Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өрт аймағында өткен жедел штаб отырысында министрлерді сынға алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент кешегі кадрлық ауыс-түйіс жайында да сөз қозғады.
«Өздеріңіз білесіздер, мен кеше Төтенше жағдайлар министрін ауыстыру туралы шешім қабылдадым. Жаңа министрді тағайындадым. Генерал-майор Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов жұмысқа кірісті. Төтенше жағдай саласында тәжірибесі, тиісті білімі бар», - деді ол.