Халық медицинасы-медицинаның үлкен сатыда тұрған жемісі
Шәкен қажы ШЫНТАЕВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халық медицинасы жөніндегі бас маманы:
– Шәкен аға, Қазақстан әлемде бірінші болып халықтық медицинаны заңдастырды. Мұндай үлкен жетістікке алпауыт елдер де әлі жете алған жоқ. Оны қысқа мерзімде заңдастыру қалайша мүмкін болды?
– 2010 жылдың 12 маусымында Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында дәстүрлі медицина академиясын құрдық. Оны Әділет министрлігіне тіркетіп, осылайша дүниежүзі бойынша халықтық медицинаны біз бірінші болып заңдастырдық. Халықтық медицинаны тез арада заңдастыруға, біріншіден, Құртқа тәуіп атындағы проскопиялық ғылым және дәстүрлі шығыс халық медицинасының дәрігерлік қоғамдық академиясы негіз болды. Бүгінде бұл академия халықтық медицина саласында жақсы жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Екіншіден, мемлекеттің осы салаға айрықша көңіл бөлуі бізді өз мақсатымызға жеткізді. Мәселен, Елбасының жарлығымен Қазақстанда халық емшілерін қолдау туралы 1997, 2003 және 2009 жылдары үш бірдей заң қабылданды. Қазір өзіміздің тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де академияларымызды құрып жатырмыз.
– Расын айту керек, халық емшілерінің ісі халық арасында қазіргі медицина сияқты зор сенімге ие бола алмай отыр. Бұл халықтық медицинаның дамымай отырғандығы емес пе?
– Олай деуге де келмес. Мәселен, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі халықтың 70-80 пайызы халықтық медицинаға жүгінеді. Индия, Қытай, Моңғолия, Орталық Азия мемлекеттері, Ресей, басқа да елдер халықтық медицинаға қарай ауысып жатыр. Халықтық медицинада жанды да, тәнді де тазалайды. Бұл сала – ғасырлар бойы жинақталып келе жатқан ата-бабаларымыздың бай дәстүрлі мұрасы, медицинаның үлкен сатыда тұрған жемісі.
– Елімізде халық емшілерінің біліктілігін арттыруға қалай көңіл бөлініп отыр?
– Біздің халық медицина саласында жұмыс істеп келе жатқанымызға 20 жыл толды. Денсаулық министрлігі бізге халықтық медицинасы жоғары деңгейге қою үшін мектептер ашуды, білім жетілдіру курстарын, аккредитациялау орталықтарын құруды тапсырды. Біз Қазақстандағы барлық мамандарды бір орталыққа бағындырып, бір жерден сұрау салатындай етуіміз керек. Біздің орталықта сүлік салу, үзу, ине салу, сипалау, денені тазалау, шөп дәрілермен емдеу сияқты ем түрлері жүргізіледі. Рас, бұл салада маман әзірге жеткіліксіз.
– Құртқа тәуіп атындағы академия туралы айтып кеттіңіз. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Құртқа тәуіптің кім болғанын, қандай әдістермен адам емдегенін, артына қандай мұра қалдырғанын айтып кетсеңіз?
– Өз заманында қазақтан аты асып күллі түркі жұртына белгілі болған Құртқа тәуіп бабамыз 1770 жылы туылып, 1906 жылы дүниеден өткен. 136 жыл ғұмыр кешкен әулие атамыз Жетісудың Ұзынағаш қонысын мекен еткен. Тәуіптің зираты да – Ұзынағаш теміржол стансысынан 25 шақырымдай жерде. Алматы облысының белгілі зиялы да іскер азаматтарының бастауымен қазір Құртқа тәуіп қабірінің басына кесене орнатылды. Бабамызға тәуіптік қасиет өзінің әкесінен дарыған. Әкесінен шөптің қасиеттері туралы үйренген. 56 жасында Петербор медицина институтын бітірген. Бір ғажабы, атамыздың 100 жасқа келгенде 32 тісі түгел шыққан екен. Ал 112 жасқа келгенде аяғында гангрена пайда болып, оны өз бетінше емдеп, аяғына жасанды ағаш салып, қайта жүріп кеткен. Медициналық оқу орнын бітіргеннен кейін, Құртқа тәуіп халыққа көмек көрсететін медициналық жасақ дайындайды. Ол соғыс кезінде қолына ақ жалау ұстап жүрген екен. Ақ жалау ұстап алғандарға екі жақ та оқ атпайды деп келісіп алған. Сөйтіп, жүріп өз жағының да, жау жағының да сарбаздарына көмек көрсеткен. Атамыз 300-ге жуық шөптен дәрі жасай білген. Бірде Құртқа тәуіп жыр алыбы Жамбыл мініп алған аттың аяғының ақсап қалғанын көріп, оның бір-екі күнде жүре алмай қалатынын айтады. Сөйтіп, атамыз әлгі атты емдемек болып, тұяғының арасын ашып қараса, ішін ірің кеулеп кеткен екен. Бабамыз іріңді кесіп алып, орнын түрлі шөптермен емдегеннен кейін ат келесі күні-ақ сап-сау болып шауып кеткен. Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы зерттеу еңбектерінде бабамыз туралы былай деп жазады: «Ол түрлі жыландарды ұстап алып, бос үйдегі шаңыраққа іліп қояды екен, ол өзінен-өзі алдындағы ыдысқа ағып түскен қоймалжың затқа айналғанда шипалы шөп қосып, дәрі жасаған. Қойдың кәрі жілігін жұлынынан бөлек алып, қайрап, ұштап адам денесіндегі жарақаттарды емдеген. Домалатпай, қазіргі соқырішекті тауып, кесіп алып, жазып отырған. Жіңішке ауру – қылтамақты, қазіргі ракты да емдеу тәсілін тапқан. Кәдімгі тобылғыны бүрлеген уақытта кесіп алып, сақтап қояды екен. Қажет кезінде әлгіні жылқының жас қазысына тығып, отқа ұстап, ұшына әлдебір дәрі жағып, тамағынан ары-бері өткізіп алғаннан кейін әлгі науқас үш күнде жазылып кетеді екен». Айта берсек, ол кісінің халыққа жасаған емінде есеп жоқ деуге болады. Ол тек емші ғана болған жоқ, сондай-ақ абыз, ел арасына сөзі өтетін би дәрежесіне де көтерілді. Құртқа тәуіптің еңбегі көрші қырғыз еліне де көп тиді. Әрине, біз әлі атамыздың табиғи жолмен емдеу тәсілдерін толық аша алған жоқпыз. Оны зерттеп, зерделеу дәрігерлердің басты мақсатына айналуы керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет!