Түрлі мессенджерлер арқылы жалған ақпарат таратқандар жазадан құтылмайды. Былтыр Алматы полицейлері әлеуметтік желіге фейк-хабарламалар жөнелтіп, жұрттың үрейін үйірген 15 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Соған қарамастан, әлеуметтік желі арқылы ресми расталмаған ақпарат тарату тыйылар емес. Мәселен, өткен аптада ғана желіде «Алматыда балаларды ұрлап, ағзасын сататын қанішерлер» пайда болды деген жазба желдей ескен еді. Тәртіп сақшылары тұрғындарға мұндай хатты әрмен қарай таратпас бұрын, ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге кеңес беріп отыр. Әйтпесе, қылмыскердің сыбайласы ретінде заң алдында жауап беруі әбден мүмкін екен. Осы мәселеге орай біз Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕКПЕН тілдескен едік.
– Салтанат Қуанышбекқызы, фейк-хабарламаны бірінші болып ойдан шығарып жіберген адам ғана емес, оны білместікпен одан ары түрлі топта тарататын адамдар неге жазаланады?
– Жалпы, қасақана жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 274-бабының нормалары бойынша саралануда. Ондай іс-әрекеттер заңсыз болып табылады. Былтырғы жылы Алматы қаласының ІІД-нің тергеу басқармасының қызметкерлері аталмыш деректер бойынша 15 қылмыстық іс қозғап, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан болатын. Енді азаматтардың көбі біле қоймайтын шығар, бірақ заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды. Бұл ақыр аяғында қылмыс болып табылады. Егер қандай да бір әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы алған мәліметтің бірінші дереккөзін көрсете алмайтын болсаңыз, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін деген күдік бар. Сондықтан қылмыскерлердің қатарынан бір-ақ шықпас үшін міндетті түрде тек ресми түрде алынған мәліметтерге ғана сүйене отырып, әлгіндей мәліметтер таратуға болады. Ал егер түрлі мәліметтерді ұзынқұлақ күйінде таратсаңыз, онда қоғам мен азаматтардың арасында қандай да бір наразылық немесе үрей тууы мүмкін. Қылмыскерлердің де көздеп отырғаны осы. Яғни, қоғам арасында қандай да бір бүлік немесе үрей тудыру. Егер ондай әрекетке сіз де өз септігіңізді тигізер болсаңыз, сізге де қылмыстық жауапкершілік артылуы мүмкін. Соны естен шығармағаныңыз жөн!
– Тәртіп сақшылары осындай жалған ақпарат таратқан адамдарды қалай анықтайды және оларды қолға түсірудің жолы қандай?
– Абырой болғанда, жалпы Қазақстан полициясының құзырында көптеген техникалық амалдар мен құрылғылар бар. Олардың қандай құрылғылар екенін заңдық тұрғыдан ашып айта алмаймыз. Бірақ техникалық амалдарды пайдалана отырып, барлық жалған ақпаратты тарататын адамдарды айқындауға мүмкіндігіміз барынша жетеді. Мысалы, былтыр осы тәріздес 15 қылмыс тіркелген болса, соларға кінәлі адамдар бірден болмаса да, біршама уақыттан соң анықталып, жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері де қолдарын сермеп отырған жоқ. Техникалық жағдайларды пайдалана отырып, біз қылмыстардың түр-түрін аша аламыз.
– Жалпы, осы тәріздес қылмыстардың белең алуына не түркі болып отыр?
– Негізі, әлеуметтік желілердің және жаңа технологиялардың белсенді, қарқынды дамуы осы белең алуға бірден-бір себеп. Кішкентай баладан бастап, 5-6 жасар баладан кәрі әжей, аталардың да қолдарында смартфон бар. Олардың барлығы қандай мәліметтерді таратуға болатынын немесе болмайтынын біле бермейді. 2016 жылдың жаз мезгілінде орын алған қанды оқиға осыған дәлел. Біз барлық полиция қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыскерді іздеп табуға әлек болған кезде, қоғам арасында неше түрлі жалған мәліметтер таратылды. Яғни, «Түрксіб ауданында 100 қаруланған адам бар, сақ болыңыздар» дегендей ақпараттар қоғамның, азаматтардың арасында үрей тудырды. Осындай жалған ақпараттардан сақтанудың бірден-бір жолы бар. Қазіргі таңда абырой болғанда, барлық бұқаралық ақпарат құралдары қарқынды дамып келеді. Олар мәліметсіз отырмайды. Егер бір ауыр немесе күрделі жағдай орын алатын болса, міндетті түрде ресми органдардан ресми мәлімет болады. Егер қолыңыздағы мәлімет сол ресми мәліметтерге сәйкес болмайтын болса, онда ол жалған болып саналады.
– Жалған хабарлама таратып, үрей туғызатын адамдар көбінесе кімдер? Олар өз әрекеттерін қалай түсіндіреді?
– Олардың арасында психологиялық ауруға шалдыққандар өте аз. Мысалы, 15 адамның төртеуі ақшаға құнығып, өзіне бәсекелес болған компаниялардың абыройларына нұқсан келтірудің амалы ретінде солай істеген. Қалғандары бұзақылық әрекетпен барады немесе «заңға қайшы екенін білмей қалдық» деп өз әрекеттерін түсіндіріп жатады.
– Салтанат Қуанышбекқызы, маңызды мәліметтеріңізге рахмет!