Халық академигінің орны ойсырап тұр...
Қызметте, лауазымда адамды адамның алмастыруы оңай, бірақ кәсіби салада тумысынан талант біткен, тәжірибесі мол, білікті шебердің орнына келесі бір дарынның табыла кетуі екіталай. Талайдың тағдырына жауапты ұлттық хирургия да осындай дағдарысты бастан кешіп отыр. Жуырда осы саланың профессорлар үйірмесі ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасының өкілдері өмірден мезгілсіз кеткен жоғары санатты хирург, аса тәжірибелі маман, емдеу ісіне жаңалық енгізе білген дарын, жұртшылық «алтын қолды дәрігер», «халық академигі» атап кеткен Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтың еңбегін жалғастыратын лайықты азаматтың табылмай отырғанын айтты.
«Хирургиядағы жаңа технологиялар» атты ғылыми-практикалық конференция нағыз ақ халатты абзал жан, үлкен жүректі тұлға, мыңдаған науқасты өлімнен құтқарған дарынды хирургты еске алуға арналды. Жиынға Нұртас Кәкімжанұлына дәріс берген, онымен бірге қызмет еткен, дос болған, одан тәлім алған, оның қолының шипасын сезінген, онымен бір-екі рет кездескеннен-ақ кішіпейілдігіне куә болған адамдар мен марқұмның туыстары келді. Ғылыми конференция хирургиялық операция жасауда тың әдіс-тәсілдерді қолдану турасында болғанымен, көпшіліктің әңгімесі осы саланың жарқын өкілі Нұртас Қазыбаевтың ойсыраған орны жайына ауыса берді. Өйткені хирургиядағы соны тәсілдердің қай-қайсысы да оның есімімен байланысты еді. Дарынымен, білім-тәжірибесімен ғана емес, Құдай берген тамаша мінез-құлқымен де отандық медицина тарихында мәңгі қалған тұлға ұлтабар жарасын емдеуде, тоқішек ісіктерін емдеуде, операциядан кейінгі қарын жарығын электрмен емдеуде, тоқішектің оң жақ жартысының қабынуын хирургиялық жолмен емдеуде және лапароскопиялық аппендэктомия кезінде аппендикс тұқылын өңдеуде тың тәсілдер енгізіп, оны кейінгілер үшін ілім ретінде қалыптастырды. Емдеу ісінің бұл ерекшеліктері туралы сөз қозғаған кезде Нұртас Қазыбаев жайлы айтпау орынсыз. «Ол – бүкіл ғұмырын хирургияға арнаған адам. Нұртас өз жұмысын бар жан-тәнімен атқаратын. Қысқа ғана ғұмырында ол өзгелердің ұзақ өміріне жететін жұмыс істеді. ҚР Президенті Іс басқармасы ауруханасының хирургиясын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Нұртас Кәкімжанұлы қызмет еткен уақытта медициналық орталықта емдеудің эндобейнехирургиялық әдістері қарыштап дамыды. Соңғы жылдары кардиохирургия, травматология мен ортопедияның дамуы да сол кісінің еңбегімен байланысты. Президенттің Іс басқармасы ауруханасының қазіргі операция жасау бөлмесі қандай тамаша! Кезінде Нұртас сондай бөлме жасақтау бағытында жұмыс істеп, соған қол жеткізуді армандаған еді. Мен онымен талай күрделі операцияны бірге жасап, пациенттердің өмірін сақтап қалуға бірдей күш салдық. Өте қиын жағдайларды бірге бастан өткердік. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте бірге әрекет еткен кезді ұмыту мүмкін емес. Шота Руставелидің «тыққан нәрсеңнің бәрі жоғалады, берген нәрселерің – сенікі» деген сөзі бар. Міне, Нұртас – өмір бойы қолынан келгенін өзгелерге сыйлаған адам. Науқасты құтқару үшін ғұмырын да аямаған жан», – деп еске алады Алматы қалалық орталық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Марат Абдоллаев. Ал ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Әмір Ахетовтің айтуынша, қазір мекемеде Нұртастың орнына лайықты маман табылмай жатыр. Елімізде қанша білікті хирург болғанымен, мыңдаған адамның алғысына бөленген «алтын қолды дәрігердің» орнын толтыру әзірше мүмкін емес. «Өкінішке қарай, мен бұл кісімен көп уақыт бірге жұмыс істемедім, бірақ оны қызмет барысында көрген сайын жаны жайсаң адам екенін түсінетінмін. Біздің ұжымға мұндай дарынды, үлкен жүректі адам жетіспейді. Біз қазір ауруханамыздың хирургия бөлімінің жанына Нұртас Қазыбаевқа арналған мемориалдық тақта орнатуды қолға алдық. Нұртас Кәкімжанұлы «Совмин» ауруханасының перзентханасында дүниеге келген еді, осы ауруханада қызмет етіп жүріп, өмірден өтті. Демек, оның бүкіл өмірі біздің ауруханамен біте қайнасып жатты», – дейді Ә.Ахетов. «Нұртас Кәкімжанұлы еліміздегі хирургияның ең ауыр саласында еңбек етті. Өзге ауруханаларда хирургтар отқа түсіп жүреді десек, бұл жерде дәрігер нағыз жанартаудың атқылауына тап болғандай. Әр хирург бір операциядан соң, бір күн өмірінен айырылады, ал Нұртас одан да көп күнін жоғалтты, оның өмірінің қысқа болып қалғаны да сондықтан болуы мүмкін», – деген ой айтты Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының травматология кафедрасының меңгерушісі Оразбай Әбдіразақов. Ғылыми-практикалық конференция кезінде профессорлар «хирургиялық емдеудің соңғы әдістерін қолданғанда денеге біткен өскінді қалдыру керек пе, қалдырмау керек пе» деп өзара пікір таластырған еді. Олардан соң сөз алған Нұртас Кәкімжанұлының інісі, белгілі медиаменеджер Батыр Қазыбаев: «Өскінді қалдыру керек пе, қалдырмау керек пе – бәрібір. Біз сіздерге, құрметті дәрігерлер, қашанда сенеміз», – деді. Оның айтуынша, Нұртасқа деген құрмет ақ халат киген барлық абзал жанға деген оң көзқараспен тең. «Әр дәрігердің күн сайынғы еңбегі энциклопедиямен пара-пар» деген Батыр Кәкімжанұлы өз ісіне адал дәрігерлер үшін даңқ залын ашуды ұсынды. Еске сала кетейік, ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары, осы аурухананың Хирургиялық қызмет орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, дарынды хирург, 50-ге жуық ғылыми еңбек жазған медицина ғылымының кандидаты, телемедицинаны дамыту жөніндегі көрнекті маман, асылдың сынығы Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев биыл тамыздың 5-інде 54 жасқа қараған шағында инфаркттан қайтыс болған еді. Ширек ғасырдан астам дәрігерлік қызметі барысында ол күрделі операцияға душар болған бірнеше мың адамның, оның ішінде зиялы қауым өкілдерінің өмірін сақтап қалып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Тұрар Көкеев, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің профессоры:
– Мен Нұртасқа ұстаз болған адаммын. Қазіргі субординаторлармен, интерндермен, резиденттермен салыстырғанда ол кездегі жас мамандар анағұрлым байсалды, салиқалы, ойлы болатын. Нұртас та жасынан сондай көрнекті дәрігер болатын. Мен достарыма «адамды ұстазына қарап таны» деп қалжыңдап қоямын. Дегенмен мен онымен мақтанатынмын. Кейін ол Мәскеуге кетті. Арада біраз уақыт өткенде маған операция жасалды. Сол кезде менің дәрігерім хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұртас болды. Ол маған бұрынғы педагог ретінде құрметпен қарағанымен, пациент ретінде дәрігерлік талаптар қоя біліп, арқамды кеңге салуыма рұқсат бермеді. Өтініштеріме, қыңқыл-сыңқылдарыма қарамай, жақсылап емделудің жолын айтып отырды. Кейін шипажайға шыққаннан кейін де күн сайын келіп, емімді бақылап тұрды. Өз ісіне шын берілген ол қандай пациент болса да, оған нағыз маман ретінде қарайтын. Мен одан кәсіби білікті дәрігерді таныдым. Қысқа ғұмыр кешкен ол хирургиядағы жарқын тұлға, жарқ еткен метеор болып қалды. Бүгін хирургтардың аға буыны атынан оны еске алу шарасын ұйымдастырған профессорлар клубына және Марат Абдоллаевқа алғысымды білдіремін.
Манас Сейсембаев, А.Н.Сызғанов атындағы хирургияның ұлттық ғылыми орталығының профессоры:
– Мен Нұртаспен ұзақ жыл дос әрі әріптес болдым. Бірнеше рет онымен шетелге бірге бардым. Оның зиялыларға тән қасиетінің жоғары болғанын ерекше айтқым келеді. Біз үлкендерді қалай айрықша құрметтей білу керектігін одан үйренетінбіз. Өкінішке қарай, қазір арамыздағы көп хирургқа мұндай қасиет берілмеген. Оның өзінен үлкендерге ғана емес, қатарластары мен кішілерге де ілтипаты ерекше болатын. Ол өмірге қажет адам еді... Нұртастың өзін арамызға қайта әкелу мүмкін болмаса да, ол туралы тағылым ешқашан ұмытылмайды, ол біздің естеліктеріміз барда мәңгі өмір сүреді деп есептеймін.
Аман Нұрмақов, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің №1 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Бүгінгі конференцияның айтулы хирург, тамаша дәрігер, өмірден мезгілсіз кеткен жақсы адамға арналып отырғаны өте қуанышты. Нұртас қайтыс болған қайғылы күні мен іссапарда болған едім. Сол себепті болар, бұл туралы естігенде орны толмас өкінішті сезіндім. Мен онымен ұзақ жыл бірге қызмет еттім дей алмаймын, бірақ оны сымбатты, мәдениеті биік адам ретінде танып, құрметтейтінмін. Кездескен сайын қолымды қатты қысып, жарқын жүзбен амандасатын. Онымен көрісудің өзі жақсы әсерге бөлейтін. Мен оның әкесін көргенмін. Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болатын. Менің ағайым Нығмет Нұрмақовтың 100 жылдығына дайындалып жатқан кезде сол кісіге екі рет жолыққанбыз. Ол кісі де тамаша адам болатын. Жоғары қызметте отырып, өзін өте қарапайым ұстайтын адамды бірінші рет көрдім! Нұртас әкесінің осы қасиетін бойына сіңіріп туған. Біз бұл талантты хирургты ешқашан ұмытпаймыз.
Сапар Әбуов, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының Хирургия кафедрасының доценті:
– Нұртас ағай Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында ұзақ жыл жұмыс істеді. Ол бізге ұстаз болды. Мен №7 ауруханада қызмет етіп жүргенде Нұртас ағамыз жап-жас ассистент еді. Маған қалжыңдап, «Сапар, сен келдің, енді эстафета – сенде» дейтін. Ол кезде лапароскопия деген жоқ, көзі әрең көретін, басында шаригі бар жабдықпен жұмыс істейміз. Бізге сол кезде ол бар білгенін үйретті. Өзі лапароскопиядан көп білетін. Біз, жастар, ол кісінің тағылымын ешқашан ұмытпаймыз. Нұртас ағамыздың көрмеген қызығын балалары көрсін.
Батыр Қазыбаев, Н.Қазыбаевтың інісі, «Алаш Медиа Групп» холдингінің президенті:
– Қазыбаевтар отбасының атынан бүгінгі шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін және сіздердің күнделікті атқаратын еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Біз Нұртасты бала кезден білсек те, оның қанша еңбек атқарғанын білмеппіз. Ол 30 жыл ішінде өз қолымен 20 мыңға жуық операция жасапты. Нұртас көбіне емнен нәтиже шықпаған науқастардың соңғы үміті болған. Сондай аяқасты операциялар жиі болғандықтан, ол үнемі отбасылық отырыстарға қатыса алмайтын. 5 мыңдай адам өз өміріне араша түскені үшін Нұртасқа риза екен. Қазіргі уақытта Нұртас туралы пациенттер айтқан әңгімелер жинақталып жатыр. Бірнеше фильм әзірленуде. Мен бұл фильмдер Нұртас туралы ғана емес, барлық ақ халатты жандар туралы болады деп білемін. Халық дәрігерлердің қаншама маңызды жұмыс атқарып отырғанын, олардың өз отбасыларына қарауға мұршасы болмайтынын ұғынуы тиіс. Меніңше, қазір дәрігерлердің даңқ залын ашатын кез жетті. Онда кәсіби ерлік жасаған шеберлердің есімі жазылуы керек. Ал мұндай қаһармандар дәрігерлер арасында көп. Нұртас «хирургтардың өмірі қысқа болады» дейтін. Мен Қазыбаевтар отбасы атынан дәрігерлерге тек қана ұзақ, бақытты ғұмыр тілеймін.