20 мамырда батыр ананың дүниеден озғанына бес жыл болады. Ол көзінің тірісінде көп құрмет-қошемет көрмеді. Тәуелсіздіктің арқасында, Елбасының қолдауымен Халық Қаһарманы атағын алғаны болмаса, Кеңес Одағы қыран-қыздың ерен еңбегін елеуге мүдделілік танытпады. Рас, түрлі орден-медальдармен марапатталды, бірақ өз өмірінен байтақ Отанының бейбіт күнге жетуін биік қойған қайсарлығының өтеуі одан да жоғары болуы тиіс еді.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Хиуаз Доспанова – қазақтың ұлы қыздарының бірі. Ол – қазақ даласынан ұшақпен соғысқа аттанған алғашқы батыр қыз. Жастық шағын Отан үшін от пен оқтың ортасында өткізген Хиуаздың ерлігін көзі тірісінде де тиісті деңгейде бағалай алмадық, ел болып құрмет-қошемет көрсеткеніміз де аз. Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде жанқиярлықпен соғысқан, үлкен батылдық көрсеткен қазақтан басқа қай ұлтта Хиуаздай қыздар бар еді? Оның атына қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Туған жері Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз атын беру туралы бастаманы сондықтан да қолдаймын. Хиуаз, Әлия, Мәншүктердің аттарын біз аспандатпасақ, келер ұрпақ алдында айыптымыз. Өйткені біз олардың бірінің көзін көрген, бірінің ерлігіне қаныққан соңғы ұрпақтың өкіліміз. Хиуазға арнап үлкен ескерткіш салу керек деп ойлаймын. Атыраудағы әуежайдың алдында ма, басқа бір көрнекті жерде ме, батыр рухын биікке көтерердей алып ескерткіш бой көтерсе, дұрыс болар еді. Өйткені Хиуаздай батыр қыздар – ұрпаққа үлгі.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Ержүректілігі елге аңыз болған Хиуаз Доспанованың атына Атырау әуежайы берілсе деген мәселені өткен жылы Парламент қабырғасында көтерген болатынбыз. Биыл Үкіметтің заңы күшіне енді. Қажетті құжаттар жинақталған соң, бұл мәселе шешімін табады, Атырау әуежайында Хиуаз аты салтанат құрады деп ойлаймын.
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Халық өз қаһармандарын білуі, құрметтеуі тиіс. Ұлы Отан соғысында үлкен ерлік көрсеткен қазақ қыздарының бірі Хиуаз Доспанова еді. Қыран қыз атанған батыр анаға Атырау әуежайының аты берілсе деген бастаманы қолдаймыз. Оған қоса әуежайдан Атырау қаласындағы орталық көпірге дейінгі аймақты «Хиуаз даңғылы» деп атаса, нұр үстіне нұр болар еді. Облыстық ардагерлер кеңесі өткен жылы ұйымдастырылған қалалық кроста Хиуаз атындағы жүлде тағайындады, оны университетте оқитын студент қыз жеңіп алды. Биыл үздік студент қыздарға арналған Хиуаз атындағы стипендия тағайындауды жоспарлап отырмыз. Осы секілді игі істер алда да жалғаса береді, өйткені бүгінгі ұрпақ, кешегі соғыста қан кешкен батырын біліп өсуі тиіс.
Хиуаз Доспанованың атын ұлықтау шаралары туған жері – Атырау өңірінде іске асып жатқан жоқ деп ауызды құр шөппен сүрте алмаймыз. Жеңістің 65 жылдығына орай Хиуаз Доспанованың бюсті Жайық жағасынан орын алды. Атыраулық журналист Тұрсын Қалимова: «Бұл бюсттің тұрған аумағы жұрт көңілінен шықпағаны және аға буынның: «Хиуаздың бейнесі тұратын жер – әуежайдың аумағы. Сол жерде аллея болуы керек», – деп айтқан сөздері мені ойландырды. Бұл ойымды кейін ұшқыш-командир Тоты Әміровамен бөлістім. Ұрпақ санасына бейбіт өмірдің тектен-тек келмегенін сіңіруіміз үшін және әлем халқы жиі қатынайтын әуежай секілді алып ғимаратқа батыр апамыздың есімін беру арқылы қанатты қыздың есімі ескерілмей қалған жылдардың есесін қайтара алуға мүмкіндігіміз болады. Сондықтан да Атырау халықаралық әуежайына қанатты қыз Хиуаздың атын беру кезек күттірмейтін іс деп білемін». ТМД елдері бойынша тұңғыш ұшқыш қыз Тоты Әмірова өткен жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында осы ойды құптайтынын айтып еді. «Әлем елдерінде әуежайларға адамның есімін беру заңда қарастырылған. Тіпті өзге елдерде ұшақты басқаратын ұшқыштың есімі оның ұшағына жазылады. Мұның да тағылымдық тұстары мол», – дей келе Тоты Серікқажықызы Түркиядағы «Сабиха» әуежайы Сабиха Гочен атты ұшқыштың атына берілгенін мысалға келтірген болатын. Әрине, әлемге қазақ мұнайының астанасы ретінде аты тараған Атырау халықаралық әуежайына сол топырақта дүниеге келген бірегей батыр Хиуаз Доспанованың аты беріліп, әуежай жанынан аллея ашылып, бюсті қойылса, нұр үстіне нұр. Бұл бастаманы Сенат депутаттары да қолдады. Өткен жылы Үкіметтің кезекті отырысында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, Светлана Жалмағамбетова, Ғарифолла Есім қолдаған депутаттық сауал жолдады. Үкімет басшысы осы депутаттық сауалға ресми жауабында: «Қазақтың даңқты ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы ұсыныс жергілікті өкілдік және атқарушы органдарға жекелеген ел азаматтарынан да түсіп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған ұсыныс Мемлекеттік ономастика комиссиясының белгіленген тәртібіне сәйкес қаралатын болады. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы әзірленіп, ҚР Парламентінің қарауына енгізілді. Аталған заң жобасы қабылданған жағдайда, көтеріліп отырған мәселе заңнамаға сәйкес шешімін табады» деп атап көрсеткен. Атырау жұрты іске асуын асыға күтіп отырған бұл бастаманы Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Айдын Айбаров та қуаттайды. «Қанатты қызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – дейді ол. – Бұл бастама түйсінген жанға көп нәрсені ұғындырар, түйсінбегенге шара жоқ. Ескерер жайт, дүниеден өткен адамға ештеңе де қажет емес, бұл бастама өскелең ұрпақ үшін керек деп білемін. Өнеге аларлық тұлғаны жас ұрпақ біліп өсуі тиіс».
ТҮЙІН
Келер жылы Атырау қаласында аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ұсынысымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланады. Мұнайлы өңірді әлеммен байланыстыратын әуежайға қыран қыз – Хиуаздың есімі беріліп, аллея ашылса, Тәуелсіздікпен арайланған Атыраудың ажары айшықтала түсер еді. «Ел намысы – ер намысы» деп білетін қазақ үшін батырын биікке көтеріп, алыбын ардақтау – қашаннан қалыптасқан үрдіс. Хиуаз атын аспандататын да мезгіл жетті.