"Үш мәселені айттым!" Ринат Зайытов Сенат төрағасымен кездесті
Бұл жолы Зайытов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездескенін айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді жиі қозғайтын Ринат Зайытов тағы да жұрт назарын өзіне аударды.
Әлеуметтік желіге ауқымды жазба жариялаған "Алатау" дәстүрлі өнер театрының басшысы бұл жүздесуді бұрыннан бері жоспарлап жүргенін жеткізді.
©instagram.com/maulen_ashimbayev
"Мамырдағы күтпеген кездесулер тағы да бір лауазымды тұлғаға жолығумен жалғасты. Бұл жолғы кездесуді мен де қатты күткенмін. Себебі қазіргі сенат төрағасы ұлт пен тілге, дәстүр мен тарихқа өте жақын болуға міндетті. Өйткені ол қазақ әдебиеті мен ақпараттық құралдарының дамуына жарты ғұмырын арнаған Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұы Әшімбаев", — деп бастады Зайытов.
Ринат бұл кездесу барысында өзін толғандырған өзекті үш мәселе бойынша ой айтуға мүмкіндік алған.
©instagram.com/maulen_ashimbayev
"Бірінші — Қаңтар оқиғасына қатысқандарға (ұйымдастыру емес) амнистия жариялау. Бұл қазіргі билік пен халықтың түсінісуіне жылдам жеткізетін жол. Екінші — тіл мәселесі. Әгәрәки шынымен дәл қазір тіл мәртебесін Ата заңмен бекіту Қазақстанда да ұлтаралық қақтығысқа әкелуі мүмкін болса, онда әзірге мемлекеттік тілді дамыту агенттігін құру. Егер де мемлекеттік тілді оқыту, насихаттау, оның мәртебесін өсіру билік тарапынан қадағаланып, қолдау көрсе онда ары кетсе 3-5 жылда Қазақстан автоматты түрде жаппай қазақ тілінде сөйлейтініне әбден сенемін", — деді айтыскер ақын.
Зайытов көтерген үшінші мәселе — Алматыдағы өнер ошақтарының біріне "Ұлттық" мәртебені беру.
"Бұл менің ең үлкен армандарымның бірі. Алматы қаласының әл Фараби көшесінде жаңадан бой көтерген театрды Ұлттық Дәстүрлі өнер театры қылу. Тәуелсіздік алғалы ешқандай мардымды қолдау көрмеген ұлттық өнердің төрге шығатын уақыты келді! Бұл ойыммен келіспейтін адам табылса кез келген уақытта пікір таластыруға дайынмын. Қысқаша айтқанда осы", — деді "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры.
Сондай-ақ, Ринат Зайытов "Жаңа Қазақстанның" келешегіне мол сеніммен қарайтынын ашып айтты.
"Маған басы жаман емес сияқты. Қаңтар оқиғасынан кейін билік басына елдік пен тәуелсіздікті шынымен қалайтын азаматтар келе бастағандай. Бұйырса бесінші маусымдағы референдумнан кейін бұдан да жақсаратын шығармыз. Құдай тілегімді қабыл еткей. Жол болсын ағалар. Мойындарыңызда батпан жүк, алдарыңызда бірталай жұмыс тұр. Ертеңін бүгінінен қымбат көретін Қазақ сіздерге үміт артты. Ал оның салмағы жеңіл емес...", — деп сөзін түйіндеді Ринат Зайытов.