Енді бірер аптадан соң суға түсу маусымы ашылады. Қазірден «қайда барамыз?» деп бас қатырып жүргендер көп. Талдықорғандықтар үшін Балқаш көлі мен Қапшағайдың қашықтығы бірдей. Екі жаққа да 200 шақырымдай. Ал суы шипалы шығыстағы Алакөлге дейін 360 шақырым жол жүру керек. Көлдің мұнтаздай мөлдір суы үшін бұл қашықтық ештеме емес. Себебі көлдің суына бір түскен адам оны үнемі аңсап тұрады. Алакөлдің емдік қасиеттерін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Ғарышта болып келген ұшқыштардың осы көлдің бойында жатып, денсаулығын қалпына келтіруі де сондықтан. Тіпті көл суының қасиеті туралы ертеректегі, яғни арысы Шыңғыс ханның заманы мен берісі Қабанбай батырдың тұсындағы аңыз әңгімелерден қанығасыз. Жаралы жауынгерлер көл суына түсіп шыққан соң, тез жазылады-мыс.
Бала күнімізде ұшы-қиыры жоқ боп көрінетін Алакөлдің ауданы анау айтқандай үлкен емес екен. Ұзындығы – 104 шақырым, ең жалпақ ені 52 шақырым-ақ екен. Жағалауының ұзындығы 384 шақырым болса, жалпы ауданы 2700 шаршы шақырымға жуықтайды. Ең терең жері – 54 метр, орташа тереңдігі – 21 метр.
Тарих куәсі, бабалар мұрасы болып бізге жеткен сол Алакөліміздің бүгінгі жағдайы қандай? Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметіне сенсек, өткен жылы көл жағасына, Алматы облысына қарасты бөлігіне 29 мыңға жуық адам келіп демалған. Оларға 70 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Биыл демалушылар саны 35 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде көл жағасында 80-ге жуық демалу кешен бар. Алайда күрмеуі көп мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, жолдың нашарлығы мен көл жағалауындағы инфрақұрылымның әлсіздігі туризмнің дамуына кедергі келтіруде. Аудан әкімі Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, осы мәселеге қатысты арнайы жоба әзірленіп, тиісті министрліктің қарауына жіберілген. Ал көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша бас жоспар 2006 жылы бекітілген.
Алакөл көлдер жүйесі төрт көлден тұрады. Олар: суы ащы Алакөл, тұщы сулы Сасықкөл, радонды Жалаңашкөл және аралас сулы Қошқаркөл. Мұндағы көлдер минералды заттарға бай. Тұщы судан – тұзды суға, сілті судан радон суға дейін бар. Сондықтан көлдердің емдік қасиеті зор. Бұған қоса, Архарлы ауылдық округінде «Қоссор», Ақтүбек ауылдық округіндегі «Шұбартүбек» айлағындағы емдік балшықтар ауданда туризм саласының дамуына көп мүмкіншілік береді.
Алакөл қорығы туристер үшін бес түрлі бағыт жасап қойған. Бұл бағыт бойынша демалушылар екі-үш күнде көл жағалауын түгел аралап, тау қойнауында болып қайтады. Бірақ басқа да кемшіліктер бар. Мәселен, саяхатшылардың тамақтану орындары қарастырылмаған. Медициналық көмек көрсету пункті бұл бағыттардан 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан. «Алакөлде тынығу мезгілі 1,5-2 ай ғана. Сондықтан бұл өңірде жыл он екі ай жұмыс істейтін кешендер ұстау қиын» дейді жергілікті басшылық өкілдері.
Көл жағасындағы демалыс орындары Ақши және Көктұма ауылдарында орналасқан. Аудан орталығына жақынырақ болғандықтан, Ақши ауылының әлеуеті зор.
Мұнда заманға сай демалыс кешендері бой түзеген. Ал Көктұма ауылында «жабайы туризм» көбірек дамыған. Мұндағы әр аулада ұзыннан-ұзақ барактар салынған. Яғни алматылықтардың тілімен айтқанда, «времянкалар». Бұл үйлерден екі ай, маусымның ортасынан тамыздың ортасына дейін адам үзілмейді. Екі адамдық бөлмелерді күніне 4-5 мың теңгеге жалдайсыз. Үш мезгіл тамағы ішіне кіреді. Шетелдіктерді қайдам, өзімізге жарап тұр...
Дегенмен Алакөлге жыл құрғатпай келетін алматылық Санат Қарабаевтың пікірі басқа. «Мен тері ауруымен ауырдым, псориаз деген. Содан көрмеген емім жоқ. Ақырында бір танысым «Алакөлдің суына түс» деді. Бір жылы Ақшиге келіп, үй жалдап, үш күн жатып кеттім. Батпағын жақтым. Бір сөзбен айтқанда, ауруым қайта бастады. Суы керемет. Міне биыл 6 жыл қатарынан барғалы жатырмын. Арасында 2010 жылдың жазында Ыстықкөлге барған едім. Қызмет көрсету жағы керемет. Бірақ суы жақпады. Ал Алакөлде – керісінше. Бес жыл бардым, өзгерген ештеме жоқ. Жолдың сапасы быт-шыт. Алматыдан кешке мінесің автобусқа, таңертең Ақшиден түсесің. Шілдеде барсаң, жатар орын таппай қиналасың. Алдын ала хабарласып, орын алып қоймасаң қиын. Орын дегенде ауданы 7-8 шаршы метр болатын аядай бөлме ғана. Ішінде төсек қана тұрады. Осының бәрін жетілдіретін уақыт жетті емес пе? Баратын үйіме айтам, «үстіне 2-3 мың теңге қосып берейін, телевизор, тоңазытқыш, душы бар бөлме бер» деп. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Шетелдіктер келсе, қалбалақтап жүгіре жөнеледі. Айтары – олар бізден ақшаны көбірек төлейді екен. Менің ойымша, отандық туристерге де дұрыс қарау керек», – дейді Санат.
Түйіндесек, туризмнің дамуы үшін туристер керек. Әрине, шетелден туристер келер. Бірақ негізгі бөлік өзіміздің отандастарымыз. Сондықтан алдымен өзімізге жағдай жасауымыз керек. Бәленбай мың долларды Түркияның, Малайзияның қонақүйлеріне төлегенше, өзіміздің жауһарларымызды дамытуға жұмсасақ, ұрпағымызға жасаған жақсылығымыз емес пе?!
Жағдайы жоқ, жолы жоқ Алакөлдің міні көп...
Последние статьи автора