Жалдамалы мұғалім білімнің кепілі бола ала ма?..
Репетитор - біздің түсінігімізде сабақтан тыс уақытта баламен жұмыс жасайтын мұғалім. Ол қажет болса, үйіңізге барып қызмет көрсете алады. Әр сағаты ақылы. Соңғы деректер бойынша бір сағаты кемі 1 мың теңгеден басталып, 3-4 мыңға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, бәрі келісімге байланысты. «Әр аптада үш рет барып оқытамын, 20-30 мың теңгені ай соңында берсеңіз», - дейтіндері де кездеседі екен. Сондықтан, репетитор таңдау да қалтаның қалыңдығына байланысты. «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілшісі қызметтің осы түрі жайында мақала жазып көрген еді.
Негізінен репетитор жалдауға ақшалы адамдар құмар келеді. Ұл-қызының сабағын қадағалайтын уақыты болмағаннан кейін, әрине. Репетитор болу мұғалімге де тиімді. Бос уақытта ақша табудан қашып несі бар. Қазіргідей күйіп тұрған нарық заманында бақуатты кәсіпкер мен байшыкештерден бастап, зейнеткерлерге дейін зейнетақысына репетитор жалдап, немересін оқытатын болды.
Балаңызды мектепке дайындамақ болсаңыз немесе ҰБТ-ға әзірлену үшін кез келген пәннен балаңыз нашарлап жүрсе, қалтаңыз қалың болса қоңырау шалып, үйіңізге репетитор шақыру арқылы қордаланған мәселеңізді әп-сәтте шеше аласыз.
Маңдай терім, адал еңбегім...
Гүлнұр қолы бос кезде репетиторлықпен айналысады. Түске дейін мектепте, түстен кейін үйлерді аралап бала оқытады. Әр үйге барып, сағат жарым баламен жеке жұмыс жасағаны үшін 2000 теңге ақша алады. Кешке дейін қаланың әр жеріндегі үйлерге барып, баспалдақпен жоғары көтерілу, әрине, оңай емес. Аяқтары талып, әбден шаршайды. Сонда да ол маңдай тер, адал еңбегімен ақша тапқанына қуанады. Оның бір ерекшелігі - баланың оқуға деген ынтасын басты нысанаға алуында. Оқуға ниеті жоқ баланың ыңғайын байқаған сәттен бастап ол одан мәдениетті түрде бас тартады. «Себебі өзімді, өзгені алдап, уақыт жоғалтып, біреудің адал ақшасын босқа алуға арым жібермейді», – дейді Гүлнұр. Есесіне қарамағындағы балалардың сабақ үлгерімі жақсарып, оқу екпіндісі, оқу озаты атануда. Адал еңбегі үшін күнделікті табысына қоса, кейбір ата-аналар сыйақы төлеп, көңілін біраз көтеріп тастаған да кездері болыпты. Бір қарасаңыз, бұл да бизнеске ұқсайды. Өйткені Гүлнұрдың жыл сайын оқытатын тұрақты оқушылары (клиенттері) жеткілікті.
Жасыратыны жоқ, қазір екі мұғалімнің бірі – репетитор. Бір қарағанда, қолдан келіп тұрған іс болса неге жасамасқа деген ой келеді. Әрі қызметтің бұл түріне сұраныс та жоғары. Сонымен бірге, еңбек өтілінің ұзақ, жоғары білімді болуы да маңызды. Әсіресе, «стажной мұғалімдердің» бағасы қымбаттау көрінеді.
Жақында телефон шалған бір танысым: «Бастауышта оқитын екі балама репетитор тауып бер» деп қолқа салды. Жергілікті газеттердегі хабарламалар бойынша қоңырау шалған ол мұғалімдердің талабы жоғары екендіктерін алға тартты. «Машинаңыз бар ма, алып келіп, апарып тастайсыз ба?», «Гарантия бере алмаймын, бірақ оқытуға болады» деген сықылды сөздер өзіне ұнамағанын айтқан әлгі танысым: «өзің жақсы білетін мұғалімнің біреуін келістіріп берші» деп өтінді.
Репетитордың пайдасы мен зияны қандай?
Мұғалімдердің айтуынша бастауыш сынып шәкірттерінің көбі жеке жұмысты қажет етеді. 45 минутта 25-30 баланың бәрін игеру мұғалімге қиын соғады. Санасы жай қабылдайтын балалар тақырыпты түсінбей қалуы мүмкін. Ол бала үйіне барған соң да қадағаланбай қалып жатады. Өйткені, ата-аналардың бәрі жұмысбасты. Ал баламен бір-екі сағат жұмыс жасайтын репетитор баланың тақырыпты жан-жақты түсінуіне жол ашады. Әр сағатына ақша алып отырғаннан кейін ол баланың тақырыпты игеруі үшін барлық педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолданады. Жоғары сыныптарда математика, ағылшын тілі, физика, химия пәндерінен оқушылар репетитор іздейді. Кейде денсаулығына байланысты ұзақ уақыт сабаққа қатыса алмаған оқушылар да репетитордан сабақ алады. Білім сапасын жақсартуда жеке жұмыстың көмегі көп. Бұл тұрғыдан келгенде репетитор қоғамға пайдалы.
Әйтсе де, мұғалімдер әртүрлі. Бірі шын ниетімен баламен жұмыстанып, алға жетелесе, енді бірі бұл істі қосымша табыс көзі ретінде пайдаланып, баланың ой-өрісінің өсіп, жетілуіне жол ашпайды. Әрине, алмақтың да салмағы бар болғасын көп мұғалімдер баланы қатарға қосу үшін барын салып бағады. Ата-аналар да ақшаны желге шашқысы келмейтіні ақиқат. Балаға сабақ беретін мұғаліммен күнде хабарласып: «Сабақ оқыттың ба?» деп соңынан тексеріп отыратындары да болады екен.
Репетитордан тәлім алудың тағы бір зияны бар. Үнемі үлкендердің көмегіне сүйенетін бала өз бетімен сабақ оқуды мүлдем қояды. Өз-өзіне сенімі жоғалады. Тапсырманы орындаған күннің өзінде күмәнмен қарайтын әдет пайда болады. Репетитор тек бағыт беруші, игермеген тақырыпты үйретуші, оқу үлгерімінде қалып қойған баланы қатарға қосушы ролінде қажет.
Жергілікті газеттердің бірін алып, хабарландыру бойынша ағылшын тілі мен бастауыш сынып мұғалімдеріне қоңырау шалдым. Арасында «3-4 курстың студентімін» дегендер де кездесті. «Қалаған уақытыңызда балаңызды оқытамыз» - дейді олар. Нәтиже болуы үшін кемі үш ай баламен бірге дайындалған дұрыс екен. Дауыстары жағымды, сөздері көңілге қонымды. Тағы бір зейнеткер мұғалім: «екі сағатқа 1200 теңге аламын, бірақ балаңды менің үйіме әкелесің, шырағым» – деп талап қойды. Өзгелері сағатына 1000, 800 теңге сұрайды.
Ғаламтордағы «Ваш репетитор» деген арнайы сайтты да ашып көрдім. Онда Оралдан да бірнеше мұғалім өздері туралы толық мәліметті тіркепті. Қысқасы баланы мұғалім жалдап оқыту қажет пе деген сауалдың жауабын іздеуді оқырманның өзіне қалдырдық.
P.S.
Бірде автобуста шашын қырау шалған екі әжейдің әңгімесі еріксіз құлағым шалып қалды. «Әлгі кенже ұлымның баласын былтырдан бері мұғалім жалдап оқытып жатырмын» деді темір тісті әжей. «Жалдап» деген сөзді нығыздап, көпшілікке естірте айтты. Пошымы ауылдан келгенге ұқсайтын, зор денелі екінші әжей: «Астапыралла, қазір мұғалімдер де жалданатын болған ба?» деп басын шайқады...