Ұжымдастыру халыққа аштық қамытын кигізді
Саяси қуғын-сүргін ұғымы қазақ халқы үшін ерекше мағынаға ие. Бір жарым миллионнан астам қазақты жалмаған бұл зобалаң күні бүгінге дейін бітеу жараның аузын сыздатары анық. Сол кездегі Кеңес өкіметінің солақай саясаты халықты ашындырды, ашықтырды, еңбекшілерді материалдық игілігінен жұрдай етті. Ол кезеңде өзінің «Кіші Қазан» идеясын жүзеге асырмақ болған Голощекин қазақтың тірлік-тұрмысына үңілмей жатып, халық шаруашылығының хал-ахуалын байыптамастан-ақ елді күштеп коллективтендіруге тырысып бақты. Мұның соңы қара халыққа қасірет шектірді...
Голощекин геноциді
1925 жылы V өлкелік партия конференциясында Голошекин «қазақ ауылдарында шынайы Кеңес өкіметінің қалыптаспағанын, қазақтарда тек байлардың үстемдігі мен ру билігі бар екенін» өз баяндамасында баса айтты. Міне, осыған байланысты «қазақты коллективтендіру керек» деген Голощекиннің ұсыныстары сол кезде қолдау тапты. Өзіне билік берілгеннен кейін Голощекин ұжымдастыру саясатын бастап та кетті... Жалпы, бұл ұжымдастырудың сауатсыз, соқыр саясат екенін сол кездегі халықтың қалаулы азаматтары нақпа-нақ дәлелдеді де... Мәселен, Голощекиннің ұжымдастыру саясаты жөнінде Тұрар Рысқұлов Сталинге жазған хатында мынадай деректерді мысал еткен:
«Ұжымдастыру жылдарындағы халық шығыны: 1930 жылы аштықтан – 313 мың адам;1931 жылы аштықтан – 755 мың адам;1932 жылы аштықтан 769 мың адам өлді. Ауыл халқының 40 пайызын жоғалттық. Жиыны – 1 млн 750 мың адам. 1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы қайтқан жоқ. 1931-1933 жылдары аштықтан 6,2 млн адамның 2,1 миллионы өлді. 1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн малдан 1933 жылы тек 4,5 млн ғана қалды», – депті Тұрар Рысқұлов өз хатында...
Тағы бір дерек...
Жалпы, ұжымдастыру барысында 1928-1929 жылдары республика шаруашылығының 2 пайызы ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы сәуірде шаруашылықтардың – 56,4 пайызы, 1931 жылы қазанда 69 пайызы ұжымдастырылды. Жедел әрі жоспарсыз жүргізілген ұжымдастыру науқаны ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы төмендеуіне, мал басының жаппай етке өткізілуіне, шолақ белсенділердің кедейлерге зорлық-зомбылық көрсетуіне әкеліп соқтырды. 1928-1930 жылдары Қазақстанда, әсіресе солтүстіктегі аудандарда егін шықпай қалды, астық тапшылығы көбейді. Ал 1929-1930 жылдардың қысы да қоғамдық малды қынадай қырып салды. Астық жинау, ет дайындау жөніндегі жоспарлар өсе түспесе, азайған жоқ. Мұның бәрі шаруаның тұрмысын күйзелте берді.
Салық та қамыт болды
Бұған қоса, 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «Ірі бай шаруашылықтарын, жартылай феодалдарды конфискелеу және жер аудару» декретін қабылдады. Нәтижесінде 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал салық ретінде алынды. Десек те, мұндай салық салудан қара халық та қалтарыста қалмады. Мысалы, 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80 пайызы халықтан салық ретінде алынып, етке өткізілді. Бұл ретте бір ғана Балқаш ауданының халқына 297000 малға салық салынса, ал Балқаштың барлық малы 173 000 ғана болған. Сондай-ақ Торғайдағы 1 млн малдың 98 мыңы ғана қалған. Бұл жайында өзіндік пікір білдірген, қазірде осы мәселені зерттеп жүрген экономист-ғалым Үсен Аманбаев былай деді:
– Халыққа орынсыз салық салудың ақыры ірі байлардың, «жартылай феодалдардың» ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберуге бағыт алды. Науқанның қорытындысы бойынша, іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге айдалды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда салық ретінде 145 мыңдай мал және ауылшаруашылық саймандары тартып алынды. Салықтан алынған мал мен құрал-сайманға ие болған кедейлер ауылдағы орташалар тобы қатарына көтерілуі керек еді. Дегенмен бұл саясат өзіндік нәтиже бермеді. Керісінше, салынған салық халыққа қамыт болып, елді ауыр тұрмысқа жетеледі.
Халық жерінен айырылды
Сол жылдары ұжымдастыру ісіне көмек ретінде ауылды жерлерге 8000 жұмысшы жіберілді. 25 мыңдықшылар деп аталған ұжымдастырушы топ Мәскеу, Ленинград сияқты орталықтардан жіберілді. Ұжымдастыру барысында көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10-15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тыңдамай қашуға, көшуге мәжбүр болды. 1930-1931 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зобалаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылық республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Жалпы, Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалығы республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Мұның соңы қазақты шұрайлы жерінен айыруға дейін апарып соқты. Бұл хақында «Қазақ және Жер тағдыры» комиссиясының төрағасы Сапабек Әсіпұлы:
– Қазақстан жерінде шаруалардың ұжымдастыру саясатына қарсы ұйымдастырылған қарулы қозғалыстар өтті. Осыдан барып мемлекеттік меншік нығайып, шаруалар жерден шеттетілді. Жазалау органдарының қызметі күшейтілді. Жалпы, ұжымдастыру кезінде халық 45 миллион десятина ең құнарлы жерлерінен айырылып қалды. Бұдан соң кейіннен Кеңес өкіметі тың игеруді желеу етіп, тағы 25 миллион гектар жерімізден айырды. Ең құнарлы деген қазақ даласын Украинадан, Белоруссиядан келген тың игерушілер иемденіп қалды. Қазір жеріміздің үштен екісі, яғни 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Мұны ғылым тілінде адамның өмір сүруіне мейлінше қолайсыз аймақтар деп атайды, – деді.
P.S.
Әрине, ол кезеңдері Голощекин өзінің бүкіл сәтсіздігін қазақ коммунистеріне аударуға тырысып бақты. Ол қазақ коммунистерінің бір тобын ешбір тәрбиеге көнбейтін, ұлтшыл уклонистер қатарына да жатқызды. Ал, ақиқатында, қазақ арыстары қазақтың болашағын ойлады, ел іргесін күйретпеуге барын салды. Бүгінде біз ерен ерлердің сол нәубет жылдары қара басын емес, халық қамын ойлағанын мақтанышпен сезінуге, дәйім жадымызда түюге тиістіміз.