Ұлтымыз ұлық тұтқан ұстаздарды қорлау қашанғы жалғаспақ?!
Директордың мәжбүрлеуімен отынға барамыз деп, бір адам мерт болды, жеті адам ауруханаға жатып шықты
Шыны керек, соңғы жылдары «мектеп директорынан жәбір көрдік, қудалауға түстік, түрлі жұмыстарға жұмсайды» деген секілді шағымдардың жиілеп кеткені рас. Жақында өзіміз де осындай мысалдың куәсі болдық. Редакцияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына келген бір топ ұстаздар осылай дейді. Өздерін Бәйдібек ауданы Бәйдібек ауылындағы «Алмалы» жалпы орта мектебінің мұғалімдері Пернебек Тазабеков, Бақытжан Әріпбаев, Бауыржан Әріпбаев, Қынлы Байболов, Арман Пайысханов деп таныстырған азаматтар болған оқиғаны төмендегіше баяндап берді.
«Биыл өңірімізге қылышын сүйреткен қыс жылдағыдан ерте келді ғой. Кенеттен қар түсіп, күн күрт суытып кетті. Жыл сайын көмірді ұштандыруға қажетті отынды күн жылы, жер құрғақта қамдап алатынбыз. Биыл олай болмады. Қысқа қамдануды қар түскеннен кейін бастадық. Мектеп директоры Үміт Бейсенова бізді қарашаның 11-і күні тауға, отынға жұмсады. Бірақ ол күні көлігіміз бос қайтты. Өйткені түскен қардың салдарынан жер лай, өте тайғақ еді. Оның үстіне, қураған отынды кесуге рұқсат беретін орманшы да жоқ екен. Ертеңіне мектепке жұмыс киімімізбен барған едік. Себебі бірінші тоқсанның қорытындысын талқылайтын педагогикалық кеңес өтуі тиіс. Алайда бізді көрген директор ай-шайға қарамастан: «Кеше отын әкелмепсіңдер, бүгін қайта барасыңдар», – деді. Жердің лай, көліктің тауға баруы қауіпті екенін айтқан ескертпемізге, қарсылығымызға құлақ аспастан, 12 адамды қайтадан отынға жұмсады. Көлік жүргізушісінің мынадай тайғақ жолмен отынға барудың қиын екенін айтқан уәжі далада қалды. Содан амал жоқ, киімдерімізді ауыстырып, отынға шықтық. Бара жатқан жолда алдыңғы доңғалақтың біреуі жарылып, қос-қостан тұратын артқы доңғалақтың біреуін алдына салдық. Сөйтіп, қыр-қырдан, қия-қиядан амалдап отын жинадық. Қайтып келе жатқан жолда көліктің доңғалағы тайып кетіп, жолдан шығып, үш метрлік жарға құлдиладық.
Көлік аударылды. Орманшы мен бір адам көліктің кабинасында да, қалған онымыз отын тола көліктің үстінде едік. Бір жігіт сол жерде көз жұмды. Қалғандарымыз түрлі дене жарақаттарын алдық. Біреуінің қолы, біреуінің бұғанасы, қабырғасы сынды, біреуінің жамбасы екіге бөлінді. Бас-аяғы жеті адам ауруханаға жатып шықтық».
Осылай деп шағым айтқан ұстаздар бұл оқиғаны жазымға жатқызғысы келгенімен, директордың оларды біресе «педсоветтен» қашып кетті, біресе «кеңеске қатысты» деп хаттама толтырғанына, бар кінәні өздеріне аударумен әлек болып жүргеніне қайран екендіктерін жасырмады. «Ер мұғалімдердің барлығына жуығы, яғни 12-сі отынға кеткенде ұстаздар ұжымының 30 пайызын құрайтын біздің қатысуымызсыз педагогикалық кеңесті қалай өткізген? Бізді мәжбүрлеп қауіпті іске жұмсағаны аздай, енді сол кінәсі үшін барлығымыздан кешірім сұраудың орнына балағат сөздер айтып, қорқытуға көшті. Қолы сынған арамыздағы бір жігітке: «Бір қолың сынды ма, енді арызға қол қойсаң, екінші қолың сынады», – деп доқ көрсеткеніне күлесіз бе, жылайсыз ба? Осы әрекеттері үшін директор ханым кешірім сұрауы тиіс. Тіпті мұндай дөрекі директордың біздің ұжымды әрі қарай басқаруына қарсымыз», – дейді арызданушылар.
Бұл оқиғаның анық-қанығын анықтау ісімен аудандық ішкі істер бөлімі де айналысып жатыр екен. Оқиға орын алды ма, арызданушылардың уәжі қаншалықты шындыққа жанасады деген оймен тергеуші Ерболат Каменовке телефон шалдық.
– Оқиғаның болғаны рас, бірақ директор отынға бірінші күні жібергенмін, ал екінші күні жіберген жоқпын деп отыр. Өйткені ол күні мұғалімдердің жиналысы болуы керек екен. Отынға өздігінен кеткендер бұл жиынға да қатыспады деп отыр. Екі жақтың келісімі негізінде осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Аудандық білім бөлімінің басшысы атына директордың үстінен ұсыныс жіберілді. Ендігі шешім – солардың құзырында, – дейді тергеуші.
Мына хабарды естігеннен кейін: «Мектеп – ашу-араздықтың емес, тәрбиенің ошағы ғой, татуласқандары дұрыс болыпты», – деп қуанғанымыз рас. Алайда арыз иелеріне қайта хабарласқанымызда бұл хабардың шындыққа жанаспайтынын білдік. «Арамызда ешқандай да келісім болған жоқ, татуласты дегені – жалған ақпар. Керек болса, тергеуші жолдас кейбіреулерімізден түсінік те алған жоқ», – дейді ашынып.
Серік ӘУЕСХАНОВ, Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Негізі, жергілікті жердегі мектептерге, олардың директорларына қатысты мәселе сол аудандық, қалалық білім бөлімдерінде шешілуі тиіс. Өйткені білім бөлімінің басшысын тағайындайтын – сол аудан немесе қаланың әкімі. Менің бұл қызметке тағайындалғаныма екі аптадан енді ғана асты. Шынымды айтсам, мұндай мәліметтен бейхабармын.
Мұқадес НАҚЫПБЕКОВ, Бәйдібек аудандық білім бөлімінің бастығы:
– Бұл оқиға бойынша аудандық прокуратура, еңбек инспекциясы тарапынан тексерулер жүргізіліп жатыр. Әзірге нақты шешім болған жоқ. Кімнің кінәлі екенін осы тексерулер анықтап береді. Соңын күтіп көрелік.
Біз арызданушылар мен тиісті лауазым иелерінің пікірін бердік. «Менің де айтарым бар еді» деуші азаматтар болса, уәжін тыңдауға әзірміз.