Үш ұлды дүниеге әкелген Атырау облысы тұрғыны бірден батыр ана атанды (фото)
Атырау облыстық перинатальдық орталығында үшем дүниеге келді. Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылының тұрғыны Ардақ Жұмағалиеваның қуанышында шек жоқ. Әлбетте, алғашында: «Үшеуін бірдей қалай бағамын?» деген сауалдар жанын толқытқаны рас. Уәли Айдарбековтің берекелі шаңырағында бұрын төрт ұлы бар еді. Енді бірден жеті ұлды болды.
– Баланы байлық санайтын қазақпыз ғой. Жолдасым Уәли Ақтау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Өзім үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысамын. Басымызда үйіміз жоқ, сол ғана көңілге кірбің түсіргені болмаса. Осыдан он жыл бұрын, яғни, 2008 жылы жерге арыз берген едім. Әлі алған жоқпын. Қазіргі тұрып жатқанымыз–ерімнің әке-шешесінің үйі, – дейді Ардақ Жұмағалиева сәл мұңая сөйлеп. Үшем өмірге ота арқылы келді. Мамырдың 22-сі күні перинатальдық орталықтың бас дәрігері, хирург Қуаныш Нысанбаев ота арқылы ана мен балалардың өмірін аман сақтап қалды.
Сонымен қатар, үшемнің анасы орталықтың анестезиологына да алғысын білдірді. Жансақтау бөлімі дәрігерлері Арман Боранбаев, Алмагүл Халидуллина, Гүлмира Әбекенова, Ильмира Кенбай өз міндеттерін адал атқарды.
– Үш ұл дүниеге келді. Ана мен балалардың денсаулықтарын қадағалап отырмыз. Салмақтары екі келі 490 грамнан бастап, екіншісі – екі келі 685 грамм, үшіншісі – үш келі тұратын шараналардың жағдайлары жақсы. Бір аптадан кейін үйлеріне шығады, – дейді емдеуші дәрігер Айгүл Сапарғалиқызы.
– Әлбетте, дәрігерлер үшін де бұл – өте толқулы жағдай. Ана өмірі мен бала өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ. Бірінші бала екі күн өкпені жасанды демалдыратын аппаратта болды. Қазір өміріне қауіп жоқ, – дейді нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Түрлен Бегеева.
Бірден жеті баланың ата-анасы атанған Ардақ Жұмағалиева мен Уәли Айдарбековтің ендігі бас қатыратын мәселесі – баспана. Көп балалы отбасыға әлеуметтік көмек те тағайындалатыны белгілі. Мүмкін, аудан, облыс басшылары дүние есігін енді ғана ашқан үшемге көмек қолын созар деген үміттеміз.