ВИЧ-ке шалдыққан балалар қоғамнан алшақтамауы тиіс
Алдымен азғана анықтама. ВИЧ, яғни АИТВ дегеніміз – адамның иммунитет тапшылығы вирусы. Демек, бұл вирусты жұқтырған адамның ағзасында қорғаныш тапшылығы сезіліп, ауруға төтеп беру қабілеті төмендейді. ВИЧ жұқтырған науқас ұдайы дәрі ішіп отырмаса, ауру асқынып, СПИД-ке ұласуы мүмкін. Ал СПИД-тің әзірге емі жоқ екені белгілі.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда ВИЧ вирусын жұқтырған 17 457, СПИД-ке шалдыққан 1 446 науқас тіркелген. Аурудың таралу аумағы бойынша, бірінші орында – Алматы қаласы. Екінші орында – Павлодар, үшінші орында Қарағанды облысы тұр. Бұл тізімде төртінші болып тұрған Оңтүстік Қазақстан облысында 2082 адам тіркелген.
Облыс орталығы Шымкентте ВИЧ жұқтырғандардың жаппай тіркелу оқиғасы 2006 жылы орын алған болатын. Сол жылы аты жаман ауру жұқтырғандардың саны 220-ға дейін артып, сол науқастардың 11-і көз жұмған еді. Екі бала өзге өңірге қоныс аударса, бір қандасымызды шетелдік азаматтар аттай қалап, асырап алған.
Облыста үлкен дүмпу тудырған бұл оқиғаның соңы облыс басшысының қызметінен босап, бірнеше ақ халаттылардың бас бостандығынан айырылуымен аяқталған болатын. Алайда бұл шаралар мен жазалардың барлығы да балалардың денсаулығына дәру бола алмайтыны анық еді. Бүлдіршіндердің болашағын қамтамасыз ету үшін сол жылы ВИЧ дертін жұқтырған балаларды емдеуге арналған «Ана мен бала» атты жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығы ашылып, ол қазірге дейін жұмыс істеп келеді. Қазір өңірдегі ВИЧ-ті жұқтырған 205 баланың 169-ы осы емдеу мекемесінде ем-дом қабылдап жатыр. Олардың көпшілігі мектеп жасында.
Балалар кішкентайында бұл сырқатпен ауыратынын білмейді, әрине. Ата-аналары да оны ашып айтпайды. Өзінің ВИЧ-пен сырқаттанатынын естірту үшін алдымен баланы психологиялық жағынан жан-жақты дайындау қажет. Және де бұл жөнінде бала жоғары сыныптарға барғанда бір-ақ айтылуы тиіс. Тіпті бұған көптеген ата-ана қарсы да болған-тұғын. 2006 жылы ауру жұқтырғандардың көпшілігі қазір жоғары сыныптарда оқиды. Олар үшін өзінің ВИЧ-пен ауыратынын есту ең ауыр сәттерінің бірі екені айтпаса да түсінікті. Олай етпесе тағы болмайды. Ал негізінде дәрігерлерге ВИЧ індетін жұқтырған науқастар жөнінде қандай да бір мәлімет таратуға заң бойынша тыйым салынған.
Негізінен, қан арқылы жұғатын бұл кеселге шалдығушылар арамызда әлі де көп пе? Кесел жұқтырудың негізгі себептері неде? Осы жөнінде мамандар не дейді?
Талғар МЕЙІРХАНОВ, Облыстық СПИД орталығының бас дәрігері:
– Соңғы мәлімет бойынша облысымызда ВИЧ жұқтырған 2082 науқас тіркеуде тұрады. Оның жартысына жуығы – есірткі затын қолданатын нашақорлар. Көбіне ине арқылы жұғып жатады. Ал жалпы науқастардың 222-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың 206-сы арнайы есепте тұрса, 176-сы үзбей ем қабылдайды. Әлгі 2082 науқастың 89-ының науқасы асқынған, яғни төртінші сатысына жеткен болса, олардың 60-ы – балалар. Былайғы жұрт оны СПИД деп те атап жатады. Бірақ олай атау дұрыс емес. Әр нәрсені өз атауымен атаған жөн.
Т.Мейірхановтың айтуынша, аты қорқынышты, заты жаман кеселді жұқтырушылар әлі де азаймай отыр. Мәселен, 2010 жылы 171 адам арнайы тіркеуге алынса, оның бесеуі – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы да 175 науқас тіркелген, төртеуі – бүлдіршіндер. Ал биылғы жылдың төрт айында тіркелген науқастардың саны 59-ға жеткен. Екеуі – балалар.
Жаннета ЖАЗЫҚБАЕВА, «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының президенті:
– Айықпас дертке шалдыққан балалардың денсаулығы, оларға деген қамқорлық үнемі біздің назарымыздан шыққан емес. Былтыр екі-үш баланың денсаулығы күрт нашарлап, олардан айырылып қаламыз ба деген қорқыныш та болған еді. Құдайға шүкір, олардың беті бері қарады. Алайда оларды шетелге жіберіп, сапалы ем қабылдамаса болмайды. Осы мақсатта жұмыс жасап жатырмыз. Балалар құқын қорғау күніне орай біз бүгін облыстық филармонияда балалар мерекесін өткізіп, ВИЧ-ке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарының көңілін көтеріп, үлкен концерттік бағдарлама өткізбекпіз. Балалар би билеп, ән салмақ. Демеушілер де қарап қалмасы анық.
Бүгін – Балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бүлдіршіндер үшін ұмытылмас мереке. Бұл күні бала біткен шаттанғанын қалаймыз. Олардың ішінде ВИЧ-пен ауыратын балалар да бар. Әрине, оларды қоғамнан шеттетуге болмайды, керісінше, қоғамға барынша сіңісті етудің жолын ашқан жөн. Көңілдерін көтерудің амалын табу керек.