығымен қоса, жур­на­листика мен поли­графия саласындағы еңбектерімен белгілі. Ақын бірқатар республикалық басылымдар мен баспаларда қызмет ете жүріп, осы уақытқа дейін оннан астам кітаптың авторы атанған.
М.Әкім­ха­новтың «Тұң­­ғыш», «Шал­қия», «Жырға са­­пар», «Жал­ғыз арша», «Ай­­­­­­ғай­тас» жи­нақ­тары ке­­зінде оқыр­маннан лайық­­ты бағасын алған.


«Уақыттың жүрегі»
Соңғы кездері қазақ поэзиясында көп қамтылмай кеткен баллада жанрын жаңғыртып, тың ойларға құралған жаңаша жырлар жазып жүрген талантты ақын Бақыт Беделханұлы өз оқырманына «Уақыттың жүрегі» атты жаңа кітабын жарыққа шығарды. Ақынның бұл кітабы елімізде мүйізі қарағайдай атақты ақын-жазушылары­мыздың көптомдықтарын шығарумен аты шыққан «Қазығұрт» баспасында басылған.

Бақыт Беделханұлы қазіргі уақытта Қазақстан жазушылар одағының Әде­биетшілер үйіне жетекшілік етеді. Ақын осы шығармашылық одақтың қарбаласқан тіршілігіне араласа жүріп, әдебиетке жаңа келіп жатқан талай жас буынның шығарма­шылық кештерінің өтуіне септігін тигізіп келе жатқандығы – оның өлеңге деген адалдығын айшықтай түссе керек.
Б.Беделханұлының өлең-жырлары бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. Тұңғыш кітабы 1998 жылы «Кең дүние» деген атпен шық­қан. Бұ­дан соң 2001 жылы «Көке­марал» атты кітабы жарық көрген. «Уа­қыт­­тың жүрегі» – автордың үшінші жыр жинағы. Жаңа жыр-жинағына жазған алғысөзінде автордың өзі айтқан­дай, «Уақыттың жүрегі» – Бақыттың жыры еді» деп қабыл аларсыздар, қадірлі оқырман.


«Тарланбоздар»
Қазіргі қазақ спорт журналистикасы жаңа есім­дер­мен толығып келеді. Бұл тақырыпқа тереңдеп барып жүргендер некен-саяқ болса да, осы саланы меңгеріп жүрген қазақтың жастары бірқатар ізденіс­терімен көзге түсе бастағаны қуантады. Кезінде қазақтың белгілі қаламгері, ұлттық спорт журналис­тикасының бастауында тұрған Сейдахмет Берді­құлов­тар мен бүгінгі Несіп Жүнісбайұлы сынды журналист, жазушы ағаларының ізін басқан жас журналист-публицист Бақтияр Қабасов қаламынан туған бірқатар дүниелерін бір жинаққа топтастырыпты.

Жақында «Жаухар» бас­пасынан Бақ­тиярдың «Тар­ланбоздар» атты публицис­тикалық кітабы жарық көрді. Бұл кітапта есімдері қазақ спорты тарихында ойып тұрып орын алар айтулы дарабоздардың жеңісті жолдары әңгімеленеді. Кітапқа сондай-ақ, дүбірлі додаларда ел мерейін үстем еткен сайыпқырандарымыздың толағай табыс­тары, ел спортын өркендетуге сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен автордың осы салаға қатысты мақалалары енгізілген. Б.Қабасов – 2007 жылдың қоры­тындысы бойынша «Спорт – Қа­зақстан журна­лис­те­рінің назарында» байқауында жыл­дың үз­дігі атанған. Қазақ спорт журна­листи­ка­сына қалам тербеп жүрген ол журналис­тер арасында ұйым­дастырылған бірқатар республикалық және халықаралық фести­валь­дардың лауреаты. «Тарлан­боздар» – жас жур­налист-публицистің тұңғыш кітабы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста