Жалдамалы әскер: сан емес, сапа
Экономикалық тұрғыдан қарағанда кәсіби әскер арзанға түседі деген пікір басым. Өзге де артықшылығы жетеді. Ең бастысы, жалдамалы жауынгер өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Әлемдегі соғыс қабілеті ең жоғары саналатын АҚШ қарулы күштері еріктілерден жасақталатыны мәлім. Мұнда әскерилер тәп-тәуір жалақы алады әрі көп жеңілдікке ие.
Америкада әскерді еріктілер есебінен құру Ұлыбритания колониясы боп тұрған кезде қолданылған. Ол үшін түрлі амалдарға барды. Мәселен, 1812 жылғы қырғында (Францияға болысып, Ұлыбританияға қарсы соғысты) әскери қызметке ерікті түрде келгендерге бір реткі ақшалай сыйлық ұсынылды. Қызметін тамамдаған жауынгерге үш айлық жалақы көлемінде жәрдемақы, үлкен жер телімі берілді. Соған қарамастан, қажетті көлемде рекрут жинай алмағандықтан, АҚШ Конгресі президент Джеймс Монроны әскери қызметке 100 мың азаматты шақыруға міндеттеді. Бертініректе, Вьетнам соғысы кезінде, әскерден бас тартқандар көбейгендіктен, ерікті армияға көшу жөнінде шешім қабылданды. 1970 жылы АҚШ әскерге міндетті шақыру жүйесінен бас тартты.
Әскерде қызмет ету – әрбір түрік азаматының қасиетті борышы. Осы орайда мынадай тосын дерек еске түседі: кезінде әскерге шақырылған атақты Таркан Еуропадан қайтуға «асықпайды». Оның мәселесі Түркия парламентінде талқыланып, тіпті ел азаматтығынан айыру туралы шешім қабылдауға баратын еді. 1999 жылы 28 күндік әскери қызмет туралы заң қабылданды. Соны пайдаланған Таркан 2000 жылы туған жерге оралды. Сөйтіп, 28 күн әскерде болып, 16 мың доллар төлеп құтылған еді. Өмірінің осы кезеңі жайлы Таркан: «Қаңтар және қалың қар. Қиын болды және тамағы нашар. Менің арманым одан гөрі маңыздырақ», – деп жазған еді.
Соңғы жылдары әлемде кәсіби қарулы күштерді құру өріс алып келеді. НАТО блогына мүше елдер – 24 мемлекеттің 15-і міндетті шақыру жүйесінен мүлде немесе жартылай бас тартты. Ал әскерді дәстүрлі жасақтау үлгісін Болгария, Дания, Германия, Греция, Литва, Норвегия, Польша, Түркия және Эстония әзірге сақтап отыр.
1950 жылдан бастап Канадада бейбіт кезеңде әскери қызметке шақыру заң жүзінде тыйым салынған. Ұлыбритания 1962 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатты. Қырғиқабақ соғыс аяқталған соң, Бельгия, Франция, Португалия, Венгрия, Нидерландтар және Испания кәсіби негізге көшкен елдердің қатарын толықтырды. Германияда алдағы күзде армияға шақырылғандар тоғыз айдың орнына жарты жыл ғана қызмет ететін болды. Қазір бундесвердің (әскер) жеке құрамында 253 885 солдат пен офицер бар. Міндетті шақырылатындар үлесі өте аз – 15 пайыз (38 765 адам).
Массачусетс институтының әскери сарапшысы Синди Уильямс әр елдің жалдама әскерге өту себебі әртүрлі екенін айтады. Әйтсе де логика біреу: қырғиқабақ соғыс аяқталған соң, Еуропа мен Америкадағы жекелеген елдер мен мемлекет топтары арасында соғыс туындау қаупі жойылды. Бұл көп елдің әскери бюджетін қысқартуға, әскер санын азайтуға мүмкіндік берді. Салыстырмалы түрде саны азғантай, жақсы жабдықталған қарулы күштердің міндеті – лаңкестер мен инсургенттермен (ел ішіндегі қарулы топтар) күрес, бітімгерлік және гуманитарлық операцияларды жүргізу. Оның үстіне, кәсіби маман күрделі әскери техниканы ауыздықтай алады. Кәсіби армияда кадр тұрақты, тәртіп күшті, солдаттар мен офицерлер жоғары дайындықтан өткен (сан емес, сапаға көбірек көңіл бөлінеді). Үнемделген қаржыны әскери зерттеулер мен заманауи қару-жарақ пен технология сатып алуға жұмсайды деп есептеледі.
Жалдамалы әскерді қолдамайтындар түптің түбінде әскерге келушілер қатары азаяды деп қауіптенеді. Оған мысал ретінде Бельгияны айтуға болады. Қарулы күштер қатарын толықтыру мақсатында мұнда келесі жылдан бастап жаңа тәжірибе енгізілмек: жастар әскери қызметпен танысуға шақырылады. Тәртіпке бағынатын өмір жақпаса, өз еркімен шығып кетуіне құқығы бар. Алғашқы жарты жылда оларға күніне жеті еуро төленеді. Жұмыссыз болса, жәрдемақысы сақталады. Шұғыл әскери қызметтің жарты жылы өткен соң, әскери дәрежесіне байланысты біржылдық базалық әскери жалақы (21094 еуро) тағайындалады.
Өзімізге келсек, жуырда қорғаныс министрінің «Қазақстан Республикасындағы қорғаныс күштерін Әскери доктринаға сәйкес өзгерту туралы» бұйрығы күшіне енді. Басты мақсат – ең жоғарғы халықаралық стандартқа сай кәсіби армияны құру. Жаңа әскери доктрина шеңберінде әскерді техникалық және технологиялық жағынан жабдықтауға айрықша мән берілмек.
Лондон түбіндегі «Сэндхерст» Корольдік Әскери академиясы – әлемнің элиталық әскери мектептерінің бірі. 300 жылға жуық тарихы бар оқу орнын Уинстон Черчилль, Ұлыбританияның мұрагер ханзадалары Уильям мен Гарри, көптеген мемлекеттер мен үкімет басшылары тамамдаған. Қазақстандық Айсұлтан Назарбаев - академиядағы 152-ші лектің бітіруші кадеті. «Сэндхерст» КӘА оқытушысы, полковник Дэвид Хадсонның айтуынша, «Айсұлтан алдына мақсат қоя білетін жастардың бірі, ол оқу барысында табандылық көрсетті. Ұрыстағыдай әскери операцияларға қатысып,
«Ерлігі үшін» наградасымен марапатталды.
Әскери қызметке тартудағы ең тиімді тәсіл – алғашқы келісім жасау кезінде берілетін бір реткі ақшалай төлем. Сыйақы мөлшері келісім мерзіміне қарай (33000 – 660 000 теңге) төленеді. Қойылатын талап та жоғары болмақ. Әскерде сегіз жылдан кем емес уақыт қызмет еткендер елдегі ЖОО-да білім алуға мүмкіндік алады. Оқу ақысының 50 пайызы республикалық бюджеттен төленеді. Мамандардың айтуынша, ТМД елдері ішінде бізде ғана әскерилерге ең жоғары жалақы төленіп отыр. Орта есеппен солдат пен сержанттың келісімшарт бойынша алатын жалақысы 38 000 – 90 000 теңге аралығында.
Биылғы жылы Қорғаныс министрлігінің шығыны 165 млрд 469 млн теңге көлемінде деп белгіленді. Ол ЖІӨ-нің 0,95 пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда әскер бюджеті 26,1 млрд теңгеге ұлғайтылды.