Уызға жарымаған балада сезім бола ма?

Уызға жарымаған балада сезім бола ма?

Ананың әлдиі мен ақ сүтінен қым­бат бұл дүниеде еш нәрсе жоқ. Мұнымен бәрі келісуі тиіс. Әлпештеген ананың ақ сүті – сәбидің ауру-сыр­қау­дан аман әрі сезімтал болуына бірден-бір сеп. Өйт­кені тәрбиенің бастау бұлағы алғаш рет осы ақ сүтпен енетіні баршаға белгілі. Ананың ақ сүті деген­де мына бірауыз аңыз әңгіме еріксіз еске орала береді:
Ертеде Жиренше шешеннің әйелі Қарашашқа ханның көзі түскен екен. Мұны іштей сезген шешен тығырықтан шығар жолды таппай қиналса керек. Осы арада Қарашаш сұлу күйеуіне ақыл қосып, қонақ болып келген ханға өзінің сүтімен иленген нанды береді. Астың дәмділігін сезген хан оның неден пісірілгенін сұрайды. Болған жайды естіген хан Жиренше шешеннен кешірім сұрап, Қарашашты ана ретінде қабылдапты.

Жасанды сүт жақсылыққа апара ма?
Иә, шыр етіп дүниеге келген әрбір нә­­рес­те саналы түрде ана­сы­ның омы­рауын іздейді. Кеудесіне қысып, мейір­­лене құшақтаған ана­ның да бала­сына деген махаббаты оянады. 62 тамыры иіп кеткен ана­ның төсінен жы­­лыстап аққан сүттің құдіреті де күшті. Өйткені соның арқасында сәби бір­­тіндеп жетіліп, өмірге қанат қаға бас­тайды. Кез­дей­соқ түрлі аурулар да ана сүтін емген балаға жолай ал­май­ды. Яғни баланың иммундық жүйе­сі мық­­тап қалып­тасады. Сон­дай-ақ тал бе­сік­тен берілетін тәрбиенің де осы ана сүтімен даритынын айта кеткен жөн.
Алайда қазіргі таңда кейбір жас келін­шектер кеуде сүтінен гөрі жасан­ды, құтыдағы сүтті дұрыс көреді. Емізікпен өсіп жетілген баланың саны жыл санап өсіп келе­ді. Көкірегімде сүт жоқ, сондықтан баламды «искуственник» еттім де­ген нәзікжандылардың бұл қылы­ғын қалай түсінеміз?
Айдана АЛТЫБАЕВА, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Баламды емізіп өсіргім-ақ келген. Алайда бұл мүмкін бол­мады. Сәбиім көкірегімді ембей қойды. Содан емізікпен тамақ­тандыра бас­тадым. Алға­шын­да кеудем ісіп, іріңдей беретін. Кейін мүлде суалып кетті. Содан бері тек ана сүтін алмастыратын емізіктегі сүтті пайдаланып келеміз. Қаражатты көп шығын­дау­ды қажет етсе де, осылай етуге мәжбүр болдық. Дегенмен қазіргі сүттердің құнарлылығы жоғары. Ана сүтінен артық бол­ма­са кем емес.

Ресми статистикаға жүгінсең, жағаң­ды ұстайсың. Соңғы бесжыл­дық­тың мәліметіне қарағанда, әлемдегі әрбір төрт сәбидің үшеуі ана сүтін ембейді екен. Бұл туралы ауру­лардың алдын алу және бақы­лау орталығының ғалымдары мәлім­деме жасады. Зерттеу жұмыс­та­рына сәйкес, 1980 жылдан бері ана сүтімен өсетін нәрес­те­нің саны бірнеше есеге азайып кеткен. Алты айға толған баланың тек 43 пайы­зы (1,8 миллион) ғана ана сүтіне жарыса, қалғаны – үш ай шама­сында немесе тіпті ана сүтінің не екенін білмей өсетіндер. Айта кететін бір жайт, емі­зу­ден қаш­қандардың көбі – орташа жасы 18-25-тің аралығындағы қыз-ке­лін­шектер. Яғни нағыз ана болатын жастағы нәзікжандылар баласын еміз­бейді. Бұл сан адамзат ұрпағы үшін жақсылықтың нышаны емес, әрине.
Себебі ұрпақ денінің сау болуы, мем­ле­­кет­тің іргесінің де мықты болуына ба­рын­­ша ықпал етпек.
Дәрігер мамандар да ана сүтін еш­қан­дай жасанды сүттің алмастыра алмай­тынын айтып дабыл қақалы қашан. Де­ген­­мен істің оңалар түрі көрінбейді. Емі­­рене иіскеп, емшегінің үрпін сәбиінің ер­­ніне тақаған ана­лар азайып барады. Оның орнына шетелдің жасанды сүттері дүкен сөрелерін сықас­тырып тұр.
Аяулым ЖАНДОСОВА, педиатр-дәрігер:
– Ананың сүті баланың ағзасына же­ңіл сіңеді әрі жақсы қорытылады. Сондай-ақ ол сәби кезде көп болатын түрлі бактериялар мен вирустық ин­фек­­цияларды болдырмайды. Ана сүтін ембеген бала жасанды сүтпен өскен балаға қарағанда, толып кетуден аулақ болады. Жалпы, баланы кем деген­де алты айға дейін ананың сүті­мен ғана өсірілгені жөн.

Жарнамаға сенген жас аналар-ай
Бірақ жас аналар жасанды сүтті қол­да­­ну­ды қоймай келеді. Бұл отбасылық қара­жат­қа да елеулі шығын келтіретіні оларды ойландырмай тұр. Мәселен, Nan ата­латын ең жақсы деген жасанды сүттің бір құтысы 1500-2000 теңге тұрады. Сон­дай-ақ «Малют­ка», тағы да басқа жа­санды сүттің құны жоғары. Орта есеппен бір айда жеті-сегіз құты қолданғанның өзінде от­басы 16 мың теңгеге шығында­нып оты­ра­ды. Қыруар қаражат болма­ға­нымен, өмірге жаңа қадам бастаған жас отбасы үшін бұл да әжеп­тәуір шығын екені сөзсіз.
Сонда аналарымыздың емізуден қа­шуы­­ның себебі неде? Әлде өз баласын емі­­зуден арлана ма? Қалай десек те, мұ­ның да астарында біз білмейтін бір сыр жат­­­қан­дай. Жас әйелдердің көпшілігі дә­рі­­­гер­лер­дің пікірінше, сұлулығын бұзып ала­­мын деп қорқады. Яғни бала туған әйел­­дер құлын мүшесі бұзылып, еміз­ген­нен кейін денеміз салдырап, солып қа­ла­ды деп есеп­тейтін көрінеді. Сұлулығын сақ­­тап қалу­ды жөн санағандықтан, емі­зік­­пен тамақтандыру сәнге айналыпты-мыс.
Жібек ӨТЕГЕНОВА, жас ана:
– Жасанды сүттің ана сүтінен еш айыр­­­масы жоқ. Мұны маған дә­рі­гер­лер айтты. Мен үшін ең бастысы – де­нем­нің сұлу болғаны. Кеудеммен еміз­сем көкі­регім салбырап, көріксіз бо­лып қалады ғой. Ал жарнамада дә­рі­гер­лер­дің өзі жасанды сүттің ана сү­тін толық­тай алмастыратынын айтып отыр емес пе? Ал осылай болса, неге мен сұлу­лы­ғымнан айырылуым керек. Сон­дықтан мен жүкті кезімдегі артық салмақты жойып, тезірек бұрынғы қал­пыма келу­ді алдыма мақсат етіп қойып отырмын.

Жарнама демекші, қазіргі жар­на­ма­лар да «жасанды сүттің ана сүтінен кемдігі жоқ екенін айтып жар салуда. Тіпті елі­міз­дегі газет-журналдар мен телеарналар да осы жайды насихаттауға шындап кі­ріс­кен­дей. Шетелдік компаниялар да ше­ке­сінен қарап, шімірікпестен саудасын жүр­гі­зіп жатыр. Бұл өз кезегінде онсыз да сы­ланып-сипанып жүрген келіншектердің са­насын уламаса нетсін?!.
Дегенмен сарапшы мамандар сұлу­лық­­ты сағынудан бұрын, сәби ден­сау­лы­ғын алғашқы орынға қою қажет дегенді ай­тады. Кейбірі тіпті сұлулықтың өзі еміз­ген­­нен болатынын айтады. Яғни бала емізген әйелдің бет-жүзі сұлуланып, түрлі тері безеулерінен аулақ болады. Тоғыз ай бойы баласын өз сүтімен өсірген ананың сал­мағы да өсіп кетпей, қалыпқа келетін кө­рінеді. Яғни күн сайын сәбиіне 200-500 калорияны шығындаған ана өзінің бұ­рынғы табиғи салмағын қайтара ала­ды. Ал баласын жасанды сүтпен қорек­тен­дірген аналар күн сайын денесіндегі май­дан арылу үшін денесін шынық­ты­руына тура келеді. Баласын емізбеген аналардың қата­рында екінші, үшінші перзенттерімен қатар, алғашқы баласын да емізбейтін ана­лар көбейіп тұр.
Бұл салыстыру, әрине, көпке жақпауы да мүмкін. Бірақ ресми деректер мен дә­рігерлердің зерттеуі мұның шындық екенін дәлелдеп берді.
Ал ең бастысы, ананың ақ сүтін қанып ем­ген баламен қатар анасына да қауіпті ау­рулар жолай алмайды. Ғалымдардың зерт­теулеріне сүйенсек, баласын емізіп өсір­ген ана рак ауруы, қант диабеті сияқ­ты аурудан сақтана алады.
Қоғам болып қолға алуымыз қажет
Жасанды сүттің құнарлылығын арт­ты­ру да аса өзекті мәселеге айналған. Осы­ған орай, Қазақ тағамтану академиясы ба­ла­лар­дың сүт тағамын дайындауға ба­са назар аударғаны рас.
Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
– Қазіргі таңда тағамтану акаде­мия­­­сы нәресте тағамының дұрыс бо­луына баса назар аударып отыр. Сон­­дықтан қордаланған мәселенің тү­­йінін тарқатуға күш салды. Ол үшін са­­лауатты тамақтанудың бағ­дар­ла­ма­сы жасалып, балалар тағамын жа­сай­тын арнайы зауыт салынды. Зауыт тәу­лігіне 15 тонна бала сүті өнімдерін шы­ғаруды қолға алған. Мұны жасаған се­бебіміз қазіргі балалар сүтінің 90 па­й­ызға жуы­ғы сырттан тасымалданып кел­ді. Оның қандай жолмен дайын­дал­ғаны бізге беймәлім. Елбасының өзі қолдау білдірген бұл жоба халқы­мыз­дың денсаулығын сақтауға игі ықпал етуі тиіс деген ойдамын.

Отандық өндіріс өнімінің шетелдікімен бә­секеге түсуі де аса өзекті мәселе. Бірақ қол­даудың және жарнаманың жоқтығы жер­гілікті сүттің еркін саудалануына ке­дергі келтіруде. Қалай десек те, аталған салада әлі де болса атқарылуы тиіс мә­селе шаш етектен.
Ананың сүтін ақтау бар бала үшін қа­сиетті ұғым.
Қанат ҚЫДЫРМИН, «Науан Хазірет» атын­дағы мешіттің бас имамы:
– Ана сүтін, ананың еңбегін баға­лау – барша мұсылман баласы үшін ең қасиетті парыз. Түн ұйқысын төрт бөліп, бесікке таянып баласын емізген ана­ның орны әр бала үшін бөлек болуы тиіс. Баланың ана махаббатын түйсініп, оны сезінуі осы ананың ақ сүтімен беріледі. Тіпті Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамба­ры­мыздың өзі «Анаң­ды сыйла, анаңды сыйла, тағы да анаң­ды сыйла» деп ананың рөлін ерекше бағалаған. Құранда да ана мен бала­ның ара­сын­дағы байланыс жайлы мәлі­меттер жетерлік.

Иә, ананың ақ махаббаты – әрбір ба­ла үшін басты қажеттілік. Сонда қазіргі бала­сын емізбеген аналардан туған бала­лар­дан қандай махаббат күтпекпіз. Ан­а­ның ақ сүті­мен жетпеген махаббат, сә­би­дің Отан­ға, туған жерге деген махаббатын оята ала ма?

Түйін
Қазақта «Уызына жарымаған» деген уытты сөз бар. Бұл ана сүтіне жарымаған деген сөз. Сондықтан ұрпағымыздың ұлы мақсаттарды бағындыруы үшін ана сүтімен әлдилеуді ұмытпасақ екен дейміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста